Жоғарыдағы Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған жобаларды іске асыру мақсатында, 2018 жылы ел көлемінде екі мыңнан астам шара ұйымдастырылып, оған 85 миллиард теңге бөлінсе, оның 69 миллиарды демеушілер тарапынан қаржыландырылған екен. Осылардың ішінде «Туған жер» бағдарламасы аясында 735 мәдени ескерткіш қалпына келтіріліп, 86 монография жарияланып, 134 археологиялық және этнографиялық экспедиция ұйымдастырылыпты. Оның сыртында 500-ден астам жоба іске асып, 2800-ге тарта мәдени шара ұйымдастырылыпты. Ал «Атамекен» бағдарламасы бойынша 2018 жылы демеушілер арқылы 53 миллиард теңгеге 424 нысан салынып, 377 нысан күрделі жөндеуден өткен. Осылардың ішінде 36 мәдениет нысаны жаңадан салынып, 51-іне күрделі жөндеу жүргізіліпті.
Сол сияқты Елбасының рухани жаңғыру концепциясында көтерілген мәселенің бірі – «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске қосу еді.
Осы тапсырма негізінде, Мәденит және спорт министрлігінің бастамасымен елордамыздағы Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, ғылыми-сараптамалық кеңес ашылған болатын. Осы кеңес ел көлеміндегі 1000-ға жуық қасиетті нысандарды тізімге алып, осылардың ішінен 100 нысанды жалпыұлттық деңгейлі, 500 нысанды жергілікті маңызы бар қасиетті нысан қатарына енгізді.
Жоғарыдағы қасиетті нысандарды анықтау барысында қандай өлшемдер басшылыққа алынды дегенге келсек, біріншісіне – ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштер жатқызылды. Бұларға – Әулие тау, Жылаған ата бұлағы, Ақмешіт үңгірі, Хантәңірі тауы, Шарын шатқалы қатарлы оншақты нысан кірді.
Екінші топқа – еліміздегі археологиялық ескерткіштер мен орта ғасырлық қала нысандары енді. Бұл қатарда Берел, Шілікті қорымдары, Ботай қонысы, Беғазы археологиялық кешені, Жанкент, Сығанақ, Ақыртас, Қойлық, Сарайшық т.б. көне қалашықтар бар отызға жуық нысан қамтылды.
Үшінші топқа – еліміздегі діни ғибадат орындары алынды. Бұған Домбауыл ғұрыптық кешені, Үкаша ата кесенесі, Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени кешені, Жошы хан, Абат-Байтақ, Тектұрмас, Арыстан баб сияқты отыздан астам нысан жіктелді.
Төртінші топқа – тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар енді. Атап айтқанда, Қобыланды батыр мемориалдық кешені, Абылай хан резиденциясы, Ахмет Байтұрсыновтың мемориалды үйі, сонымен қатар жоңғар шапқыншылығы кезінде азаттық үшін күрескен жиырмадан астам батырдың кесенесі бір параграфпен жиынтық образ ретінде берілді.
Бесінші топ – саяси-тарихи оқиғаларға қатысты орындар есебінде қарастырылып, бұған Таңбалы тас ескерткіші, Бөкей ордасы тарихи кешені, Бірлік монументі (ОҚО, Ордабасы ауданындағы), елордадағы Бәйтерек және Қазақ Елі монументтері қатарлы оншақты нысан енгізілді.
Нәтижесінде, «Қазақстанның қасиетті жерлер географиясы» атты виртуалды – интерактивтік карта жасалып, 2017-2021 жылдарды қамтитын бағдарлама қабылданды.
Аталған жобаның тағы бір тиімді тұсы – ішкі рухани-туризмді дамытуға зор үлес қосты. Яғни, бұл туризмнің ерекшелігі – адамдар табиғатты тамашалап, ел-жер көріп, көңіл көтеру емес, тәлімдік-тәрбиелік мәні бар, әрі туған жер тарихымен танысуына бағытталуымен құнды болды. Сонымен қатар орта мектеп оқушыларына арналған оқулықтар, фильмдер, роликтер, туризм және интерактивтік құралдар жасалды.
