Коронавирус • 07 Сәуір, 2020

Инфекцияның таралу қарқыны төмендеді

1109 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында елдегі коронавирустық инфекцияның ағымдағы жағдайына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Мемлекеттің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова қатысып, ағымдағы жағдай туралы ақпарат берді.

Инфекцияның таралу қарқыны төмендеді

Баяндама барысында Бас санитар карантиндік шараларды сақ­таудың маңызына тоқталып, індет жағдайы әлемде әлі де тұрақ­сыз болып отырғанын алға тартты.

«Қазақстанда коро­на­ви­рустық инфекцияны жұқтырудың 604 жағдайы тіркелген. Оның ішінде республикалық маңызы бар қалаларда: Нұр-Сұлтан – 219, Алматы қаласында – 116, Шымкент қаласында – 14 жағдай. Өңірлерде: Қарағанды облысы – 48, Қызылорда облысы – 37, Атырау облысы – 29, Түркістан облысы – 28, Жамбыл облысы – 29, Солтүстік Қазақстан облысы – 25, Ақмола облысы – 23, Ақтөбе облысы – 11, Алматы облысы – 10, Шығыс Қазақстан облысы – 6, Маңғыстау облысы – 5, Батыс Қазақстан облысы – 2, Павлодар облысы – 1, Қостанай облысы – 1. Солардың ішінде 122 науқас сырттан келген, 351-ден астам жұқтыру жағдайы адамдармен қарым-қатынас кезінде орын алған. Бүгінде 45 науқас шығарылды. Олардың 24-і Нұр-Сұлтан қаласынан, 21-і Алматы қаласынан. Қазіргі уақытта коронавирустан 6 адам қайтыс болды. Ақмола облысында 2 адам, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Қарағанды және Түркістан облыс­тарында 1 жағ­дайдан тіркелді. Жалпы алғанда барлығы 17 мың­нан астам бір-бірімен байланыста болған тұлғалар тіркелген, 10 мыңнан астам азамат үй каран­тинінде. Бүгінгі таңда жұқты­рудың 85%-ы жеңіл және симп­томсыз ағымға ие, 11,5%-ы «ауыр­лығы орташа» деп ба­ға­ланды, 16 пациенттің жағдайы «ауыр» деп бағаланды», деді ол.

Бас санитарлық дәрігер ен­гізілген бақылау-шектеу шаралары инфекцияның таралу қарқынын төмендететінін ерекше атап өтті.

«Бүгінгі таңда енгізілген шектеу шаралары инфекцияның таралуын азайтты. 27 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы індетті жұқтырудың дерегі 5 сәуірде 60 жағдайдан 0 жағдайға дейін, Алматыда күн сайынғы өсім 15-тен 6 жағдайға дейін төмендеді», деді бас санитар.

Сонымен қатар Айжан Есма­ғамбетова Қызылорда, Қара­ғанды, Түркістан, Атырау облыстарында сырқаттанудың жо­ғары өсімі тіркелгендіктен, аталған өңірлерде қосымша шектеу шараларын енгізу қажеттігін атап өтті.