Тарих • 17 Сәуір, 2020

Ақмоладағы алғашқы діни нысандар қашан және қалай салынды?

692 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бала кезімізден бастап әуелі туған тілімізді, тарихымыз бен мәдениетімізді қастерлеуге үйрендік. Тарихты білу үшін әр адам өзі тұрып жатқан өлкенің, қаланың тарихын білуі маңызды. Өлкенің тарихын білмей, басқа елдердің тарихын айтқаннан еш пайда жоқ. Айтайын деп отырғаным, біз өлкетану мәселесіне көбірек мән беруіміз керек. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осы мәселеге баса назар аударып, «Туған жер» бағдарламасын ұсынғаны мәлім. Бағдарламаның басты мақсаты өскелең ұрпақты туған жердің тарихын білуге, өлкетану жұмыстарын жүргізіп, отансүйгіштікке тәрбиелеу еді. Бұл мақаланы қолға алудағы мақсатымыз да сол идеядан туып отыр. Өткеніңді білмей болашаққа болжам жасау мүмкін емес. Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік архивінде жүз жыл бұрынғы сақтаулы деректер мен фото­суреттерді тілге тиек ете отырып, тоғыз жолдың торабындағы шаһарда алғаш салынған мешіттер мен шіркеулер тарихы туралы аз-кем әңгіме қозғамақпыз.

Ақмоладағы алғашқы діни нысандар қашан және қалай салынды?

Суреттерде: Ақмоладағы алғашқы діни нысандар

Хандық билік таратылған соң, Ресей 1822 жылғы «Сібір қырғыздарының (қазақтар) жарғысына» сүйене отырып, қазақ даласында Орта жүзді басқарудың жаңа жүйесін енгізе бастайды. Жарғы бойынша Орта жүздің жері Батыс Сібір генерал-губернаторлығының Омбы облысы бойынша сыртқы округтерден, әр­бір округ 10-12 ауылды біріктіретін 15-20 болыстықтан құралды. Сөйтіп 1824 жы­лы Көкшетау, Қарқаралы округтері, 1831 жылы Аягөз, 1832 жылы 9 қаңтарда Ни­колай 1-ші Ақмола округін ашу жөнінде шешім қабылдайды.

Жарғының 124 тармағы бойынша әрбір округте округтік приказ, оның мүшелері, кеңсе шенеуніктері, аудармашы мен тілмаштарына арналған үй; дұға жасайтын және дінбасылары тұратын үй; 150-ден 200-ге дейін адам қабылдай алатын аурухана үйі; казактарға арналған казарма ғимараттары салынуы керек еді.

Тарихқа барлап қарасақ, ел жадында мәңгі қалған тұлғаларымыз баршылық. Мысалы, 1832 жылы 22 тамызда Ақмола ок­ругінің аға сұлтаны болып сайланған Қо­ңырқұлжа Құдаймендин (аға сұлтан қыз­метін 1832-1842 жылдары, 1845-1849 жыл­­дары атқарды) өз міндетін орындауға кі­­рі­­седі. Қ.Құдаймендин 1833 жылы 28 қаң­­­тарда Омбыдағы генерал-лейтенант  Сен-Лоранға хат жазады. Онда Ақ­мо­ла округін орналастыруға қатысты 1832 жыл­­­ғы 11-ші маусымдағы №1928-м жаз­­ба бұй­рығының 9 тармағында қыр­ғыз­дар­ға (қазақтарға) дұға жасап, оларды түзу жолға бағыттап отыратын бір мол­да­ны 100 сом жалақымен жұ­мысқа алу жө­нін­дегі міндеттемені әзірге приказ­дағы қыз­меткер тілмаш князь Асфен­дияр Чанышев орындап жүргенін жет­кізіп, соған орай округтік приказда оған молданың міндетін қоса атқаруды жүктеп, сол жылдың 1-ші қаң­тарынан бастап 100 сом жалақы төленуіне рұқсат сұрайды.

