Аймақтар • 09 Сәуір, 2020

Тойдың соңы топырлаған сырқат

1010 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәуірдің 7-сі күні облыстың бас санитариялық дәрігерінің №7 қаулысы қабылданды. Осыған дейінгі карантиндік шаралар күшейтіліп, кейбір шектеулер талабы қатая түсті. Өйтпеске тағы болмай тұр – өңірде дерт жұқтырғандардың қатары сәт санап өсіп барады.

Тойдың соңы топырлаған сырқат

Жаңа қаулыға байланысты об­лыстық тауарлар, қыз­мет­тер­дің сапасы мен қауіп­сіз­ді­гін бақылау департаменті бас­шысының орынбасары, ай­­мақ­тың бас сани­тариялық дә­рігері Әлия Әбді­қайымова өңір­­лік коммуника­циялар қыз­метінде онлайн бри­финг өткізді. Облыста тіркел­ген науқастардың шамамен 60-70 пайызы жастар екен. Бұл негізінен дәрігерлердің ес­кер­туіне құлақ аспай, сауық кешін ұйымдастырудан болып отыр.

– Аймақта инфекцияның та­рауында топтық жағдайлар көп­теп тіркеліп жатыр. Мысалы, жақында ғана Нұр-Сұлтан қала­сынан келген студент бойжеткен оқшаулану тәртібін сақтамай құрбыларымен кездескен, сыныптастарымен сауық кешін ұйымдастырған. Осылайша індет іргесін жая түскен, – дейді Әлия Әбдіқайымқызы.

Жаңа қаулы бойынша тұрғын­дарға көшеде топтасып жүруге тыйым салынып отыр. Өлім-жітім жағдайында жиналуға да шектеу қойылды. Жасы 55-тен асқандар үй карантинін қатаң сақтауы тиіс. Ал темір жол, кен саласы ма­мандарының жұмыс тәртібі жерігілікті атқарушы орган ше­шіміне қарай реттеледі.

Осының бәрі аурудың таралу аясын шектеп, адамдарды қатерлі індеттен аман алып қалу үшін жасалып жатқан амалдар. Бірақ ескертуді елемейтіндер отбасылық басқосуларды тоқ­татпай, керісінше үдете түскен жағ­дайлар да бар. Мысалы, өңір­де бойынан ең алғаш корона­вирустық инфекция анықталған адам әулетіндегі 21 жанға қауіпті індетті жұқтырып үлгерген. Шие­­лі ауданындағы 6 науқастың да бір үйдің адамдары екендігі анықталып отыр. Таяуда осы аудан­нан тіркелген 13 дерек те осындай ойсыздықтың салдары. «Не болар дейсің?!» деген немкеттіліктен аядай ғана ауылдан 25 сырқат шықты.

Қазіргі жағдай ешкімге оңай тиіп отырған жоқ. Індет кесі­рінен ағайынның тойы түгілі топырақты өліміне ба­ра алмай пұшайман болып отыр­ған­дар көп. Өйткені, талап сон­дай. Ал ол сақталмаса эпи­де­миоло­гиялық ахуал одан сайын өр­шитіні анық. Қазір Қы­зыл­орда еліміз бойынша ауру саны жөнінен алдыңғы үш облыс­тың қатарында тұр. Бас дәрі­гер карантиндік талапқа жүр­дім-бардым қарайтын бол­сақ, жағдай бұдан да ушығып кетуі мүмкін екендігін ескертті.

Абай болайық, аман болайық!

 

ҚЫЗЫЛОРДА