Әлем • 13 Сәуір, 2020

АҚШ – «Талибан» келісімі: сұрақ көп, жауап жоқ

416 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл АҚШ халықаралық саяси аренада бірқатар маңызды қадам жасады. Соның бірі – «Талибан» ұйы­мымен келісім. Атал­ған құжатқа сәйкес, амери­калық сарбаздар Ауғанстан аумағынан шығарылуы тиіс, ал «Талибан» қозғалысы ай­мақтың тұрақтылығы мен бейбітшілігін қорғауды мойнына алмақ. Бұл қадам ұзаққа созылған соғыстың нүктесін қойғандай көрін­генімен, келісімнің шикі тұсы көп.

АҚШ – «Талибан» келісімі: сұрақ көп, жауап жоқ

Естеріңізге салсақ, 2001 жы­лы 11 қыркүйекте Нью-Йорк­тегі «Егіздер» ғимаратына тер­ро­ристік шабуыл жасалды. Сол кездегі Ақ үй басшысы Джордж Буш мұны «Әл-Каида» ұйы­мының әрекеті деп айыптап, оларға қарсы күресетінін мәлім­деген-ді. Осылайша, АҚШ әскері Ауғанстан жеріне кіріп, терро­ристерді түп-тамырымен жоюға кіріскен. Содан бері 20 жылға жуық уақыт өтсе де америкалық сарбаздар содырларды мүлдем жойып жібере алған жоқ.

Ауғанстанда әскер ұстау қа­зы­насын жұқартып, көптеген сар­баздың өмірін жалмаса да, Құрама штаттар үшін сәтті болды деп айтуға толық негіз бар. Біріншіден, АҚШ аймақта басымдық иеленген «Әл-Каида» террористік ұйымының көзін жойды. Содырлардың қайтадан бірлесуіне мүмкіндік берген жоқ. 2011 жылы басты жауы Усама бен Ладенді өлтірді. Ирактағы соғыс кезінде, ДАИШ террористік ұйы­мымен күресте Ақ үй Ауған­стан­дағы қарулы күштерін жұмыл­дырды. Осылайша, осы елдегі АҚШ-тың әскери базасы 20 жылға жуық уақыт бойы аймақ­тағы негізгі тірек ретінде қызмет етті.

Енді, биылғы ақпандағы «АҚШ – «Талибан» келісіміне» сәй­кес, америкалық сарбаздардың ауған жеріндегі миссиясы аяқтал­мақ. Бұдан былай, АҚШ-ты террористерден мұхит асып келген сарбаздар емес, тікелей «Талибан» ұйымы қорғамақ. Бұл қадам экономикалық тұрғыдан АҚШ үшін тиімді. Өйткені, ауған жерінде әскери база ұстау арзан емес. Бұдан бөлек, түрлі жағдайда қаза табатын сарбаздарды, Ауғанстандағы соғысты сы­найтын америкалықтарды қосы­ң­ыз. Осының бәрі Ақ үй қожа­йы­нының мойнына артылған  ауыр жүк болмақ.

Ендігі жерде АҚШ аталған жа­уап­кершіліктің бәрінен құ­ты­ла­ды. Әйтсе де, мұндай қадам осыған дейін атқарылған жұ­мысты бәске тігумен тең. АҚШ өзіне алған міндетін орындауға қаншалықты ықылас танытса, «Талибан» ұйымы соншалықты өз міндетін орындауға ынта білдірмеуі әбден мүмкін.

АҚШ – «Талибан» келісімі әу бастан-ақ түрлі қиындыққа тап келді. Біріншіден, Ақ үй әкім­шілігі 10 наурызда «Талибанды», Ауғанстан билігін және басқа да мүдделі топтарды бір үстел басына жинап, келіссөздер өткізуі тиіс еді. Бірақ Трамп әкімшілігі­нің бұл әрекеті сәтсіз аяқталды. «Талибан» мен Ауғанстан үкіметі тұтқындарды босату жөнінде ортақ мәмілеге келе алмай, нәти­жесіз аяқталды. Есесіне, Ауған­станда түрлі қақтығыстар саны арта түсті.

Екіншіден, Ауғанстандағы ішкі тұрақсыздық та келіссөзге кедергі келтіреді. Былтыр қыр­күйекте осы елде президенттік сайлау өткен болатын. Ауғанстан­ның президенті Ашраф Гани дауыс беруде озып шыққанын мәлімдесе, оның басты қарсыласы Абдуллаһ Абдуллаһ та жеңіске жеткеніне сенімді. Өткен айда екі саясаткер де инаугурация өт­кізіп, өздерін президент деп жариялап, дербес әкімшілік құрды. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео жыл басында Ауғанстанға сапармен барып, мәселені реттеуге талпынған. Алайда Помпеоның әрекетінен түк шыққан жоқ.

Үшіншіден, елден АҚШ әске­рінің шығарылуы өңірдегі кіші­гірім қарулы топтардың бел­сенді әрекет етуіне әкелуі ықти­мал. Келісімге сәйкес, ал­дағы 14 айда америкалық сарбаз­дар Ауғанстаннан біржола кет­еді. Қазірдің өзінде әскерлер шыға­рылып жатыр.