Ақмоладағы алғашқы («ескі мешіт», «бірінші мешіт», «ағаш мешіт» деген атаулары бар) мешіттің құрылысы Қоңырқұлжа Құдаймендиннің қара­жатына 1838 жылы Ақмола бекінісі іргесінен бой көтереді. Өз қаржысымен мешіт салдырған Қоңырқұлжа есімі әлі күнге дейін зор құрметпен аталады. Мешіттің жанынан 1842 жылы дінге сенушілердің қолдауымен діни оқу орны ашылады, шағатай (татар), араб тілдерінде жазу, оқуды үйретеді, қажетті оқулықтар мен кітаптарды ата-аналары мен туысқандары қамтамасыз етіп тұрады. 1843 жылы жергілікті мұсылман балаларын оқытатын Бураби молдаға кішігірім үй салынады.

1

Ал Қоңырқұлжа Құдаймендиннің (1794-1865) қаражатына салынған тұңғыш мешіттің орнындағы үйдің (Нұр-Сұлтан қаласы, А.Иманов көшесі, 2-үй) қасбетіне 2019 жылы 22 маусымда мемориалдық тақта орнатылды.

Қалаға кезекті керуен келгенде ме­шіт­те қайырымдылық ас беру рәсім­дері ұйымдастырылады. «Ағаш мешіт» алыс-жақын ауылдардан дұға оқу үшін мұсылмандар жиналатын орынға, Ақ­моланың көрнекті ғимаратына айналады. Уақыт өте келе қала маңына саудагерлер, қолөнер шеберлері мен сырттан келгендер қоныстана бастайды. Мешіт тұрған жер қала аумағына кіреді, сөйтіп Мешіт (Мечетная) көшесі пайда болады. Өкінішке қарай бұл мешіт 1920 жылы өртеніп кетеді. Сол орынға күйдірілген қызыл кірпіштен Қосшығұловтар бастаған ауқатты адамдардың, дінге сенушілердің қаржысына мешіт қайта тұрғызылады. Халық арасында бұл мешіт «тас мешіт» немесе сыртқы сипатына байланысты «қызыл мешіт» деген атқа ие болады. Мешіттің имамы – Абдрахим Исмагилов (жабылғанға дейін), азан шақырушы Махмуд Шарафутдинович Байбеков (1865-1942) болды.

«Дін – апиын» деген ұранды ұстанған большевиктердің билікті қолына алғаннан кейінгі ең алғашқы құжаттарының бірі шіркеулер мен мешіттерді мемлекеттен бөлу жөніндегі декрет болды. Бұдан соң 1929 жылы 8 сəуірде қабылданған «Діни ұйымдар туралы» РКФСР БОАК жəне ХКК қаулысынан кейін «Культ жөніндегі заңнаманы іске асыру тәртібі туралы» нұсқаулық қабылданады. Ақмола округтік комитеті ҚазОАК-не төтенше үй дағдарысы және Ақмолада мәдени-ағар­ту желісін кеңейту қажеттілігін алға тар­тып, бір мешіт пен қалалық собор­ды пайдалануды сұрап, 1929 жылдың 23 та­­­мы­зында қатынас қағазын жібереді. ҚазОАК-нің 1930 жылғы 20 наурыздағы №43 қаулысымен №1 мұсылман мешіті мен Александр-Невский соборы жабылады, мұсылман мешітінің ғимараты тарихи-өлкетану музейіне, собордың ғимараты Халық үйіне пайдалануға беріледі.

Қазан төңкерісінің 3 жылдық мерекесі құрметіне Ақмола қаласындағы көшелер мен алаңдардың атауын өзгерту туралы жоба 1920 жылы 16 қарашадағы Ақмола қалалық атқару комитетінің отырысы №70 хаттамасымен (7 пункт) бекітіледі. Мешіт көшесі – Вахитов көшесі (жобада солай), одан Береговой көшесі деп аталып, ал 1944 жылғы 11 қыркүйектегі Ақмола қалалық кеңесі атқару комитетінің №22/1 шешімімен халық батырының есімін есте қалдыру мақсатында Амангелді Иманов көшесі болып өзгертіледі.

