Балтық жағалауында өтетін байрақты бәсекеге 24 елдің ұлттық құрамалары қатысуға тиіс. Тарқатып айтсақ, Еуропадан – 7, Азиядан – 5, Оңтүстік Америкадан – 4, Солтүстік Америкадан – 4, Африкадан – 3 және Мұхит жағалауынан – 1 команда. Бұл жарысқа Латвия жан-жақты даярланып, ұйымдастыру мәселелері толықтай шешіліп те қойған еді. Бірақ коронавируске байланысты барлық жоспардың күл-талқаны шықты. Қазіргі кезде ФИФА әлемдік доп додасын сәл кейінірек өткізу жағын қарастыруда. Ал нақты қай уақытта екені бірер күннен кейін белгілі болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның футзалшылары осыған дейін әлем чемпионатына екі мәрте қатысты. Азия футбол конфедерациясында жүрген кезде жерлестеріміз 2000 жылы Гватемаладағы турнирдің топтық бәсекесінде сүрінді. УЕФА-ға өткеннен соң көрсеткішіміз біршама жақсарды. 2016 жылы Колумбияда жалауы желбіреген жарыста өз тобымызда екінші орын алып, плей-оффқа жолдама алдық. Алайда 1/8 финалда даңқты Испания құрамасына есе жібердік.