Медицина • 15 Сәуір, 2020

Жақсы күнге деген сенімі мол

111 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде атышулы індет ғаламды ауыр күйге түсіріп, қоғамның қос өкпесін қысып барады. Өңірлердегі жағдай жұртшылықтың алаңдаушылығын тудыруда. Расында бас ауырып, балтыр сыздай қалса, адам бірден дәрігердің көмегіне жүгінеді. Ал бүгінгідей жағдайда әрбір тұрғынға ақ халатты абзал жандардың көмегі тіпті қажет.

Жақсы күнге деген сенімі мол

Науқас жандарды емдеу үшін басын қатерге тіккен барша дәрігердің ерлігі мемлекет тарапынан лайықты бағалануда.

Жамбыл облысында індет жұқтыру­дың 45 жағдайы тіркел­ген. Індет белгілері Қырғыз, Ресей, Үндістан мемлекеттерінен және Нұр-Сұлтан, Қостанай өңірлерінен келген азаматтардан анықталған. Облыстық әкімдіктің мәліметінше, қазір науқастардың жағдайы жақсы, шағымдары жоқ. Ал қауіпті індетті жұқтырған азаматтарды емдеу, сауықтыру жолында қызмет атқарып жүрген дәрігерлердің еңбегі орасан. Өзі де дәрігерлермен бірге науқастарды емдеп жүрген облыстық көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің инфекциялық жұмыс бойынша орынбасары Серік Жетібаев өңірдегі ақ халатты абзал жандардың табанды жұмысы жөнінде әңгімелеп берді. «Облыс орталығында науқастарға арнал­ған арнайы бокстар бар. Індет жұқтырғандар сол жерде жатыр. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жеткілікті. Олардың бәрі де оқыған мамандар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен барлық мәселе реттелген. Барлық жағдай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың бақылауында», дейді дәрігер.

Жалпы, Серік Жетібаевтың айтуынша, жамбылдық дәрі­герлер бүгінде қауіпті індеттің алдын алу мақсатында жұмыс атқаруда. Науқастарды емдеп жатқан 55 дәрігер мен медицина қызметкері бүгінде Тараз қаласындағы «Інжу» қонақүйінде орналасыпты. Олар бірнеше күннен бері үйіне бармай, осында тұрып жатыр екен. Медицина қызметкерлерін қауіпсіздік үшін аурухана мен қонақүй арасына арнайы автобустар тасымалдайды. Егер індет жұқтырған науқастар қатары көбейген жағдайда оларға көмек көрсетуге тағы 255 дәрігер мен медицина қызметкері дайын отыр. Негізі коронавирус індетінің байланыс арқылы жұғатынын мамандар жиі айтуда. Бұл салмағы ауыр вирус болғандықтан, ол адамның қолына, ұстаған заттарына жабысып қалуы мүмкін екен. Ал өзінің қауіпсіздігінен гөрі өзгенің жайын көп ойлаған дәрігерлер басын бәйгеге тігуде. Медицина қызметкерлері адамның түрлі ағзалары арқылы жұғуы мүмкін індеттен барынша қорғанса да, індеттің аты індет. Өзі де науқастарды емдеу ісіне белсене кірісіп жүрген дәрігер Серік Жетібаевтан біз індет жұқтырған адамдарды емдеу кезінде медицина қызметкерлерінің қалай сақтанатынын сұрап көрдік. Арнайы костюм, көзілдірік, ауызға тағатын респиратор, арнайы аяқ киімдер – олардың басты қорғанышы екен. Әрі бұларды 3 сағат сайын ауыс­тырып тұру керек. Бірақ бұл киімдерді кию кезінде де дәрігер қателік жіберіп қойса, яғни сәл ғана ауа кіретін орын қалса, онда індеттің жұғып кету қаупі жоғары. Дәрігерлердің өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгенің өмірін сақтап қалу кезіндегі ерлікпен бірдей ерен еңбегі көпке үлгі.

Қуанышқа орай, әзірге Жамбыл облысынан коронавирус індетіне байланысты адам өлімі тіркелген жоқ. Өңірде мейлінше қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Серік Жетібаев әулиеаталық дәрігерлердің жақсы күнге деген сенімінің жоғары екенін айтты. Тіпті науқастардың ауруы асқынған жағдайда да тыныс алу аппараттарының дайын, орындардың жеткілікті екенін жеткізді. Бірақ дәрігерлердің індет жұқтырғандарды барынша емдеп, жазуға кіріскенін айта кеткен жөн.

 

Жамбыл облысы

 

Соңғы жаңалықтар