Ал тарихи-өлкетану музейі 1940 жылы Константин-Елена шіркеуіне көшіріледі, музейдің орнына «Казпиво» зауыты орналастырылады. Уақыт өте келе 1970 жылдары мешіт ғимаратын алып тастап, оның орнына көп пәтерлі үй салынды.

Ақмоладағы екінші мешіттің (1895) тарихына келсек, ташкендік Ақмола мещаны Мирсалим қожа Миркамалов Ақмола облысының губернаторына Ақмола қаласында өз қаржысына мешіт салу жөнінде 1887 жылы 3 сәуірде хат жаза отырып, мұсылмандардың жалпы жиналысының шешімі мен жаңа мешіт жобасын ұсынады. Бұл хат Ақмола уезінің басшысына қарауға жіберіледі. 1887 жылы 3 маусымда Ақмола уезі басшысының көмекшісі Мирсалим қожаның өтінішіне қатысты Ақмола облысының губернаторынан төмендегідей мазмұнда жауап қайтарылады: «...біріншіден, мұсыл­мандардың қаржысы жеткілікті, олардың көпшілігі саудамен айналысады, мешіт салатын жағдайлары бар, екіншіден, Ақмола полиция басқармасының есебі бойынша қалада 100-ге жуық қырғыздарды (қазақтарды) қоспағанда 542 мұсылман бар, үшіншіден, бұл мешітті салу жөнін­дегі мұсылмандардың шешімін қалада тұратын барша мұсылман қауымы қолдап отыр, төртіншіден, жаңа мешіт салғаннан христиандардың сеніміне селкеу түседі деп ойламаймын, қалада шоқынды татарлар тіпті жоқ.

 Дегенмен, биыл шыққан №28 заңдар мен қарарлар жинағындағы Мемлекеттік Кеңестің 1886 жылғы 15 желтоқсандағы қарарында мешіт салғанда адам саны емес, діни қауым мүшесі 200-ден кем болмауы ескеріледі, осы ретте Ақмолада 542 мұсылманға (есепке ер адамдар ғана алынған) арналған мұсылман мешітінің көлеміндей 2962 христианға 1 шіркеу бар екенін айтуды парыз санаймын, басқа мешіт салудың қажеттілігі жоқ».

Алайда арада біраз жыл өткен соң, 1895 жылы Ақмоладағы ең бай қалталылардың бірі, ірі қара мал сатумен айналысқан 2-ші гильдия көпесі Нұрмұхаммед (Нұркен) Забиров (ұлты татар) өз қаражаты есебінен мешіт салды. Халық арасында «татар мешіті» немесе боялған түсіне қарай «жасыл мешіт» деген атқа ие болған бұл мешіт бұрынғы Церковная, кейін Ленин есімін иеленген көшеде (қазіргі Абай көшесі мен Республика даңғылы қиылысында) орналасқан болатын.