Өткен 2019 жылы бұл жұмыс ел аумағынан асып ТМД көлемінде жүргізіле бастады. Атап айтқанда, зерттеу нысанына Ресей, Өзбектан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан сияқты көршілес республикалар қамтылды. Әуелгі кезекте арнайы құрылған ғылыми-сараптамалық экспедиция мүшелері Өзбекстан жерінде жатқан ұлы тұлғаларымыз Әйтеке би, Төле би, Жалаңтөс батыр, сондай-ақ Бесқала маңында мәңгілік тұрақ тапқан Сырым батыр Датұлы қатарлы аталарымыздың басына барып, мазардың қазіргі жайымен танысып келеді.
Келесі кезекте Ресейдегі Түмен облысының жерінде жатқан Кенесарының үзеңгілес серігі Баубек батырдың зираты, Астрахань облысындағы Құрманғазы бабамыздың және Орынбор іргесіндегі Кіші Орда ханы Әбілқайырдың әйелі Бопай ханымның мазары нысандар назарға алынса, өткен жылы әлеуметтік желілерге ыңғайластырылып, еліміздегі киелі нысандарды дәріптеуге арналған 30-ға жуық бейнеролик жасалды.
Сонымен қатар киелі орындардың сұлба-бейнесін 3D сканерлеу арқылы цифрландыру ісі қолға алынды. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, бұлай жасау арқылы нысанның қазіргі бейнесін сақтап қала аламыз. Алда-жалда оның бір жері бүлінсе, цифрланған нұсқасына қарап қайтадан қалпына келтіруге мүмкіндік бар деген сөз.
Былтыр осы бағытта түсірілім жұмыстары Маңғыстау жеріндегі Бекет ата ескерткіш кешені мен «Бөкей Ордасы» тарихи-мәдени кешенінде жүргізілді. Сонымен қатар еліміздегі жалпыұлттық қасиетті нысандардың барлығы осылай цифрландырылады. Яғни, қарапайым адам қажетті нысанға бармай-ақ әлеуметтік желілерге жүктелген интерактивті нұсқасын аударып-төңкеріп, асты-үстін, іші-сыртын толық көре алады.
Аталған жоба бойынша жалпыұлттық деңгейдегі 100 нысан жекелей алғанда 185 объектіні құрайды. Мысалы, барлық қазақ батырлары жеке-жеке есептелмей, барлығы «Қазақ батырлары» деген атпен бір нысан ретінде тіркеліп тұр. Өткен жылы осыларды 3D нұқсамен картаға енгізгенде әрқайсысы жеке-жеке жасалды. Бұларды көріп тамашалауға ниет еткен адам QAZMAP.kz сайтына кірсе жетіп жатыр. Бұл сайтты тамашалаудың қол телефонға арналып жеңілдетілген нұсқасы жасалды.
Өткен жылы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақ туризм» ұлттық компаниясымен ортақ меморандумға қол қойды. Мұндағы мақсат – еліміздегі қасиетті нысандарды туризм көзіне айналдыру. Жоғарыдағы келісім бойынша қасиетті нысандар туризм компанияларының турпакетіне енгізілді. Осы арқылы туристік компаниялар бейнероликтерді шетелдік саяхатшыларға жіберіп, елдегі киелі нысандарымызды таныстыруда.
Сондай-ақ Орталық еліміздегі барлық өлкетанушылардың электронды базасын жасап, олардың ерекшелегін нақтылады. Мысалы, ол адам шежіреші ме, тарихшы ма, музыкант па немесе жер атауларының білгірі ме, осыны анықтап, бұл адамдардың жазған еңбектерінің библиографиялық каталогы жасалды.
Жоғарыдағы бекітілген жалпыұлттық 100 нысан қатып қалған дүние емес, дейді ғылыми сарапшы мамандар. Алдағы уақытта бұл тізім көбейеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының «Ақан сері» ауылындағы Ақан сері Қорамсаұлының зираты, Баянауыл-Ертіс өңіріне аты мәлім Сұлтанбек сұлтанның ордасы сияқты нысандар ғылыми-сараптамалық кеңесте талқыланып, қасиетті нысандар қатарына қосылып жатқан көрінеді.