Қоғам • 08 Сәуір, 2020

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» - Ақан АБДУАЛИЕВ

871 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ қай заманнан да сабырмен дос, ақылмен жолдас халық. Соның арқасында неше түрлі қиын-қыстау заманнан өтіп, шекарасын шегендеп, ел-жұртын түгендеп, осы бейбіт күнге жетті. Әлем жұртын алаңдатқан аты жаман аурудан да құтылудың бір жолы – сол бірлікте болса керек-ті.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» - Ақан АБДУАЛИЕВ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласы Ұлт Көшбасшысынан демеу күткен халыққа үлкен үміт пен болашаққа сенім сыйлаған, дер кезінде жолданған үндеу болды дер едім. Қазақстан халқына Елбасының үндеуінің маңызы зор. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы адамзат баласына бір емес, бірнеше жаһандық жоба ұсынған және оның жүзеге асуына тікелей ықпал еткен тарихи тұлға. Ашуды ақылға жеңгізіп, күмән мен күдікті үмітке ұластыра білетін бітімгер басшы төрткүл дүниені мәмілегерлігімен, бастамашылдығымен, бейбітқұмарлығымен тәнті етіп, елдің ықыласына бөленіп келеді. Бұған Елбасының халықаралық жиындардың биік мінберлерінен жасаған мәлімдемелері мен жаһан жұрты жұмылып жүзеге асырып жатқан жарқын жобалары дәлел. Бүкіл әлеммен қоса, алмағайып заманның табалдырығына тап болған қазақ еліне жасаған бүгінгі мәлімдемесі де, елге серпін, жастарға жалын берері анық.

Осындай қиын сәтте Ұлт Көшбасшысы халықтың қамын ойлап, ел ертеңі үшін алаңдаушылық танытып отыр. Адамзаттың жүрегіне жара болып жабысқан жаһандық жағдайға алаң көңілмен қарайтын, оның ішінде қазақ елінің ертеңі үшін батыл шешімге бара алатын Елбасы бүгін де әрқашан ел-жұртпен бірге екенін көрсетті. Ұлт зиялылары мен жастарға үндеу жолдап, әлемдік тығырықтан шығуы, мемлекетіміздің бұл қиындықтан өтіп кетуіне қатысты көреген шешім айтты деуге болады. Әрине, ол – ел бірлігі. Ұлттың тұтастығы да, халықтың ынтымағы қазір ең маңызды күш. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін ұмытпайық. Елбасы бастамасын қолдап, қиын кезеңде елдігімізді, бірлігімізді көрсетейік.

Біз – біргеміз! Барлық қиындықты бірге жеңеміз! Ел – аман, жұрт тыныш болсын!

 

Ақан АБДУАЛИЕВ,

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры