Қоғам • 14 Сәуір, 2020

ІТ-ді ұршықтай үйірген

649 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақтың «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген даналық сөзі бар. Дауасыз дерт дөңгеленген дүниені дүрбелеңге түсірген дәл қазіргі шақта үздіксіз қарым-қатынас пен тынымсыз тірліктің үдерісін үзбеген цифрлы технологияның тілін меңгеріп, әлемді «тербетіп» тұрған арулар бар. Заманның тынысын тап басқан осындай санаулы, саналы жандардың бірі – Әсел Жанасова.

ІТ-ді ұршықтай үйірген

Қазіргі қоғамда әйел ісі, ердің күші деп саналатын сала некен-саяқ. Жаһандану қарқыны күшейген мына заманның тың саласы ақпараттық технологияны мамандық ретінде көбіне ер адамдар қолай көреді. Соған қарамастан, осы іске білек сыбана кіріскен, білімі мен білігі толысқан бұрымдылардың бірі Әсел Жанасова ІТ-саланы Қазақстанда іркіліссіз ілгерілетуге сүбелі үлесін қосып жүр.

Кейіпкеріміздің атын «100 жаңа есім» жобасы әйгілей түсті. Бұл бірегей бастама осы уақытқа дейін көптің игілігі үшін, көпке қызмет ететін өз саласының өрісін кеңейту үшін еселі еңбек етіп жүрген талай жанның есімін елге танытты. Әрине оң бағасын алған жоба жетістікке жеткен азаматтарды таныс­ты­руды ғана емес, сондай сәулелі адамдар арқылы отансүйгіштік, еңбекқорлық сияқты құндылықтардың маңызын арттыруды көздейді. Осы жобада жеңімпаз атанып, үздіктердің қатарынан табылған Әсел Жанасова Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бастама елімізде барлық саланың өркендеуіне, жастардың өмірден өз жолын табуына септігін тигізетінін айтады.

«Кішкентай кезімізден еңбегімен ерекшеленген еліміздегі және әлемдегі тұлғаларға еліктеп, солар сияқты болсақ деп армандап өстік. Осындай арманына жету жолын табысты бастаған қазіргі қазақстандықтардың, оның ішінде жастарды үлгі ететін «100 жаңа есім» жобасының маңызы зор. Бізді елге таныстырған бұл жоба алдымызға одан са­йын биік мақсат, үлкен жауапкершілік жүктеп, әлі де елге береріміз көп екенін қаперімізге салып, ынталандырды деп ойлаймын. Осы сенімнің үдесінен шығуға тырысамын», дейді Әсел.

Сөз басында отандасымыздың атын әлем­мен байланыстырып айтуымыз да тегін емес. Жақында ғана наурыз айында Ұлыбританияда қаржылық технология саласындағы дәстүрлі Women in Fintech Powerlist-2019 рейтингі жарияланып, Әсел Жанасова көшбасшы әйелдердің отыздығынан көрінді.

Қазіргі уақытта үздік ІТ-мамандардың қатарындағы Әсел инновациялық техно­логия­лар­дың ағымына ілесіп қана қоймай, дамуына да белсенді араласуды әу бастан мақсат тұтқан екен. Мектеп кезінен есепке жүйрік болып, математика мен физика пәндерінен біршама білім бәсекесінде топ жарған.

Әсел – Алматы қаласының тумасы. Қара­пайым отбасында тәрбиеленген, әкесі – бас энергетик, анасы – университетте оқытушы. Ата-анасы қызының алғыр, зерек екенін ерте аңғарып, үш жасынан бастап мектепке дейінгі білім беру орындарына апара бас­та­ған. Қосымша домбыра, гимнастика, би үйір­ме­ле­рі­не де қатысқан Әселдің қабілеті жан-жақты шыңдала түскен.

Ол 7-сыныпқа дейін қаладағы №123 мектепте оқып, одан кейін Орынбек Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінде білім алды. Математикадан емтиханда барлық есепті түгел дұрыс шешіп көзге түскенімен, физикаға қызығушылығы басымдау болып, осы пәннен республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүзден жүйрік шықты. Мектеп қабырғасында «Жыл оқушысы» атанып, «Алтын белгімен» тәмам­да­ды.

Жетістіктері Британ грантын жеңіп алуы­на мүмкіндік берді. Бұған қоса С.Демирел университетінің де гранты дайын тұрды. Бірақ өзі Ұлыбританияда оқуды жөн санады. Қазіргі ақпараттық қоғамның кең өріс алғанын ескеріп, шетелде ІТ-саласының қыр-сырына молынан қанығуды құп көрді.

Әсел озық мемлекет Ұлыбританияға алғаш табаны тигенде колледждің табалдырығын аттайды. Жат жерді жерсініп кету оңай бола қойған жоқ. Колледжде қытай жастарымен жарысып есеп шығарып, алғырлығымен дараланды. Одан кейін бұл елдегі ғана емес, әлемдегі белді университет – Кембриджге оқуға түседі.

