Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты дер кезінде өте шапшаң шешімдер қабылдап, мәлімдеме жасады. Бірінші кезекте еліміздің екі ірі қаласы Нұр-Сұлтан мен Алматыда вирустың өршіп таралуына жол бермес үшін карантин режімін енгізді. Бұл індеттің барлық республикаға жылдам таралуының алдын алудағы аса қажетті шара болды. Алдағы мақсат – аурудың басқа елдердегідей қатты өршуіне жол бермеу. Бұған барша медицина, құқық қорғау және қауіпсіздік органдары, жергілікті билік органдары атсалысуда. Мұндай жағдайда басты ауыртпалықтың медицина қызметкерлеріне түсіп отырғаны сөзсіз. Олар барлық күштерін осы індетпен күресуге жұмсауда, коронавирусты жұқтырғандарға көмектерін аянбай беруде. Осыны түсіне отырып, жақында Мемлекет басшысы пандемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы тағайындауды бекітті. Одан бөлек медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл медицина қызметкерлеріне мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау, індетпен күресудің алдыңғы легінде жүргендерге деген зор құрмет.
Әрине елімізде басқа да маңызды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Экономика үшін осындай қиын кезде мемлекет тарапынан үлкен қаражат бөлініп, халыққа көптеген әлеуметтік қолдау белгіленді, жәрдемақылар мен сыйақылар, жеңілдіктер тағайындалды. Мұның бәрі осы кезеңді бірге еңсеріп, індеттің залалын барынша тез жоюға бағытталған мемлекет тарапынан жасалып отырған іс-шаралар. Медицина қызметкерлері, өз кезегінде, халыққа көмек көрсету үшін барынша күш жұмсауда. Еліміздің әр азаматының да жағдайға аса жауапкершілікпен қарап, індеттің таралмауына өз тарапынан атсалысқаны жөн.
Серік АҚШОЛАҚОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық Нейрохирургия орталығының президенті