Аймақтар • 15 Сәуір, 2020

Маңғыстау облысында «МАЭК – Құрық» жолы реконструкциясының 3-ші кезеңі биыл аяқталады

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда 2019 жылдан бері «МАЭК» су жинағышынан «Құрық» паромды кешеніне дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда жобаның 5 кезеңінің үшеуі аяқталуға жақын, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Маңғыстау облысында «МАЭК – Құрық» жолы реконструкциясының 3-ші кезеңі биыл аяқталады

Осылайша, жобаның алғашқы кезеңінде жолдың 15,6 шақырымында асфальт төсемінің негізгі және төменгі қабаттары төселді. Жалпы ұзындығы 27 шақырымды құрайтын жол учаскесі 4 жолақты болмақ. Сондай-ақ, аталмыш нысанда жаяу жүргіншілер өтпелі мен веложолдар салынып, жарықтандыру бағандары орнатылуда. Учаскедегі жұмыстарға техниканың 80 бірлігі мен 200-ге тарта жұмысшы жұмылдырылған. Қайта жаңарту жұмыстары мен құрылыс материалдарының сапасын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» сараптамадан өткізуде. Мердігер – «Ақжол Құрылыс». Бұдан бөлек, компания су төгетін «Шора» арнасы арқылы өтетін ұзындығы 70 метрден асатын көпірді салып жатыр.  

Сонымен қатар жолшылар жобаның 4-ші кезеңі асяындағы жұмыстарды белсенді түрде жүргізуде. Ұзындығы 4,6 шақырымды құрайтын Өмірзақ елді мекенінен Ақтау қаласындағы жағажайға дейінгі 4 жолақты автомобиль жолын «Алтынқұрық» ЖШС салуда. Бүгінгі таңда нысанның 4,2 шақырымында жолдың негізгі төменгі қабаттарын төсеу жұмыстары толықтай аяқталған. Жол учаскесінде техниканың 50 бірлігі мен 100-ге жуық адам жұмыс істеуде. 

«МАЭК – ҚазатомӨнеркәсіп» ЖШС су жинағышынан «Құрық» теңіз портына дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту жобасының 3-ші кезеңі аясындағы нысандар биыл пайдалануға беріледі. 

Бұдан бөлек, келесі жылы жобаның 2-ші және 5-ші кезеңі аясындағы жұмыстар жүргізіледі деп жоспарлануда.  Жол өңірдегі курорттық аймақтың ірі нысандары орналасқан Каспий көлінің жағасының бойымен өтеді. Қайта жаңарту жұмыстарынан өткен жол өңірдің туристік әлеуетінің артуына, оның экономикалық тұрғыда дамуына серпін бермек.