1931 жылы 23 қаңтарда аудандық атқару комитеті фракциясының шешімі бойынша №2 мешіт те пайдаланудан алынады. Артынша Орталық Атқару Комитетіне түскен шағымдар бойынша 1931 жылы 30 наурызда Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінен екі мешіт пен соборды қайта қалдыру туралы теле­графтық бұйрық келеді. Оған Ақмола қалалық кеңесі «1929-30 жылдары қала­лық собор мен №1 мешіт қолданыстағы Заңға және Қалалық кеңес қабылдаған қарарларға сәйкес тәркіленді және олар мәдени-ағарту мақсатында пайдаланылуда. Бұлардан басқа тағы бір шіркеу мен №2 мешіт салықтар мен алымдарды төлемеген. Сенушілерге берілген бір шіркеу мен №2 мешітке қатысты баяндалғанға негізделе отырып және өзінің осы жылдың 23 наурызындағы №434 өтінішін растай отырып, сондай-ақ 1931 жылғы КСРО ҚХК-ның №68 цир­куляры негізінде, шіркеу мен №2 мешітті алу туралы өтінішті қанағаттандыруды сұрайды, собор мен №1 мешіт туралы мәселе аяқталды деп есептеп, шір­кеу мен №2 мешітті алған кезде бұл ғимарат­тарға қалалық кітапхана мен басқа да мекемелерді орналастыру мүмкіндігін қарастыру керек. Ақмолада тұрғын үй тапшылығы бар, жаңа ғимараттар салу мәселесі шешілмеген, ал халықтың аз ғана бөлігінен тұратын шіркеу мен мешіт­ке баратын сенушілер үшін екі ғима­рат­ты қалдырудың қажеті жоқ», деп жауап береді. 1931 жылы 4 сәуірде БК(б) П Ақмола аудандық комитетінің жабық отыры­сында бұл мәселе қайта қаралады. Қалалық кеңес мешітті жергілікті салық (мешіттің салығы) төленбеуіне байланысты жапқаны айтылады. Бірақ қалалық кеңес мешітті жабу фактісі мұсылман сенушілерінің Ораза айт мерекесімен тұспа-тұс келуіне орай (16/II-31) молданың сенушілер арасында үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізіп, салық төлеу үшін керек қаражаттан асатын қаржы жинағанын және келесі күні Қалалық кеңеске салықты төлегенін анықтайды. Қалалық кеңес бұл жағдайды ескермеген, Мұсылман сенушілер тарапынан салық толық төленгенін басшылыққа ала отырып, Қазақстан Орталық Атқарушы комитеті нақты шешімді бекіткенге дейін мешітті қайтаруды орынды деп санайды. Қалалық кеңес фракциясына осы шешімді жүзеге асыру ұсынылады. Жұмысшы-шаруа инспекциясының бақылау комиссия­сына бұл мәселеде саяси қателік жіберген қалалық кеңес өкілдерінің әрекетін тергеу­ге тапсырма беріледі.

Соған қарамастан 1930-шы жылдардың соңында мешіт жабылады, кейін онда Пионерлер үйі орналасады, 1950-ші жылдары орнына үш қабатты тұрғын үй салынады делінген. Дегенмен, мешіттің тас қақпасы, тіреулер, темір тор қоршаулары сақталған. Бүгінде «Жасыл мешіт» қоршауы қаланың киелі нысандар картасына енгізілген.

Қаладағы басқа да түрлі ғибадат үйлері туралы сөз қозғағанда, Константин-Елена шіркеуі алдымен айтылады. Ақмола бекі­нісінде 1843 жылы қазынаның ақша­сына қайтыс болғандарды жерлеу және жаназасын шығару үшін жер кірпіштен жорық шіркеуі салынады. Шіркеуді 2-ші алдың­ғы шептегі батальонның дін қызмет­кері Михаил Никольский басқарады. М.Никольский кейін 1850 жылдың ерте көктемінде шіркеу құрылысын бастау жөнінде 1849 жылы 12 қыркүйекте шекара бастығына хат жазады. Ағаштан соғылатын шіркеудің жобасы мен сметасы әзірленеді. Құрылысты жүргізу бекіністің гарнизон инженері Г.А.Воротниковке тапсырылады. Шіркеу 1854-1856 жылдары Сібір казак әскерінің қаржысына салынады. Константин-Елена шіркеуінің ғимараты 1854-1856 жылдары ағаштан салынды. Ішкі жұмыстары 1858 жылы толығымен аяқталып, казак әскерінің меншігі ретінде 1900 жылы бұзылып, станицаға көшіріледі. Бұл нысан да 1938 жылы жабылып, 1940 жылы тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылды. 1941-1942 жылдары шіркеу ғимаратында Ақмолада ұйымдастырылған 29-шы атқыштар дивизиясының байланыс батальоны орналастырылады, ал 1942 жылдан бастап мінәжат орнына қайта айналады.

