Руханият • 09 Сәуір, 2020

Көңілге медет болған мақала

119 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде Төтенше жағдай жарияланғалы бері бойымызды уайым билеп алғаны белгілі. Кейде іштей абыржысақ, кейде вирус жұқтырған отандастарымыз туралы жайсыз ақпараттың көңілге күдік ұялататыны бар.

Көңілге медет болған мақала

Бәріміз вирусқа қатысты мәселені ойламауға, көңілімізді басқа арнаға бұруға тырысамыз. Бір-бірімізді қолдап, аудиохабарлама, сурет, жазбалар жібереміз. Ақпарат айдыны да түрлі контентке толы. Әйтсе де көңілге ме­дет берер, сенім ұялатар мақа­ланың орны бөлек. Осы орайда, Тұң­­ғыш Президент – Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жария­ланған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді»  атты мақаласы (8 сәуір, 2020 жыл) оқырманға ерекше серпін бергенін айта кеткен жөн.

Шынын айту керек, Елба­сының әр мақаласын ыж­дағатпен оқимын. Бәлкім, бұған журналистика саласында жүргенім де әсер ететін шығар. Оның үстіне, айналамдағы адамдарды мақаланың бөлігін, қысқаша тұ­жырымын немесе оған қатыс­ты пікірін емес, ресми жерде жарияланғанын толықтай оқуды ұсынамын. Бұл жолы да солай болды. Мақалада бізге жетіспей жатқан  көп мәселе қамтылған. Біріншіден, бірегей өмір тәжірибесі бар тұлға алдағы кезде елімізде  бәрі жақсы болатынын баяндаған. Екіншіден, бәріміз бірге болғанда ғана  індеттен құтылатынымызға сенім ұялатады.

Төтенше жағдай елімізде Волонтер жылымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда алға қойған бағытымызға байыппен қарап, маңыз бере бастадық. Әсіресе волонтерлік жұмысқа қатысы жоқ көптеген танысым ерікті түрде көмектесуге атса­лы­сып жатыр. Әлеуметтік желі­лерге жазып, телефонға хабарласып, қалай қол ұшын соза алатынын сұрайды. Бұл бізді ынталандыра түседі.

Елбасының мақаласы ерекше ынталандырды. Мақалада қандай ауыр жолдан өткенімізді, алдағы күннің жақсылықтарын шынайы түрде сезінесіз. Бұл пандемияны да еңсеретініміз анық.

Осындайда, маңыздысы – індет аяқталғаннан кейін кім боламыз, қайда барамыз? Дәл қазір бойкүйездікке салынып, үмітін жоғалтқандар ертең өкіне­тіні анық. Ал елге көмек қолын созуға талпынғандар ғана әр­дайым биік белестен көрінеді. Елбасы өз мақаласында айтқан «Адамның өзіне деген сенімі – үл­кен күш. Бұл бойымызға – қа­жыр, денемізге – қуат, жүре­гімізге сенім ұялатады», деген сөзі – көңілге медет.

Республикалық «Birgemiz» қорының қамқоршылық кеңесіне кіргенім – маған артылған үлкен сенім. Қор Тұңғыш Президент кәсіпкерлерді отандастарымызды қолдауға шақырғаннан кейін құрылды. Содан бері мол қаражат жиналып, ел аумағындағы мұқтаж жандарға көмек ретінде үлестіріледі. Осы жұмыстың басы-қасында жүріп, 100-ден астам отбасын аралап, тізім жасадық. Індетпен күресу үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Дәрігерлер, әскерилер, поли­цейлер, мемлекеттік қызмет­керлер, сондай-ақ волонтер­лердің ерен еңбегін мақтан тұта­мын. Сондықтан бір-бірімізді қол­дап, үмітімізді жоғалтпай, көңі­ліміз көтеріңкі болсын дегім келеді. Сүлеймен пайғамбар айт­қан­дай, «бәрі өтеді, мұны да еңсе­реміз».

 

Айсұлу ЕРНИЯЗОВА,

«Қазақстан волонтерлер лигасы» қоғамдық қорының төрағасы