«Кембриджге тапсырарда физикадан эксперимент жасап, қиын есепті шығарғаныма ағылшындар тәнті болды. Содан оқу орнына түскенім туралы құжатты «Болашақ» бағдар­ла­масына тапсырып, онда ағылшын, орыс және қазақ тілдерінің сынағынан сүрінбей өттім. Осылайша беделді білім ордасында білім алып, мемлекеттің қолдауын сезіндім. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғысымды білдіремін», деді «Болашақ» стипендианты ағынан жарылып.

Қарапайым қазақ қызы қаншама елдің жас­та­ры жиналған университетте жүріп, мереке кездерінде бауырсақ пісіріп, құрт-ірімшік жасап, наурызкөже дайындап, домбырамен ән салып, шетелдіктерге ұлттық дәстүрімізді барынша әспеттеп көрсете білді.

Кембриджді «Компьютерлік ғылымдар» мамандығы бойынша тәмамдаған Әсел Лон­дон­да қалу туралы шешім қабылдайды. Сөйтіп 2010 жылдан бастап жаңадан жасақталып жатқан Eurasian Resourses Group (ERG) компаниясында жұмыс істеп, әуелі жұмысын топ жетекшісінің ассистенті болып бас­тай­ды. Бес жыл ішінде қызмет бабымен бір­тін­деп жоғарылап, киберқауіпсіздік бойын­ша Бразилия, Ресей, Қытай, Қазақстан, Афри­ка аймағы және Еуропа елдерінің бөлімін бас­қа­ра­тын дәрежеге жетеді. Айналасындағы білікті қызметкерлер оған жас деп қарап, білігіне шүбә келтірген жағдайлар да кездесіпті. Бірақ уақыт өте келе бәріне қолынан іс келетінін түбегейлі мойындатты. Ол компанияда басқару моделін құру, стратегияны дамыту қызық тәжірибе болғанын, бұл жұмысы еңбек жолындағы бірінші трамплин екенін айтады.

­Алайда Еуропада тұрақтап қалуды ойла­ма­ған кейіпкеріміз жинаған білімі мен тә­жі­ри­бесін өз елінің өркендеуі жолына салу­ды азаматтық борышы деп санайды. Ол 2014 жылы Отанына оралып, Ұлттық банк­те қар­жылық технологияларды дамыту стра­те­гия­сын әзірледі. Бірақ сол тұста цифрлы тех­но­логиялардың индустриядағы рөлі қан­ша­лықты маңызды екенін түсінетіндер аз еді. Сондықтан қатып қалған жүйені өзгерту оған қиынға соққан.

Содан кейін Әсел 2016 жылдан бастап бір жыл Қазақстандағы ірі ІТ-компания – «Зерденің» бас директоры болып қызмет етті. Онда ол командасымен бірге «Цифрлық Қазақстан» тұжырымдамасын дамытуға үлес қосқанын айтып, осы жобадан оң нәтиже шығару үшін ұйқысыз түн қатып жүріп жұмыс істеген кездері болғанын еске алды.

Бүгінгі таңда Әсел «Астана» халықаралық қаржы орталығының цифрлы технологиялар бойынша директоры қызметін атқарады. Ол жаңадан құрылған орталықтың ІТ-стратегиясына ғана емес, Қазақстандағы қар­жы­лық технологияларды дамытуға жауапты болды. Яғни, Ұлттық банкте бастаған жұмысын АХҚО-да жалғастырудың мүмкіндігі туды.

Жетекші маман командасымен бірге сот жүйесін автоматтандыру бойынша жобаларды енгізуді қолға алып, қағазбастылықты түгел тыйды. Сондай-ақ басқа елдердің азаматтары үшін Қазақстанда компаниялар ашу процесін жеңілдететін электронды жоба бо­йынша жұмыс істеді. Елден тыс кез келген адам 15 минут ішінде өтініш беріп, виза ала алады және онлайн банк шотын аша алатын болды. Мұның бәрі елімізге инвестиция тарту ісін алға жылжытады.

«Мен Қазақстанда жаңа идеяларды жүзеге асырғым келеді. Мысалы, жасанды интеллект зертханасын іске қосу ойымда жүр. Біздің елде бағдарламашылар жетіспейді. Әсіресе жа­санды интеллект, машинамен оқыту немесе деректерді басқару сияқты жаңа салаларда ма­ман тапшы. Ал бүкіл әлем осы бағытта дамып келеді. 2018 жылы қаржы компаниялары үшін FinTech Stars стартапын қолдау бойынша іс бастадық. Соның нәтижесінде қазақстандық Otbasy 365 компаниясы швейцариялық Seedstars саммитінде өз өнімін таныстыруға ша­қырту алды», дейді Әсел.

Осылайша ел ісіне араласып, өз саласында талай белесті бағындырып, бедел биігінен көріне білген Әсел отбасылық өмірге де бейжай қараған емес. Қазақстанға оралғанына көп жыл өтпей, тұрмыс құрды. Ол – аты дар­дай компания ісінің қиюын келтіріп қана қоймай, бір үйдің тірлігін үйлестіріп отырған отбасының ұйытқысы. Елімізде тыңнан түрен салып жатқан саланың құлашын кеңге сер­меуіне қарым-қабілетін, қажыр-қай­ра­тын салып, қызмет етіп жүрген осындай қазақ қыздарына қалай қайран қалмайсыз?!