Ақмола қаласының көрікті ғимарат­тарының бірі, қаланың орталығында орналасқан Александр-Невский шіркеуі еді. Бұл үйдің негізі 1891 жылдың 12 мамырында Курск-Харьков темір жолында қаза тапқан Александр III және оның отбасына естелік ретінде қаланды.

Собор қалалық басқарманың және белгілі көпестер М.К. Кубрин, И.С.Силин, В.Н.Попов және басқалардың қаржысына салынады.

Шіркеу қазіргі Абай және Бигелдинов көшелерінің арасында орналасқан. Оның жобасын Тобылдан арнайы шақырыл­ған инженер-технолог Павел Голышев жасады. Бірде-бір шеге қолданылмай тұрғызылған шіркеудің ішкі қабырға­сын және төбесін 1914 жылы әйгілі В.М.Вас­не­цовтың шәкірті, мәскеулік суретші М.И.Тимофееев безендірді. Оның ішкі және сыртқы келбеті талғамға сай, құнды безендірілуімен ерекшеленді. Қоңы­рау­хана, биік ақ қабырға, үш тас қақпа, монументтік қабырға жазбалары шіркеуге ерекше кейіп берді.

ҚазОАК-нің 1930 жылғы 20 наурыз­дағы №43 қаулысымен Александр-Нев­ский соборы жабылып, ғимараты Халық үйіне пайдалануға беріледі. 1930 жыл­ғы наурыздың 1-нен 2-не қараған түні қалалық театрдың ғимараты өртке ора­на­ды. Спектакль, концерттер және бас­қа іс-шараларды өткізу үшін ғимарат қажет болған кезде нысан Ойын-сауық кәсіп­орны басқармасына (құрамында драма театры, қалалық бақтағы жаздық театр, «Востоккино» кинотеатры) беріледі.

1939-1940 жылдары Собор ғимараты құлатылады. 1940 жылы ақпан айында қаланы абаттандыру жөніндегі жос­пар бойынша аумағы 400 шаршы метр жұл­дызды шеңбердегі гүл бағына айналады.

Мұнда 1964 жылы Кеңестер үйі ғи­мараты бой көтереді. Бұл тарихи нысан 90-шы жылдары қайта жөндеуден (реконструкция) өткен соң, 1997-2005 жылдары  Президент Әкімшілігі және Үкіметі орналасқанын, ал қазіргі уақытта мұнда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің аппараты орналасқанын біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін.

Архив мұралары синагоганың (1866 ж.) тарихы туралы дерекке де кенде емес. Бел­гілі жазуші С.Марков өзінің Ақмола қаласы туралы жазбаларында «Ақмола еврейлері бұрыннан бекі­ністе бар халық» деп жазады. Сол уақытта бекіністе ор­на­ласқан 2-ші Сібір батальонының құра­мында еврей ұлтының өкілдері аз болмаған.

Еврейлер діни ғұрыптарды жеке үйлерде, кейде бос казармаларда өткізген. 1866 жылы әскери еврейлер өз қаржыларына жеке үй сатып алып, оны синагогаға айналдырады. 1895 жылы сәуірде ақмолалық 200 еврейдің атынан еврейлердің діни қоғамдастығы әскери губернаторға азаматтық хал актілерін тіркеуге рұқсат беру жөнінде өтініш жолдағаны туралы деректер сақтаулы.

 

Ғазиза ИСАХАН,

Мемлекеттік архивінің ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы

 

Нұр-Сұлтан қаласы

 

 

 

Соңғы жаңалықтар