Аймақтар • 06 Сәуір, 2020

Ақмола облысында тасқын су қаупі әлі сейілген жоқ

446 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысында көктемгі су тасқынының алдын-алу мақсатында облыстағы су айдындары әуеден бақылануда. Оның ішінде су тасқынының қаупі көп Нұра, Есіл, Жабай, Қалқұтан және Шағалалы өзендері басты назарда.

Ақмола облысында тасқын су қаупі әлі сейілген жоқ

Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы кең көсілген сайын дала жаңа ғана делсал болып, демігіп тұр. Қардың мұрты жаңа сынып келеді. Соның өзінде өзен-көлдердің арнасы мол суға мелтектеп тұр. Күрт ерісе, қауіп те көбеймек. Қазіргі таңда Атбасар, Целиноград, Астрахан және Аршалы аудандарында су тасқынынан қорғану жұмысына 147 адам, 62 техника және 15 сусорғыш тартылған. Жағдай күрделенетін болса, қосымша резервтегі 2410 адам және мыңнан аса техника жұмылдырылмақшы.

–Кеше ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильинмен бірге жергілікті мамандар аймақтың барлық су айдындарын әуеден бақылап шықты. Әсіресе Целиноград, Астрахан, Атбасар, Зеренді аудандарына ерекше  назар аударылды. Жалпы алғанда, өңірде жағдай тұрақты, өзендердің мұзы ери қойған жоқ. Болжамға қарағанда, соңғы күндері күн жылынады деп күтілуде. Міне, сол сәтте  Жабай, Есіл, Колутон өзендеріндегі су деңгейі көтеріледі. Өңірдегі көпірлер мен жол үстіндегі су өткізетін құбырлар тегіс тазартылды. Қазір Атбасар, Целиноград аудандарында қарды сыртқа шығару және бөгеттерді бекіту жұмыстары жүріп жатыр,–дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы Алексей Советов.

«Қамданған қапы қалмайды» дегендей, төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің күн қабағын баққаны да көңілге демеу.