Аймақтар • 12 Сәуір, 2020

Шахан құрастырған залалсыздандыру тоннелі арзан әрі сапалы

963 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шахан Шахмаран мүмкіндігі шектеулілер мүмкіндгі шектеулі емес шексіз екенін ілкімді ісімен дәлелдеп беріп жүрген ерік-жігері мол жігіт. Ол Ақтөбедегі «Пандус-ОК» ЖШС-ның басшысы ретінде бұрынғы және бүгінгі ғимараттардың кіреберісіне пандустар жасап орнату ісіне жетекшілік жасап келеді.

Шахан құрастырған залалсыздандыру тоннелі арзан әрі сапалы

Пандемия салдарынан ел-жұрт ауыр жағдайға тап болған кезде жаңашыл жан аяқ-қолы сау адамдармен бірге мүгедектерге арналған арбамен жүріп өтуге де өте ыңғайлы залалсыздандыру тоннелін жасап шығарды. Шапағаты мен сауабы мол айырықша жобаны Шахан «Тайник-КЗ» компаниясымен бірлесіп іске асырды. Бұл залалсыздандыру дәлізі «СНПЗ-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ғимаратының алдына орналастырылды.

Зерделі жетекші бұл идеяны Марат Игалиев деген азамат әлеуметтік желідегі парақшаға бұдан екі апта бұрын жариялаған посттан алыпты. Мұнда Түркияда залалсыздандыру тоннелі жасалып жатқаны айтылған екен. Сыни сәт талабынан туындаған жаңалық оған да ой салады. Сөйтіп осындай тоннельді өзіміз неге жасап шығармасқа деген шешімге келеді. Әрі бұл ой-жоспарын көп кешікпей жоғарыда аталған компания өкілдерімен бірге жүзеге асырады.

Мұнда тұтынушылардың ұсыныс-тілектері толықтай ескеріген. Шахан жасаған жобаның осы тектес өзге тоннельдерге қарағанда сапалы әрі бағасы төмен екендігі де оның артықшылығы мен ерекшелігін танытады. Яғни, аталған залалсыздандыру дәліздің бағасы небәрі 450 мың тенге төңірегінде. Қазір оған облыс орталығындағы ірі супермаркеттерден және көршілес облыстардан көптеген сұраныстар түсуде.

Жарайсың, Шахан!