Аймақтар • 16 Сәуір, 2020

Қозғалыс кестелері шектелген қоғамдық көліктерде жүргіншілер сығылысып жүр

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы сәуір айының бесінші жұлдызы күні Ақтөбе облысының бас санитарлық дәрігері Ақтөбе қаласын карантинге жабу жөнінде қаулы қабылдаған болатын. Осы қабырғалы құжатқа сәйкес қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесіне шектеулер енгізіліп, автобустар қала ішінде жүргіншілерге таңертеңгі 7:00 мен 9:00  және түскі 12:00 мен 14:00, сондай-ақ кешкі кезде 18:00 мен 21:00 аралығында қызмет көрсетеді деген шешім алынған.

Қозғалыс кестелері шектелген қоғамдық көліктерде жүргіншілер сығылысып жүр

Әрине, мұндағы мақсат тұрғындарды коронавирус инфекциясының таралып кетуінен сақтандыру әрі оның алдын алу екені айтпаса да түсінікті. Әйтсе де мәселенің бұлайша қойылуы екінші бір кереғар көріністі туғызып отыр. Яғни, жоғарыда көрсетілген уақытта көздеген аялдамасына жетіп қалуға асыққан қала тұрғындарының қатары көбейіп, олардың қоғамдық көлікке топтасып, сығылысып отыру көріністері орын ала бастады.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда  көресің» дегендей, індетті адамдардың бір-біріне жұқтыруы дәл осындай арақашықтық сақталмаған жағдайда орын алмасына кім кепіл? Ақтөбе қаласындағы «Автопарк» ЖШС кәсіпорны өкілдері осыған байланысты облыс басшысы Оңдасын Оразалинге автобустардың жүру кестесін таңертеңгі, түскі және кешкі уақыттарға бөлмей-ақ, күні бойы жүргізу жөнінде ұсыныс түсірді. Олардың ойынша бұл кезде жоғарыда айтылғандай көріністер тыйылып, автобустар қозғалысы қалыпты арнасына  түспек.

Бір есеппен бұл ұсыныс-пікірді қолдай қоюдың да жөні жоқ секілді. Өйткені, жүргіншілер қоғамдық көліктің ішінде бәрібір бір-біріне түйісіп, тақасып қалып жүрмей ме? Мұндай жайт төтенше жағдай мен карантин тәртібіне мүлдем қайшы екендігі тағы да белгілі. Кім біледі, мүмкін карантин уақыты аяқталғанша Ақтөбе қаласында қоғамдық көліктердің жүруіне мүлдем тыйым салу қажет шығар. Қалай дегенде де, сәуірдің 15  жұлдызы күні бұл мәселенің шешімі алынбай қалды. Тек «Автопарк» ЖШС өкілдері тарапынан айтылған ұсыныс-тілектер өңірлік штабтың отырысында қаралатындығы жөнінде ұйғарым  жасалды.