Технология • 09 Сәуір, 2020

Індет цифрландыру мәселесіне қатысты қандай міндет жүктеді?

308 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемді пандемия үрейі билеп тұрған қазіргі қысылтаяң шақта цифрландырудың маңызы арта түсті. Көптеген саланың жұмыс қарқыны бәсеңдеп, тіпті тежеліп тұрған шетін жағдай цифрлық технологиялардың шама-шарқын, жалпы ІТ-саланың деңгейін бағамдауға ықпал етті.

Індет цифрландыру мәселесіне қатысты қандай міндет жүктеді?

Төтенше жағдай елімізде цифрландырудың қажетті деңгейде емес екенін көрсетті. Осы ойды құптаған «Астана» халықаралық қаржы орталығының цифрлық технологиялар бойынша директоры Әсел Жанасова Қазақстандағы ІТ-саланың ахуалы жөнінде айтып берді.

– Қазір кейбір салаларда қашықтан жұмыс істеу мүмкін болмай тұр. Өйткені жұмыс процесінің көбі қағазбастылыққа тәуелді. Бұл – мемлекеттік органдарда да, бизнесте де кездесіп отырған жағдай. Білім беру жүйесі онлайн оқыту кезінде интернеттің қолжетімділігіне қатысты олқылыққа қоса, тағы бірқатар қиындыққа тап болды. Айталық, біраз жұрттың әлі де компьютерлік сауаттылығы төмен екені байқалды. Мұғалімдер мен оқушылардың компьютерде қарапайым базалық дағдысы қалыптаспаған. Word, Powerpoint, Еxcel сияқты бағдарламаларды меңгермеу, электронды поштаны пайдалана алмау жұмысты тежеп жатыр. Сондықтан цифрландыруды жүзеге асыру барысында осы мәселелерді де шешіп алу керек. Өйткені жасалған цифрлық мүмкіндіктерді халықтың қолдана алатындай қабілеті болуы керек, – дейді Әсел Жанасова.

Сонымен қатар ІТ-маман электронды үкімет жүйесін барынша үйлестіру туралы сөз қозғады. Ол бұл ретте Дубайдың тәжірибесін мысал етті. БАӘ-нің ірі қаласында коронавирус пайда болғанға дейін қызмет көрсету мекемелері аптасына бір күн толық қашықтан жұмыс істеп келген. Ал қазір елімізде халық жаппай Еgov-қа ағылуынан жүйе сыр берді. Яғни, қашықтан жұмыс режиміне дайындық жоқ екені көрінді.

– Бұл індет экономикалық дағдарыс қаупін тудырып тұр. Нарықта бәсекеге қабілетті, заман көшіне ілесе алатындардың дәурені жүреді. Бүгінде біраз салада электронды төлем жүйесі жолға қойылмаған. Тіпті бұған дайын емес банктер де баршылық. Дүниежүзінде онлайн режимге көшуге байланысты ірі дүкендер банкротқа түсіп, жабылуы мүмкін. Кеңселерді қамтамасыз етіп, ұстап тұру оңайға соқпайды. Бізде интернет-дүкендердің дамымағанын, тапсырыстарды онлайн қабылдап, жеткізіп беру жағы ақсап тұрғанын көріп отырмыз. Сондықтан шағын және бизнес өкілдері осы жағдайға тез бейімделіп, тығырықтан шығатын тың бастамаларға тәуекел еткені жөн, – дейді сарапшы.

Адамдардың үйлерінде оқшаулануы кезінде Cloud технологияларға көшуді жеделдетудің маңызы артты. Себебі қазіргі жағдайда ZOOM, Skype сияқты бағдарламаларға шамадан тыс салмақ түсіп, виртуальды жұмыс жүргізу қиын болып тұр. Осындай тәуелділіктен құтылудың бір жолы – өзіміздің арнайы қосымшаларды әзірлеу. Жалпы тыныс-тіршілікті тарылтқан коронавирус індеті жедел түрде қолға алу керек жаңа міндеттер жүктеді.