Жарлықта «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілер арнаулы жиындарға шақырылсын. Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабымен келісу бойынша шақырылатын әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімдерін айқындай отырып, тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыруды жүргізуді ұйымдастырсын және қамтамасыз етсін» деп айқын көрсетілген.
Еліміздегі Төтенше жағдайға байланысты қолға алынған бұл шараны мен де қолдаймын. Себебі дүние жүзін дүрліктірген пандемияны ауыздықтау әлі де оңайға соқпай тұр. Бұл ретте ер- азаматтың ел алдындағы басты парызы – Отанын от пен судан қорғап, қолдан келген көмегін беру деп білемін.
Әрине арнаулы жиындарға шақырылғандар майдан шебіне жіберілмесі белгілі. Сондықтан «Отан оттан да ыстық» деп дана халқымыз айтқандай, оны кесел мен кесапаттан қорғау – кеудесінде намысы бар әр отандасымыздың басты азаматтық борышы. Батыр Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген қанатты сөзі осындай қысылтаяң шақта жігіттердің жігерін жанып, жүректегі ұранына айналуы тиіс. Себебі небір зұлмат жылдарды, аштық пен соғысты тобығынан қан кешіп жүріп еңсерген ержүрек халқымыз бұдан да зор нәубеттерді басынан өткерген еді. Оған тарих таразы.
«Ер ел үшін туады» деген бар. Осы сөзді байрақ етіп көтерер кез келді. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын десек, Мемлекет басшысы бастаған шараға жұдырықтай жұмылуымыз қажет!
Олжас АХМЕТОВ,
«Жас Сарбаз» әскери-патриоттық клубының ұстазы
Қарағанды облысы