Аймақтар • 13 Сәуір, 2020

11 жасар оқушы әскери ұшақ пен танк макетін жасады

629 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар облысы Май ауданы Малайсары жалпы орта білім беретін мектебі Жеңістің 75 жылдығына арналған қашықтықтан «Ең үздік әскери бұйым» байқауын жариялады деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

11 жасар оқушы әскери ұшақ пен танк макетін жасады

Облыстық Білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Бағдәулет Нұрматтың айтуынша, 1-15 сәуір аралығында оқушылар өз қолдарымен жасаған түрлі бұйымдарды әлеуметтік желілерде жариялайтын болады. 

– Байқаудың негізгі мақсаты - балалардың шығармашылық қабілетін дамыту арқылы оларды Отансүйгіштікке, азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу. Байқауға қазіргі таңда он шақты оқушы қатысып жатыр. Солардың ішінде 4-сынып оқушысы Санжар Жарлыгасимов жасаған әскери ұшақ пен танк макеті ерекше көзге түседі. Арманы асқақ қолөнер шеберіне сәттілік тілейміз, – дейді баспасөз хатшысы.

Санжар бірнеше аудандық спорт жарысының жеңімпазы. Қазақ халқының ұлттық ойыны - көкпарға да қатысып, бақ сынаған.

- Көркем еңбек пәнін қызыға оқимын. Қашықтан сабақ алып жатсақ та ұстаздарымызбен тығыз байланыстамыз, сапалы білім алып, бос уақытымызды тиімді өткізіп жатырмыз. Қазір ағам әскери қызметте. Ағамды мен мақтан тұтамын. Өскенде өзім де Отан қорғаушы болғым келеді. Бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған батырларымызды ешқашан ұмытпаймыз. Үлгі тұтамыз, - дейді дарынды бала.