Спорт • 08 Сәуір, 2020

Велоспорт: «Тур де Франс» кейінге шегеріледі

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Велошабандоздар арасындағы ең мәртебелі жарыс – «Тур де Франс» үстіміздегі жылы 27 маусым мен 19 шілде аралығында өтуге тиіс еді. Алайда ұйымдастырушылар оны кейінге шегеру жағын қарастыруда.

Велоспорт: «Тур де Франс» кейінге шегеріледі

117 жылдық тарихы бар айтулы додада талай жақсылар мен жайсандардың өнер көрсеткені белгілі. Осы жарыста ең көп жүлде алғандар – франциялық Жак Анкетиль (1957, 1961-64) мен Бернар Ино (1978-79, 1981-82, 1985), германиялық Эдуард Меркс (1969-1972, 1974) және испаниялық Мигель Индурайн (1991-95). Сол саңлақтардың әрқайсысы бес реттен топ жарды. Кейіннен Лэнс Армстронг (1999-2005) олардың алдын орап кетті. Алайда «Тур де Франстың» жеті дүркін жеңімпазына «допинг қолданды» деген айып тағылып, АҚШ спортшысы барлық атақ-даңқынан айырылды.

2009 жылы осы жарыста «Астананың» сапында өнер көрсеткен испаниялық велошабандоз Альберто Контадор дара шықса, 2014 жылы италиялық Винченцо Нибалиге тең келер ешкім табылмады. Айтулы команда басқа да аса биік белестерді бағындырып, барша қазақстандық жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөлегені есімізде.

Коронавирустың кесірінен «Тур де Франс» биылғы жылы белгіленген уақытында өтпейтін болды. Велоспорт саласының басы-қасында жүрген азаматтар қазіргі кезде бұл бәсекені 25 шілде мен 16 тамыз аралығында ұйымдастыру жағын қарастыруда.