Аймақтар • 17 Сәуір, 2020

Жамбыл облысында қоғамдық және жеңіл автокөліктердің қозғалысы тоқтатылды

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде коронавирус індетінен сақтану мақсатында Жамбыл облысы аумағында карантин режимі енгізілген болатын. Соңғы мәліметтер бойынша, өңірде індет жұқтырғандар саны 50 адамнан асып отыр.

Жамбыл облысында қоғамдық және жеңіл автокөліктердің қозғалысы тоқтатылды

Алайда, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бүгіннен, яңни 17 сәуірден бастап карантин режимі күшейтіле түсетінін хабарлады.

«Өйткені, еліміздің ең бірінші байлығы – адам, оның денсаулығы десек, қазіргі жағдайда біз азаматтарымызды аман-есен сақтап қалу үшін қатаң шараларға баруымызға тура келіп тұр. Бұл шаралардың барлығы, айналып келгенде тұрғындар игілігі үшін жасалып жатқан іс екенін жете түсінсеңіздер дейміз», деді ол.

Бүгіннен бастап Тараз қаласының ішіндегі қоғамдық көліктер толықтай тоқтатылды. Карантинге дейін қала ішінде 43 бағыт бойынша 442 автобус жүріп тұрған болса, карантин енгізілген соң оның саны айтарлықтай қысқартылған. Алайда, Бекболат Орынбеков қала ішінде жүріп-тұратын азаматтардың әлі де азаймай тұрғанын айтты. Сонымен қатар, жеңіл автокөліктердің де жүруіне тыйым салынып отыр. Күні бүгінге дейін түрлі анықтамалармен жүріп келген автокөліктерге бүгіннен бастап шектеу қойылды.

Ал «Сергек» базасына енгізілген, яғни блок-бекеттердегі тексеру алаңдарындағы арнайы планшеттерге енгізілген 14 мыңнан аса азаматтың тізімі де қайта тазартылады.

 

Жамбыл облысы