Аймақтар • 13 Сәуір, 2020

Шығыс Қазақстан: Қайтыс болған науқас шет елге шықпаған

865 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Онымен байланыста болған 13 адам тіркелген.

Шығыс Қазақстан: Қайтыс болған науқас шет елге шықпаған

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі Шығыс Қазақстанда  коронавирус инфекциясынан 1 адамның қайтыс болғанын хабарлаған еді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан бұл деректі растап, көз жұмған кісі Өскемен қаласының 1979 жылы туған тұрғыны, әйел адам екендігін растады.

«Науқас 12 сәуірде жедел жәрдем қызметімен ауыр жағдайда екі жақты пневмониямен провизорлық стационарға жеткізілген. Шет елге шықпаған. CОVID-19 талдаулары оң нәтиже көрсеткеннен кейін инфекциялық стационардың қарқынды терапия палатасына ауыстырылды. Пациентте СОVID-19-дан басқа екі жақты ошақты пневмония, сол жақты плеврит, 3 дәрежелі тыныс алу жеткіліксіздігі, токсинді миокардит, жіті респираторлық дисстресс-синдромы және ауыр алкогольдік улануы тіркелген. Науқастың өмірін сақтау үшін реаниматолог дәрігерлер өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, барлық реанимациялық іс-шараларды жүргізді. Түнде екі мәрте жүрегі тоқтап, екі рет реанимациялық шара сәтті нәтиже көрсеткен болатын. Алайда, жүрегі қайтадан үшінші рет тоқтаған кезде, реанимация шаралары сәтсіз болды. Онымен байланыста болған 13 адам тіркелген. Олардың барлығы оқшауланды. Науқастың жақындары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз» дейді басқарма басшысы.

 

ӨСКЕМЕН