Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлердегі департаменттері бюджет қаражатына қол сұққандар мен қызметін бұлдап пара дәметкендердің жымысқы әрекеттерін анықтады.
Қостанай облысындағы департамент түрлі айла-шарғымен мемлекеттік субсидиядан 37 млн теңгені жымқырды деген күдікпен бірқатар азаматты сотқа дейін тергей бастады. Күдікке ілінгендер – облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғалары, сондай-ақ Жітіқара және Жангелдин аудандары әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас мамандары. Олар жайылым және мал өсіру шаруашылығын сумен қамтамасыз ету бойынша шаруа қожалықтарының іс жүзінде орындамаған жұмыстарын растау арқылы қомақты қаржыны қалтаға баспақ болған.
Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті қызметін асыра пайдаланып пара алудың екі фактісін назарға алды. Оның бірі мал ұрлаған азаматты жауапкершілікке тартпау үшін 300 мың теңге алған Іле аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі болды.
Бұған қоса ЖШС қызметі туралы тексеру актісіне сәйкес оң шешім шығарғаны үшін 665 мың теңге алды деген күдікпен Төтенше жағдайлар департаментінің Қарасай ауданының Төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімі бастығы мен аға инженері сотқа дейін тергеледі.
Ақтөбе облысында КА-168/1 мекемесі күзетінің инженерлік-техникалық құралдарының күрделі жөндеуіне бөлінген 5 млн теңге сомасындағы бюджет қаражатын жымқырған ІІМ ҚАЖК «Еңбек-Ақтөбе» РМК облыстық филиалының директорына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Іздеуде болған күдікті ұсталып, Ақтөбе қаласында Ішкі істер департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Шығыс Қазақстанда стансаның кезекшісінен жалпы қамқорлығы үшін 200 мың теңге алған «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Семей филиалы «Жаңғыз-Төбе» стансасының бастығына қатысты қылмыстық істі тергеуді бастады.
Бұған қоса Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент жеке кәсіпкерлерден мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшарт жасағаны және сол бойынша төлем жүргізгені үшін жалпы сомасы 623 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен астаналық мектеп директорын сотқа дейін тергей бастады.
Жоғарыда аталған күдікті тұлғалардың кінәсінің дәрежесін анықтап, түпкілікті шешімді сот шығарады. Өткен аптада осындай қылмысы дәлелденгендерге қатысты бірқатар үкім шығарылды.
Осыған дейін Павлодар облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 2018 жылы тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алу туралы жалған мәміле жасасу арқылы 6,3 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырған «Қазақстан су жолдары» РМҚК Павлодар филиалының басшысын сотқа дейін тергеген. Биыл 7 сәуірде Павлодар қаласының №2 сотының үкімімен аталған басшы 2 жыл мерзімге бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.
Солтүстік Қазақстан облысындағы департамент еншілес кәсіпорындарды тарту арқылы жерге орналастыру және жер кадастрлық жұмыстарын жүргізу бойынша қызметтерге ақы төлеу ретінде бөлінген 574 млн теңге бюджет қаражатын қалтаға басқан облыс әкімдігінің Қаржы басқармасы басшысының орынбасары А.З.Қалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. 2020 жылы 4 сәуірде Петропавл қаласы сотының үкімімен А.З.Қалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметтен аластатылды. Осы үкіммен Д.Б.Қалиева 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар аудандық соттың төрағасына қатысты Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 200-бабына сәйкес жасалған ұсынысты қарау нәтижелері шықты. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыс жасау туралы жалған фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстық құқықбұзушылық пен басқа да заң бұзушылыққа әкеліп соққан жағдайларды жою бойынша ұсыным енгізген еді.
Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Алматы филиалы судьяларының этикасы Комиссиясының 2020 жылғы 3 сәуірдегі хаттамалық шешімімен Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының төрағасы Қ.Әріповке қатысты сот этикасына қайшы келетін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қоғамдық айыптау шығарылды.