Қоғам • 13 Сәуір, 2020

Індетпен күрес кезінде көмектеседі

189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әскери жиынға өз еріктерімен қаты­су­ға әзір екендіктерін мәлімдеген ақ­тө­белік азаматтардың қатары өте көп.

Індетпен күрес кезінде көмектеседі

Жасалған талдаулар олардың дені бұрынғы әскер қызметшілер мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері екенін көрсетеді.

Ақтөбе облысы әкімінің қауіпсіздік пен қорғаныс және әскери қызмет жөніндегі кеңесшісі Әділбек Құлтаевтың мәлімдеуінше, өңірде 300-ге жуық адам әскери жиынға қатысуға тілек білдірген.

Өткен сенбіде Ақтөбе қаласында арнайы қабылдау рәсімі өткізіліп, оның қатарына облыс әкімінің қаулысына сәйкес сайдың тасындай 100 жігіт іріктеліп алынды. Қалғандары резервте бола тұрмақ.

– Елдің жастары парыз бен борыш үдесінен көріне ала ма? Бұған жайшылық уақытта көзіміз айқын жете бермейтін. Әйтсе де дәл солай болатынына үлкен сенім артатынбыз. Міне, сол сеніміміз алдамапты. Бұған әскери жиынға қатысуға өз еріктері бойынша тілек білдірген жүздеген ақтөбеліктің жүрек қалауы дәлел. Оларды еліміздің шын мағынасындағы адал ұлдары мен жанашырлары деп есептеуіміз керек, деді  арнайы қабылдау рәсімі кезінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

 Көп балалы әке Серік Сыраж өз шешімін азаматтық борышы деп есептейтінін айтып берді. Ол әскери жиынға қатысқаны үшін мемлекеттен төленетін қаражатты қайырымдылық қорына аударғанды жөн көріпті. Арнаулы әскери жиын қатарына қабылданғандар әскери қорғаныс бригадалары мен полиция және төтенше жағдай құрылымдары құрамында зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге, қоғамдық тәртіпті бақылауға және күшейтілген карантин талаптарынан туындайтын өзге де міндеттер мен талаптарды орындауға кірісіп те кетті.

 

АҚТӨБЕ