Өз кезегінде «Талибан» ұйы­мы кез келген террористік топтың Ауғанстанда бас көтеруіне тос­қауыл жасауы тиіс. Бірақ «Өзі жоқтың көзі жоқ» демекші, «Талибан» америкалықтар жоқта қалай әрекет етпек? Кімді террорист деп санайды? АҚШ пен оның жақтастарына қауіп төндіретін топтарды қалай анықтайды? АҚШ пен «Талибанның» түсінігіндегі «террористік топ пен террорист» ұғымдары сай келе ме? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Мәселен, «Әл-Каида» тобына «Талибан» қозғалысы жетекшілік ететіні талай мәрте айтылды. Ұйым басшылығы мұны жоққа шығарған. Кейіннен, тіпті, тали­бандардың өкілі 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террористік шабуылға «Әл-Каида» жауапты емес деген әңгіме айтып қалды.

Сонымен қатар БҰҰ тарапы да Ауғанстандағы бірқатар топты экстремистік және террористік деп таныған. «Талибан» қозғалы­сы олардың біразымен әлі күнге дейін әріптес. Ендігі жерде ұйым аталған топтармен байланысын үзе ме, әлде жалғастыра бере ме?

Биылғы қаңтарда БҰҰ-ның арнайы миссиясы «Әл-Каида» мен талибандардың өзара байланысы әлі күнге дейін үзілмегенін хабарлады. Мұны, әрине, «Талибан» өкілдері жоққа шығарды. Бірақ алда-жалда аталған күдік расталса, АҚШ-тың басты жауына қам­қорлық жасайтын ұйым амери­калықтарды қалайша қор­ғайтыны түсініксіз. Оның үстіне, Ақ үй тарапы «Талибан» ұйы­мы сөзінің растығын қалай анықтайтыны да белгісіз.

Сондай-ақ АҚШ әскерінің шы­­ға­рылуына байланысты Ауған­­стандағы америкалық барлау қызметінің мүмкіндігі де шек­теледі. Яғни, «Талибанның» әреке­тін бақылап отыру да қиын­дай түспек.

Алда-жалда Вашингтон билігі «Талибан» мүшелерінің бірі келісімді бұзып, террористік топтарға көмектескенін анықтаса, оны ұйым басшылығына жеткізе ме? «Талибан» көсемдеріне қорытындысын хабарлау барлау қызметінде жүргендердің өміріне қауіп төндіруі ықтимал. Оның үстіне, әскері мұхиттың арғы жағында жатқан АҚШ-тың айбарынан ығып, «Талибан» ондай кемшілікті түзеуге асығады дегенге сену қиын. Осының бәрін ескере келе, «Талибан» қозғалысы келісімде жүктелген міндетін адал атқара қоюы неғайбыл.

АҚШ әскерінің Ауғанстаннан шығарылуы тағы бір мәселе туын­датуы ықтимал. Әрекетін бақы­лайтын «үлкен ағаның» жоқ­тығын пайдаланып, «Талибан» да емін-еркін іс-қимылдарға баруы мүмкін. Яғни, ара-тұра келісімді бұзғанда тұрған ештеңе жоқ деп ойламасына ешкім кепілдік бере ал­майды. Аздаған келеңсіздікке бола америкалық сарбаздардың қай­та келмейтіні түсінікті. Бірақ «Тали­бан» шектен шығып жатса, АҚШ әскері Ауғанстанға қайта кіруінің ықтималдылығы  тағы жоғары.

Ауғанстаннан әскерін шығарса да, АҚШ өңірді назарынан тыс қалдырмайтыны түсінікті. Бірақ аймақты әрдайым бақылап отыру қиынға түспек. Біріншіден, Ауғанстан – теңізге шығар жолы жоқ, мұхиттан алыс жатқан мемлекет. Яғни, Пентагонның әскери кемелері дрон жіберіп не әуеден шабуыл жасай алмайды. Ал көршілес жатқан мемлекеттер АҚШ әскеріне әскери база ұсынуға ықылассыз.

Мұндай жағдайдан шығатын бір ғана мүмкіндік бар. АҚШ-тың Орта­лық Азиядағы әскери базасын нығайтып, олардың санын арттыру. Бұл қадам қаржылай тұрғыдан да, геосаяси жағынан да қиын болғандықтан, Ақ үй­дің мұндай шешім қабылдауы екі­талай. Тіпті, Орталық Азияда әске­ри база құрғанның өзінде Қытай мен Ресейдің бұған жылы қабақ танытпайтыны айтпаса да түсінікті.

Қысқасы, «АҚШ – «Талибан» келісімі» қай тұрғыдан алғанда да дилеммаға толы болып тұр. Ақ үй үшін «былай тартса өгіз өліп, былай тартса арба сынбақ». Дегенмен, АҚШ-тың бекерге ештеңе жасамайтынын ескерсек, Дональд Трамптың бір саусағы бүгулі екені анық.