Саясат • 10 Сәуір, 2020

Ел-жұрттың амандығы – назарда

172 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бар адамзат қазір әлемде қысылтаяң кезеңді бастан өткеруде. COVID-19 вирусының аяқастынан таралып, бар әлемді шарпып кетуі қай тұрғыдан да оңай тиіп жатқан жоқ. Осындай қиын сәтте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақала жариялап, Қазақстан халқын демеп, оны береке-бірлік пен сабырға шақырды.

Ел-жұрттың амандығы – назарда

Көңілге медеу болатыны Елбасы еліміздегі экономикалық жағдайдың тұрақты екенін, азаматтарымыздың алаңдауына негіз жоқ екенін, өткен жылдардағы оң саяси шешімдердің арқасында, қазіргі сынаққа толы кезеңді басқа елдермен салыстырғанда оңай еңсеріп жатқанымызды да еске салды.

Елбасы қазіргі жағдайды өткен 90-жылдардағы ауыр дағдарыс кезеңдерімен салыстыруға келмейтінін алға тартады. Расымен солай, ол жылдары ақша түгілі дүкен сөрелерінде азық-түлік таппайтын, үй жылытуға қажетті отын жоқ болып, көп адам жұмыстан қысқарып, алдағы күнге деген сенімнің морт сынған кездері болғаны белгілі. Барлық аға буын өкілі оны жақсы біледі. Қазір мемлекеттік бағдарламалар мен тікелей Елбасының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімдерінің нәтижесінде тарыққан азаматтарымызға әлеуметтік көмек тағайындалды, дәрі-дәрмектер бар, керек азық-түлікті сатып ала алады. Сондай-ақ «Ел іші – алтын бесік» демекші, халқымыздың бойына біткен ізгі қасиеттері қиын сәтте де тәрк еткен емес. Еліміздегі меценаттар, кәсіпкерлер және жағдайы жеткен азаматтарымыздың басым көбі қиналған отбасыларға ас-ауқатпен болсын, қаржылай болсын көмек беруде. Оны бәріміз БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы көріп жүрміз. Елбасымыз осы орайда бұл індетті «халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыр-житын еш негіз жоқ», деп мақаласында атап өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы көршілес Қытай елі темірдей тәртіп пен береке-бірліктің арқасында індетті ауыздықтай алғанын алға тартып, бұқараны бірлікке, сабырға және ел арасына іріткі салатындардың сөзіне ермей, ең бастысы мемлекетіміздің мұратын көздеуді, бір-бірімізге демеу болуға үндейді. Әр қиын кезеңде халықтың береке-бірлігі сыналады, бірақ «төртеуі түгел» болған ұлттың несібесі артпаса, кемімейді ғой.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бастап Елбасының тікелей басшылығы және бастамасымен шекараны шегендеп, алыс-жақын мемлекеттермен мәмілеге құрылған әріптестік пен достық орнатты. Тұңғыш Президент сыртқы саясаттағы имидж бен достас қатынастың қашанда маңызды екенін алға тартып отырды. Елордасы Нұр-Сұлтанда жаһандық ауқымдағы талай іс-шаралар өтіп, Қазақстанның мәмілеге бейілді екенін көрсетті. Елбасы бұл туралы өз сөзінде «Өмірдің өзі, дәл бүгінгі қалыптасқан жағдай біз ұстанған бірігу мен бірлесуге негізделген саясаттың бірден-бір дұрыс жол екеніне көзімізді жеткізіп отыр», – дейді. Шынымен бұл індеттің таралуы әлем халықтарын одан сайын жақындастырып, бір-біріне қолғабыс етуге тиісті екендерін көрсетті.

Нұрсұлтан Әбішұлы мақаласында Ата Заңға сәйкес мемлекеттің ең басты құндылығы адам екенін айта отырып, «әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі», – дейді. Осы орайда еліміздегі аға буын өкіліне «Ырыс алды – ынтымақ» екенін еске салып, халықты ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеу қажеттіктерін айтты. Ал қазіргі жас буын мен өскелең ұрпаққа «Үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор» болу арқылы еліміздің егемендігінің іргесі одан сайын бекіп, ынтымағы артуы үшін жас ұрпақтың да білек сыбана кірісіп, ел ертеңі үшін қызмет етер сәттері туғанын алға тартады.

Ақиқатында, қазақ елі бұдан да ауыр сынақтардан өтіп, шыңдалды. Оның бәрі өткен тарихтың еншісінде қалса да, халқымыздың бойындағы ең ізгі, асыл қасиеттері мен батылдығы онымен бірге жасасып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз тәуелсіздік жылдары сан алуан қиындық пен дағдарысты бастан өткердік. Соның бәрінде мен анық жағдайды, түйткілді проблемаларды ашық түрде алдарыңызға жайып салып отырдым. Сіздер маған үнемі сенім арттыңыздар, мен туған халқымның сол сенімінен ұдайы күш-қуат алдым. Сол үшін сіздерге тағы мың да бір алғысымды білдіремін. Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды», деп нығарлады.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл – дегендей, – біз қашанда біргеміз, әр сынақтың соңы болады. Ел-жұрттың амандығы мен мемлекетіміздің келе­шегінің кемелдігі қашанда назарда!

 

Әмірхан Рахымжанов,

«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы» ММ директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор