Соңғы мәлімет бойынша Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетіне шалдыққандардың саны 39-ға жетті. Соңғы бір тәулік ішінде анықталған 9 адамның 8-і – Ресей Федерациясында вахталық әдіспен жұмыс істеушілер екен. Олар Саратов облысы аумағынан елімізге «Тасқала» шекара бекетінен өткен.
- Сараптап қарасақ, осы кезге дейін індет жұқтырғандардың 32-сі – вахталық жұмыстан келген, яғни вирустың 82%-ы сырттан әкелінген. Қалған 7 адам солармен жақын қарым-қатынаста болғаннан кейін ауырып қалған. Соңғы күндері шекарадан жаяу өткен жерлестеріміздің бәрін оқшаулап жатырмыз. Өйткені олардың бәрінде ауруеш белгісіз өтуде, дене қызуы да жоқ, тек диагностикалық зерттеуден кейін ғана олардың COVID-19 инфекциясын жұқтырғаны анықталды, деді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Мұхамғали Арыспаев.
Осыған орай шекара бекетіне жақын орналасқан Тасқала ауданында карантиндік стационар мен провизорлық госпиталь ашылатын болды. Облыстың бас мемлекеттік санитарының айтуынша, стационарда науқас белгісі жоқ тұрғындар оқшауланса, госпитальда дене қызуы көтерілгенде жатқызылады. Оларға сол жерде полимерлік тізбекті реакция арқылы диагностикалық зерттеу қорытындысы жасалып, вирус нақтыланса, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылатын болды.
Қазіргі сәтте Батыс Қазақстан Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында – 28 адам, провизорлық стационарда – 50, карантиндік стационарда – 158, үй оқшаулауында – 1396 адам дәрігер бақылауында.
Батыс Қазақстан