Аймақтар • 15 Сәуір, 2020

Не ексең, соны орасың немесе қайтарым қағидасы қалай жүзеге аспақ

505 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемді тітіркендірген коронавирус пандемиясы алқапқа шыққалы отырған диқанның да көңілін күпті етіп еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 млрд теңге бөлуді тапсырамын» деген нұсқауы ел санасында сенім ұялатып, серпіліс туғызды.

Не ексең, соны орасың немесе қайтарым қағидасы қалай жүзеге аспақ

Солтүстік өңірдің ауыл шаруа­шы­лығы еңбеккерлері үшін көк­темгі егіс қашанда маңызды. Әр жыл сайын қарбаласы көп осы науқан тәуекелмен басталатын. Өйткені қа­жет­­ті қаржының тапшылығы, несие алудағы әуре-сарсаң, жанар-жағар­май­дың уақытында жеткізілмеуі қол­­байлау болып жататын. Биылғы Мемлекет басшысының мәлімдемесі алқап­қа шыққалы отырған диқан­дар­­дың алаңдамай, алға басуына мол мүм­кіндік тудырып отыр.

– Біздің ауылдық округте бірнеше шаруа қожалықтары егін егумен айна­лысады. Бұл – жақсы үрдіс. Бі­рін­­шіден, диқандық кәсіптің өрісі кеңіп, астық молаяды. Екіншіден, әріптестік жанданады. Науқан қар­саң­ында Үкіметке жанармайдың на­рық­тық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендетуі шаруаның мойнындағы зіл батпан салмақты біршама жеңілдетіп, өзде­рі­нің басты міндетімен айналысуы­на мол мүмкіндік беруде, – дейді Бұланды ауданындағы «Даниловское и К» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің бас директоры Айбат Есен­тұров, – біз жыл сайын дерлік дәнді дақылдардан мол өнім жинап келе­міз. Биыл да бұрынғы межеден кем түспейміз.

Шаруашылық басшысы айтып отыр­ған жайдың бәрі оң. Диқан қауым­ның қамқорлықтан қағыс қал­ма­ғаны жақсы. Бірақ «алаған қолым береген» дегендей, осындай қамқорлық көрсетіліп отырғанда, ел ырысын еселеп, молайта аламыз ба? «Жасыл эко­номика» тұжырымдамасын жү­зе­ге асыру бағдарламасында басым бағыттардың бірі ретінде органикалық тыңайтқышты пайдалана отырып, 2030 жылдары республика бойынша гектар берекесін 25 центнерге жеткізу көзделген. Жыл сайын жаңа бағыт айқындалып, ғылыми тұжы­рымдар екшеліп, қолданысқа енгізіліп жат­қа­нымен, соңғы жарты ғасыр­да дәнді дақылдар шығымы өсе қойған жоқ. Сол баяғы орта есеп­пен әр гектардан 10-11 центнер төңі­ре­гінде ғана өнім жиналуда. Егін шаруа­шы­лы­ғы­ның қайтарымы көбеюі үшін гектар бере­ке­сін екі жарым есеге дейін арттыру қажет. Сонда ғана шаруаның бар шы­ғы­ны ақталып, табысқа кенеледі.

– Менің ойымша, ендігі арада жер құнарын молайту ең маңызды мәселе, – дейді Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Әбілжан Құсайынов, – егін шығымына тікелей әсер ететін жай осы. Екіншіден, біздегі тұқым селекциясының жұмы­сы көңіл көншітпейді. Алдымен, тұ­қым­ның басым бөлігінің шет елдер­ден әкелінетінін айтуға тиістіміз. Шет­тен әкелген тұқым біздің өлкенің табиғи ерекшелігіне бірден көндігіп кетпейді. Сондықтан өзіміздің жаңа сұрыптарды дайындайтын ұлттық селекция заман талабына сай дамуы қажет. Жасыратыны жоқ, қазір көп­теген шаруашылықтар жаппай репродукциядағы стандартқа келмейтін тұқымды пайдалануда. Бізге тұқым шаруашылығын жетіл­ді­ру қажет. Оның үстіне табиғаттан көп алғымыз келгенімен, қайтарып беретініміз аз. Қайтарым қағидатын берік ұстанбаған соң егіс алқаптары мүлде тозып кетті. Мәселен, топы­рақ­тан алған өнім алқап төсіне қайтадан тыңайтқыш түрінде оралуы керек. Қазір егістік алқаптары осы қағиданың орындалуына сараңдық танытуда. Мына бір жайға көңіл аударалық. Рес­пуб­лика бойынша әр гектарға 6-8 келі ғана тыңайтқыш сіңіріледі. Іргедегі Ресейде бұл көрсеткіш 45 килоны, ал, АҚШ-та 135 килоны құрайды.

