Аймақтар • 07 Сәуір, 2020

Көше мәдениеті де, көлік тәртібі де төмен

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Петропавл қаласында патрульдік полицейлер 4400-ден астам құқық бұзушылық анықтаған. Бұл – 220 мыңдай ғана халқы бар қала үшін өте үлкен көрсеткіш.

Көше мәдениеті де, көлік тәртібі де төмен

Мұның ішінде қылмыс қана емес, жол ережесін бұзу, көше ережесін елемеу, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту де көп. Осының өзі қала тұрғындары арасында көше мәдениетінің төмен екендігінің белгісі. Бұл мектеп және басқа да оқу орындарында балалар мен жасөспірімдердің бойына көше мәдениетін сіңіру қажеттігін көрсетеді. Өкінішке қарай ересектер арасында да қала мәдениетінің төмендігі байқалып қалады.

Бір жылдары Нұр-Сұлтан қаласында арнаулы жер емес, көшенің кез келген жерінде темекі бұрқыратқаны үшін айыппұл салынатын. Соның арқасында көшеде темекі қалдығы мүлде азайғандығы айтылып еді. Осы тәртіпті барлық облыс орталығы да қолға алғаны жөн.

Жоғарыда Петропавл қаласындағы біз айтқан патрульдік полиция анықтаған 4400 құқық бұзушылықтың ішіндегі 49-ы – қылмыс. Олар тиісті полицияның тиісті бөліністеріне беріліп, қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, Петропавлда тәулік бойы 90-нан аса патрульдік полиция кезекшілікке тартылады. Олар 10 автопатрульдік көлікпен, 6 «Модуль» бекеті, қалғандары жаяу жасақ түрінде патрульдік қызмет атқарады. Бірақ қала тәртібін осы қызметтің бақылауына ғана беріп қоюға болмайды. Жергілікті билік тарапынан қалалықтардың мәдениетін арттыру шаралары қолға алынбаса, күніне 200 пат­руль шығарсаң да құқық бұзушылықты тоқтата алмайсың.

Патрульдік полиция батальоны ко­ман­дирінің орынбасары, полиция под­по­л­ковнигі Болат Жұмағазин ашылған қылмыстардың басым бөлігін ұрлық құрайтынын айтты. Саяжайлар мен көліктерді тонау, бұзақылық фактілері бойынша қылмыскерлерді патрульдік полицейлер «ізін суытпай» ұстайды екен. Жол қауіпсіздігі желісі бойынша құқық бұзушылықтар көп жағдайда жаяу жүргіншілер тарапынан жасалады, сондай-ақ жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін тақпауы мен жолда телефонмен сөйлесуі сияқты бұзушылықтар да жиі орын алады. Сондай-ақ қоғамдық тәртіп бұзушылықтары арасында масаң күйде жүрген, абаттандыру ережелерін бұзған және ұсақ бұзақылық жасағандарға қатысты хаттамалар жиі толтырылады.

Демалыс және мереке күндері патрульдік полицейлер учаскелік полиция инспекторларымен және полиция кешенді күштерінің басқа да жасақтарымен бірге қызметті күшейтілген режімде өткерген. Соның арқасында өткен мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтарының тыныштығы, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген.

Айта кететін жайт, облыстық Полиция департаменті штабының ақпаратына қарағанда мереке күндері (7-9 наурыз күндері) Петропавл қалалық жедел басқару орталығының
102 нөміріне 1369 хабарлама келіп түскен. Соның ішінде 34 – қылмыстық, 95 – әкімшілік құқық бұзушылық, 166 – түрлі оқиға, сондай-ақ анықтама сипатындағы 1000 қоңырау келіп түсті. Қалалық Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен қылмыстың ашылуына ықпал еткен 4 факті анықталып, 129 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы