Экономика • 14 Сәуір, 2020

Жаһандық рецессия: үлкен дауыл алдындағы тыныштық

420 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Адамзат мұндай қаржылық-экономикалық қиындыққа бұрын-соңды ұшырамаған. Біз «Ұлы күйзелістен» кейінгі ең қауіпті дағдарыспен бетпе-бет келуіміз мүмкін».

Жаһандық рецессия: үлкен дауыл алдындағы тыныштық

Қазір осындай мəндегі пікірді Халықаралық валюта қорының басшыларынан бастап, аузы дуалы, сөзі уəлі сарапшыларға дейін жарыса айтуда. Бірақ, 2008 жылғы əлемдік дағдарысқа дейін де бұдан бетер болжамдар жасалғаны мəлім. Соған қарамастан адам баласы Жер бетінен түп тамырымен жойылып кетпеді. Ауыртпалықты сезінді, дегенмен сынақтан өтті. Жаңа сын-қатер мамандар айтқандай соншалықты қауіпті ме? Əлде осы арқылы саяси технократтар ұпайларын түгендеуді көздей ме?

Кез келген сынақ мүмкіндіктерді пысықтайтын орайлы кезең. Дағдарыс атаулының барлығы өткінші құбылыс. Десек те оның бір артықшылығы - экономикадағы кемшіліктерді айқын көруге мүмкіндік береді. Мамандардың пікірі осыған саяды. Жаһандық тоқырауды біреулер оңай еңсерсе, кейбірі қиындықтармен ұзаққа дейін арпалысуға мəжбүр. Бұл ретте ерте қамданғанның асығы алшысынан түсетіні əлемдік тəжірибе көрсетіп отыр. Мұнай нарығындағы құбылмалы тербелістер, шикізаттан арылатын сəт келгенін аңғартқандай. Алайда, бұл бірінші белгі емес. Осының алдындағы дүниежүзілік рецессиялар экономиканы шикізатқа негіздеу тиімсіз екенін сан мəрте байқатты. Өкініштісі сол, оның өзі бүгінге дейін сабақ болмай тұр. Қолдағы табиғи ресурстарды игеруден бөлек, өндіру мен өңдеу мəселесі əлі күнге дейін жолға қойылмағаны жасырын емес. Қош, сонымен Қазақстан истеблишменті пандемия жағдайында дағдарысқа қарсы шараларды бекіткені белгілі. Шағын жəне орта бизнесті қолдауға бағытталған жұмыстар жөнінде осыған дейін қаузаған едік. Енді отандық агроөнеркəсіптік кешеннің жағдайына үңілсек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде халықты азық-түлікпен қамтуға баса мəн берілетінін айтып, Үкіметке тиісті тапсырма жүктеген-ді. Азық-түлік белдеуінің флагманы ауыл шаруашылығы сегменті екені айтпсада түсінікті. Осыған орай Мемлекет басшысы шаруалар пестицидтер, тыңайтқыштар, сапалы тұқым жəне жанар-жағар майдан тарықпау керектігін жеткізіп, тиісті қаражатпен қамтуға жауапты органдарды міндеттеді. Биыл көктемгі дала жұмыстарына қаржыландыру 3 есеге артып, 170 млрд теңгені құрады. Дегенмен осы салада кезек күттірмейтін проблемалар да бар. Мұны Президенттің өзі растады.

«Ауылшаруашылық азық-түлігін тасымалдайтын көліктер карантиндік аймақтарға үздіксіз өткізілуі қажет. Ол үшін "жасыл дəліз" арқылы өтуге мүмкіндік беретін рұқсатнамалар жедел берілуі тиіс. Бұл көктемгі жұмыстарға кірісетін фермерлерге де қатысты. Осыған дейін аймақаралық келісімнің маңыздылығы туралы айтқан едім. Автокөліктердің бірнеше сағат бойы облысаралық бекеттерде аялдап тұрғаны жөнінде фактілер бар. Осы жағдайды мемлекеттік комиссияға бақылауға алуды сұраймын» деген болатын Мемлекеттік комиссияның отырысында Қ.Тоқаев.

Президент келтірген олқылықты отандық шаруаларда қуаттады. Мəселен, диқандар қажетті ресурстарды (тұқым, жанармай және т.б.)  сатып алу үшін басқа аймақтың аумағына өтуге мәжбүр. Карантин жағдайында бұл көптеген қиындықтар тудырады. Сол секілді қожалық иелеріне тың техниканың тілін білетін мамандарды өзге аймақтан шақырудан басқа амал жоқ. Əйтсе де шектеу салдарынан қажетті мамандардың жүріп-тұру алгоритмі ойластырылмаған деп налиды фермерлер.
Дəлірек айтсақ, ақмолалық шаруалар көрші облыстармен тұқым жəне тыңайтқыштарды жеткізу бойынша келісімшартқа отырған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын Қостанайдан сатып алған кәсіпкерлер де бар. Алайда облыс арасында қозғалу тәртібі қарастырылмаған. Бұған қоса әкімдіктер жанындағы жедел штабтар жағдайға бейімделмек түгіл, облысқа кіріп-шығу жұмысын реттеуге дəрменсіз.

«Аймақтардан шаруалар хабарласып, рұқсатнамаға қарамай бекеттерден өткізбей жатыр деп хабарласуда. Мұндай мәселені шешуге тарысамыз. Десе де өз тараптарыңыздан қалалық, облыстық әкімдіктерімен бірлесіп мәселені шешулеріңізді сұраймыз» деді онлайн режімде өткен жиында Қазақстан шаруалар одағының төрағасы Жигули Дайрабаев.

