ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығының ең үздік кәсіпқой боксшысы атанған 41 жастағы Кибаве өңірінің тумасы 1995 жылдан бері жұдырықтасып жүр. Ширек ғасырға жуық уақыт аралығында оның жолы небір мықтылармен қиысты. Барлығы 71 кездесу өткізген Мэнни 62 рет жеңіске жетіп, 39 қарсыласын нокаутпен ұтты. Жеті мәрте ұтылып, тағы екі бәсекеде тең есеп тіркелді.
БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Пакьяо өзінің ең қауіпті қарсыласы ретінде Мексиканың үш мықтысы – Антонио Маргарито, Хуан Мануэль Маркес, Эрик Моралес және Пурто-Риконың өкілі Мигель Коттоны атады. Ал солардың арасында ең күштісі Маргарито болғанын ол мойындады. «Антониомен 2010 жылдың 13 қарашасында күш сынастым. Маған қарағанда ол еңселі әрі физикалық тұрғыдан мықты еді. Соққысы да зілдей. Тиген жерін үгітіп жіберетіндей. Бірақ мен дұрыс тактика қолданып, одан айламды асырып кеттім» дейді Мэнни.
Жоғарыда есімдері аталған өзге боксшылар жайында айтар болсақ, Мэнни Пакьяо Хуан Мануэль Маркеспен төрт рет жұдырықтасты. Бір рет ұтылып, екі рет ұтып, тағы бір тартыста тең есеп тіркелді. Эрик Моралеспен екі мәрте қолғап түйістірді. Филиппиндік екі мәрте, мексикалық бір рет жеңіс тойын тойлады. Ал Мигель Коттодан ол айласын асырды.