Ғалымның айтуына қарағанда, алқаптардың құнарын арттыру шара­ла­рының ең абзалы – органикалық тыңайтқышты пайдалану. Қазір егін­мен айналысатын шаруашылықтар қай алқапқа қанша тыңайтқыш сіңіру қажет екенін біле бермейді. Соқыр сеніммен ғана жұмыс істеп жүр. Ендігі арада барлық жыртылған жердің картограммасы жасалып, қай алқапқа қанша тыңайтқыш қажет екенін есеп­теу керек. Осы жобаға сәйкес, ауыл шаруашылығы құрылымдарын ғылымның жаңа жетістіктерімен қару­лан­дырған дұрыс.

Бүгінгі таңда минералды тың­айт­қыш­тар алуға 40 пайыз мөл­шерінде субсидия бөлінеді. Диқан­дарды ынталандыру үшін тыңайтқышқа кететін барлық шығын бюджет есебінен жабылса, оң болар еді. Ал органикалық тыңайтқышқа мемлекет тарапынан мүлде субсидия төленбейді. Алқап­­тардың құнарын арттыруға ке­дер­­гі келтіріп отырған осы жай. Ор­га­­никалық тыңайтқыштың ең тиім­ді әрі экономикалық жағынан арзан, экологиялық жағынан қауіпсіз, шаруа­­шылықтар үшін қолжетімді екені айтпаса да түсінікті. Қазір мал шаруа­шылығы жылдан-жылға жетіліп келеді. Елдің де төрт түлігі аз емес. Демек, қай елді мекенде болсын, көң аяқ астында бей-берекет шашылып жатыр.

Ендігі үміт дәлме-дәл егіншілік технологияларын қолдануда болып отыр. Шынтуайтында, әр өңірдің ауа райында, топырақ құнарында ерекшеліктер көп болғандықтан, бұл ай­рықша төзімді қажет ететін қыруар жұмыс. Ғалымдардың айтуы­на қарағанда, келешекте мол өнім алу үшін диқанға демеу болар жай осы дәлме-дәл егіншілік. Шығыны көп болғандықтан, бұл іске мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілгені ләзім. Ендігі арада дәлме-дәл есепке жүгінгеніміз жөн. Ал дәлме-дәл егіншілік дегеніміз – нақты есеп. Сандық технологиялардың қажет болатын жері осы. Ауыл шаруашылығы алқаптарын түбегейлі зерттеу үшін барлық жаңашыл жүйелерді пайдалану керек. Сонда ғана алқаптың ақпаратын ала аласыз.

– Алқаптарды химиялық тыңайт­қыш­пен өңдеу жайына келетін бол­сақ, – дейді академик Әбілжан Құ­са­йынов, – әрине, қалыптасып отырған жағ­дайда біз одан бірден бас тарта алмаймыз. Диқандар соңғы жылдары химиялық тыңайтқышты тым көп пайдалана бастады. Ендігі арада ел егіншілігі химиялық тыңайт­қыш­тан экологиялық жағынан таза тыңайтқышқа көшкені жөн. Оған қоса жоғарыда айтқанымыздай, тұ­қым сапасына айрықша көңіл бөл­ген жөн. Оның ішінде солтүстік өңір­­дің ауа райын ескере отырып, ерте пісе­тін тұқымды пайдаланған дұрыс. Әйт­песе, соңғы жылдары егін ора­ғы­­ның соңы сүмбілеге қалып жүр. Тұ­қымың жақсы болса, жоғары өнім аласың.

Тұқым демекші, Ақмола өңірін­де тұқым тапшылығы байқа­лады. Бірқатар аудандардың шаруа­шылық­тары бұл қа­­жет­тілікті тұқым дайын­­­дай­тын ша­ру­а­шылықтардың есе­бі­нен жаппақ. Сә­­уірдің алғашқы күн­де­рін­дегі мә­лім­етке қарағанда, облыс бо­­йынша тұқым тапшылығы 27,8 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде Жарқайың ауданына – 14,5, Жақсыға – 1,6 мың тонна, Ерейментауға – 0,7 мың тонна, Бурабайға – 0,5 тым тонна тұқым қажет. Сондай-ақ Егіндікөл, Қорғалжын, Атбасар, Есіл аудандарында да тұқыммен толық қамтамасыз етілмеген шаруашылықтар бар. Былтыр облыс диқандары 527 мың тонна тұқымды қамбаға құйып алған. Осы көлем көктемгі егіске толық жетеді. Тек сапасын айтсаңызшы.

 

Ақмола облысы