Саладағы тағы бір өзекті мəселе - несиелерді кейінге шегеру. 1-сәуірдегі жағдайға сәйкес, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымдарына жалпы сомасы 5,5 млрд теңге көлеміндегі төлемдерді шегеру бойынша өтінімдер келіп түсті. Соның ішінде небəрі 100 млн теңгені құрайтын 58 өтінім ғана мақұлданған. «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасы шегерім беру мəселесі ұзақ қаралатынын айтып, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қаржылық ахуалы қиындап барады деп дабыл қағуда.

Құрама штаттарда жұмыссыздар көбейді

Ақпан-наурыз айы аралығында АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі 45 жыл ішінде болмаған межеге жетті. Коронавирус SARS-CoV-2 пандемиясы салдарынан Құрама штаттарда жұмыссыздар саны ел халқының 4,4%-ды құрады. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 3,5% деңгейінде болған. Бұл соңғы 45 жыл ішіндегі ең ірі теріс көрсеткіш деп хабарлайды AFP ақпарат агенттігі.
Америкалық үкіметтің мәліметіне қарағанда, наурыздың басында елде 701 мың жұмыс орны жабылған. Бұл 2009 жылдағы қаржы дағдарысындағы көрсеткіштен де жоғары деп жазады агенттік. Ал наурыздың екінші жартысында 10 млн америкалық жұмыссыз қалды. АҚШ Еңбек министрлігінің мәліметінше, 16-22 наурыз аралығында 3,3 млн адам жұмыссыз мәртебесін алуға өтініш берсе, айдың соңында бұл сан 6,65 млн адамға жетті.
Жұқпалы індеттің кесірінен Америкада ірі кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Дағдарыстың салқынын жеңілдету үшін Трамп бастаған Ақ үй əкімшілігі 2 триллион доллар көлемінде қаржылық көмек пакетін қабылдады. Бұдан басқа халыққа тікелей қаржылай қолдау көрсету, жұмыссыздық бойынша сақтандыру шарттарын жеңілдету, сондай-ақ концерндер мен орта бизнес кәсіпорындарына миллиардтаған сома көлеміндегі несиелеу көзделген.

«Қыпшақтан жапа шеккен» Путин вирусты қайтіп жеңбек?

Соңғы кездері Ресей президенті Владимир Путиннің басы даудан арылар емес. Жуырда мемлекеттік арналардың бірінен Ресей басшысы аңдамай сөйлеп, опық жеді. Путин: «Кезінде печенегтер мен қыпшақтардан да зəбір көріп, ақыры оларды жеңген едік. Бұл вирусты да жеңеміз», - деп ғаламторда түрлі əзіл аралас суреттердің шығуына түрткі болды. Бірақ, ВЭБ зерттеу институтының болжамына сүйенсек, ресейліктердің жағдайы мəз емес. Айталық, сəуір-маусым аралығында Ресей экономикасы 18%-ға, ал халықтың нақты табысы 17,5%-ға құлдырауы мүмкін деп болжап отыр зерттеу институты. Сарапшылар бюджеттегі түзетулер мен қолдаудың жаңа тетіктері қажет екенін айтады.

«Коронавирус жағдайындағы Ресей экономикасының даму үрдістері және ықтимал дағдарысқа қарсы шаралар» болжамы ОПЕК+ өндіруді қысқарту туралы келісімі бойынша мұнай нарығындағы «баға соғысына» негізделген.
Осы жылдың қорытындысына сəйкес, көршілестеріміздің ІЖӨ 3,8%-ға қысқаруы мүмкін. Десе де 2021 жылы экономика ғылымындағы бейнелі V қалпына келіп, ІЖӨ 4-4,8%-ға өседі деп күтілуде. Оптимистік сценариге сенсек, биыл дағдарысқа қарсы шаралардың бүкіл пакеті іске асырылып, шағын бизнес қызметі жылдың ортасынан қалпына келеді. Сондай-ақ басқа да қолдау шаралары оң нəтиже береді деп түсіндірді ВЭБ-тің экономистері.

«Әлбетте, егер де барлық дағдарысқа қарсы шаралар уақытында жүзеге аспаса немесе шектелсе, онда болжамымыз толық расталмайды. Экономистердің сөзімен айтқанда, бейнелі V-ның орнын L ауыстырса, баяу экономикалық өсім байқалуы мүмкін деген қауіп бар» деді экономист Алексей Клепач.

«Кəрі құрлық» 37 млрд еуро бөлді

Наурызда Еуроодақ кеңесі блоктағы экономикаларды коронавирустың ықпалынан қорғау мақсатында 37 млрд еуроны бөлуді мақұлдады. Оның ішінде 8 млрд еуро пандемиядан ең көп зардап шеккен кәсіпорындар мен компанияларға үлестіріледі.
Наурыздың ортасында Еуропалық орталық банктің басқарушылар кеңесі қаржылық тұрақтылықты қолдау үшін 750 млрд еуроға бағалы қағаздарды сатып алу бағдарламасын іске қосуға шешім қабылдады.
Сонымен қатар ЕО-ның Экономика және қаржы жөніндегі кеңесі Еурокомиссияның тарихында алғаш рет пандемияға қарсы тұрақтылық пен өсім пактісін тоқтатуға бел буды. Бұл шешім одақ мемлекеттерінде бюджет тапшылығының лимитін алып тастап, үкіметке бизнеске шектеусіз несиелер беруге жол ашады.