Заң жобасында бизнесті ілгерілету мақсатында рәсімдерді қысқарту жағы қарастырылған. Соның бірі – техникалық жағынан күрделі емес объектілерінің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу және оның сараптамадан өту рәсімін алып тастау ұсынысы. Бірақ бұл норманы Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған депутаттар құптамады.
– Сіздердің ережелеріңіз бойынша техникалық жағынан күрделі емес нысандардың ішіне – екінші және үшінші деңгейдегі нысандардың бәрі жатады. Енді осы нысандардың тізімін қараңыздар. Олар: 5 қабатқа дейінгі тұрғын үйлер, 600 орынға дейінгі мектеп, 800 адамға дейін келетін ойын-сауда орталықтары және тағы басқа... Енді осы нысандардың бәрін жобалық-сметалық құжаттамасыз, сараптамасыз салуды ұсынып отырсыздар. Осы заң жобасын әзірлеушілер мына заң жобасын ұсына отырып, «мұндай нысандарға адам көп келмейді» деп жазады. Бұл жерде не айтуға болады? Бір ғана сұрақ туындайды: Министрліктер мен ведомстволардың бірі болсын Мәжіліске жіберген заң жобасын оқыды ма өзі? – деді Мәжіліс Спикері.
Сонымен қатар депутаттар мемлекеттік монополия субъектісінің, мемлекеттік монополия субъектісі болып табылмайтын, бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге айрықша құқық берілген заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының мемлекеттік монополия туралы заңнамасында белгіленген шектеулерді сақтамауы туралы норманы да алып тастау қажет екенін айтты. Мәжілісмендер ұсынылған нормалар мемлекеттік органдарға бәсекелі тауар нарықтарында жеке меншік нысанындағы монополистерді жасанды түрде құруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, жылдары отандық тауар нарықтарында бәсекелестік орта айтарлықтай нашарлады. АҚ және ЖШС нысанындағы шамамен 24 ұйым тек өз қалауы бойынша баға белгілеу мәселелерін шешеді. Заң жобасын әзірлеушілер ұсынған түзету Мемлекет басшысының монополияға қарсы нақты шаралар қабылдау жөніндегі нұсқауларына қайшы келеді.