Қоғам • 07 Сәуір, 2020

Сенімге серпін берген мәлімдеме

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ханда қырық кісінің ақылы бар» дейді халық даналығы. Тарих көшінің дауылы мен жауынында, селі мен сеңінде, өрті мен дертінде көнермеген осы есті сөздің бір көркем көрінісі болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәлімдемесін айтып отырмын. Өмірдің өзекті, өткір мәселелері кемел оймен кеңінен қамтылған бұл мәлімдеме бүгіні бекем халықтың жарқын келешекке деген сеніміне қуатты серпін берді.

Сенімге серпін берген мәлімдеме

Адамның ақыл-парасаты, алдағыны көріп, алысты болжайтын алғыр ойлы кемеңгерлігі сын сағаттарда сыналады. Туысы бөлек бекзат тұлғалар оқыс оқиға, қиын жағдайларда асып-саспай, асқан ақылдылықпен шұғыл әрі дұрыс шешім қабылдап, жедел әрекет жасайды. Айтып келмеген алапат апат – коронавирус әлемдік пандемиясы тым тез тарап, дүние жүзін әбігерге салып, алпауыт державалардың басшылары да абыржып қалған қысылтаяңда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің тумысы бөлек бекзат тұлғалығын танытып, біраз мемлекеттерден бұрын жедел әрі өте дұрыс ше­шім қабылдап, елімізде тө­тенше жағдай жариялады. Бұл аса қауіпті дерттің алдын алуға, оның кең тарамауына сенімді тосқауыл болары анық.

Өзім тұрып жатқан Алма­ты­ның кіреберісіне 27 блок-бекеттің қойылуы, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын орын­дардан басқа ірі сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері жұмысының тоқтатылуы, тағы басқа да шаралар халықты аса қатерлі, өте жұқ­палы дерттен сақтау үшін қа­был­данған бірден-бір дұрыс шешім.

Жаратқан иемнің мейірімі түсіп ерекше жаратылған ақыл-парасат иелері небір қиын кезде де қиындықтан қиюын тауып, қатты шиеленген түйіндерді де тарқата алады. Соның мықты бір мысалы Қазақстан Президентінің біраз мемлекеттерден бұрын қи­мылдап, ертерек елімізде тө­тен­ше жағдай жариялап, оқи­ғаның алдын алып, уақыттан озғандығынан көрініс тапты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай: «Ең бастысы шы­дам­дылық, төзімділік танытайық».

Соломон айтқандай: «Бұл да өтеді».

Аман болайық.

 

Сәбит ДОСАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты