Қоғам • 20 Сәуір, 2020

Жетісу еріктілерінің жемісті еңбегі

441 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жетісу жастарының волонтер міндетін атқаруға деген ынтасы жоғары. Және бұл жақсы үрдіс биылғы жылдың «Еріктілер жылы» деп жарияланғанына дейін-ақ қалыптасқан болатын. Мәселен, былтыр облыстағы еріктілер саны 1043 бастамашыл жасты құраған екен. Ал қазір волонтерлер қатары 1771 адамға жетті.

Жетісу еріктілерінің жемісті еңбегі

Жұқпалы індеттің күрт белең алуы жастардың қалыпты бастамасын басқа арнаға бұрып, жұмысты күшейтілген жағдайда істеуде мәжбүр еткені анық. Расымен де волонтерлердің төтенше жағдай кезіндегі еңбегі ересен. Коронавирус инфекциясының жылдам таралуы карантин аумағындағы тұрғындардың көмекке мұқтаждығын да еселеп арттырды. Осы қиын-қыстау сәтте салмақтың бір ұшы ерікті жастарға түсіп тұрғанын айтуымыз керек. Қазір көп балалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған әулеттерге тегін азық-түлік тарату, медициналық заттар мен басқа да керек-жарақпен қамту ісінің бастауында волонтерлар жүр. Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыс «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің аясында іске асырылуда. Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап бұл жерде тұрғындардың өтішінін қабылдайтын қауірт желі іске қосылған болатын. Бүгінге дейін 2634 адам фронт-кеңсеге хабарласып, көмек сұраған. Оның ішінде 1098 адам әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айтып, азық-түлікпен қамтуды өтінсе, 302 тұрғын қашықтан оқытуға қатысты сұрақ қойған. Ал қауірт желіге хабарласқан 368 адам денсаулық сақтау саласына қатысты өтініш айтып, мамандардың көмегіне зәру екенін айтқан. Сондай-ақ 404-404 телефон нөміріне 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге қатысты анықтама алу үшін бірер тәулік ішінде 864 адам қоңырау шалыпты.

Жалпы, «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің еріктілері әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға қол ұшын созудан аянып отырған жоқ. Қазірге дейін 7501 отбасына көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Және облыста еріктілердің атсалысуымен 46000 дана медициналық бетперде тігіліп, тұрғындарға таратылды. Сондай-ақ жастар 936 рет қайырымдылық акциясын өткізген. Шар аясында волонтерлер дезинфекциялық жұмыстарға атсалысу, азық-түлік тасымалдау, медициналық антисептик, жеке гигиеналық заттар және маскамен қамтамасыз етумен айналысты.  Аймақтағы жалғызбасты қариялардың үйіне тазалық жұмыстарын жүргізу де жастар үшін тұрақты іске айналды.    

Талдықорғандық алғыр азамат Дидар Жұмаханның еріктілер қатарына қосылғанына жақында екі жыл толды. Ол 2018 жылы Жетісудағы волонтер жастардың ұйымына жүрек қалауымен келіп қосылған екен. Қазір «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінде автоерікті ретінде еңбектенуде.

- Жақсылық жасау, жығылғанға сүйеу, жылағанға тіреу болу – кез келген адамның қолынан келетін іс. Тіпті бұл қазақ халқының өмір заңдылығы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне сіңісіп кеткен игілік деп ойлаймын өз басым.  2018 жылдан бастап Талдықорғандағы еріктілер ұйымының белсенді мүшесімін. Мен волонтерлік жолды таңдауымның себебін адамдарға жақсылық жасап, қоғамға титтей болсын пайдамды тигізу деп түсіндірсем, артық боламайтын шығар. Біз қазір мұны өз ісімізбен дәлелдеп жүрміз. Елімізде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты Алматы облысы Жастар саясаты басқармасы жанынан құрылған «Мейрімді Жетісу» фронт – кеңсесіне автоволонтерлер аса қажет болып тұр. Өйткені қауірт желіге хабарласқан адам саны күрт көбейді. Мұқтаж жандарға көмек беру үшін, қажетті заттарды жеткізу үшін көлік үнемі қажет. Біз бұл жұмыстан әсте тартынбаймыз. Бүгінге дейін біздің автоволонтерлер 2635 отбасына  азық-түлік, дәрі-дәрмектер жеткізген екен. Әрине, бұл менің ғана емес істеп жатқан жұмысым емес, достарымның және өз ісінің шеберіне айналған барлық еріктілердің, мамандардың ортақ еңбегі. Қазір коронавирустың таралуы жиілеп кетті ғой, осы күнде әке-шешем қатты алаңдайтын болды. Мен ол кісілерге ерікті екенімді ескертіп, төтенше жағдайға байланысты тұрғындарға көмегімді тигізу керек екенін түсіндірдім. Ал өзім автоволонтер болу – алғыс пен бата алу деп ойлаймын әрі жұмысымды жалғастыра беремін, - дейді талдықорғандық автоерікті Дидар Жұмахан.

Айтпақшы, осы мақаланы дайындау барысында біз Іле ауданындағы еріктілер қозғалысының үйлестірушісі Дастан Ерубаевпен кешқұрым онлайн байланысқа шығуға келісіп, нақты уақыт белгілеген едік. Алайда, еріктіні ұзақ күтуге тура келді. Арада бір сағаттай өткенде телефонмен хабарласып, сөзді қысқа қайырған волонтер бізге қажет ақпаратты түнде жазып жіберетінін ескертті.

...Дастанның WhatsApp желісіне жазған хабарламасын ертесі бірақ оқыдық. Ол хатты сағат түнгі 1 шамасында жолдаған екен, біз бұл уақытта ұйқы құшағында едік.

- Аға, айыпқа бұйырмаңыз. Сізге берген уәдемді уақытында орындай алмадым, үйге кірген бетім осы. Ұят болмасын деп, сұраған ақпаратыңызды түнделетіп жазып отырмын, - деп бастапты ол хабарламасын. Жағдай былай болған екен: волонтер бізбен онлайн байланысқа шығуға дайындық жасап отырып, әлеуметтік желіден Іле ауданы аумағында тұратын көмекке мұқтаж адам жайлы жазбаны көріп қалады. Дереу жазба иесіне хабарласқан Дастан әлеуметтік жағынан аз қамтылған әулеттің азық-түліксіз қалғанын анықтайды. Дереу іске кіріскен бұл аудан әкімдігіне хабарласып, мұқтаж отбасына көмек ұйымдастырыпты.

- Жұмыс күні аяқталып қалғандықтан шұғыл әрекет етуге тура келді. Егер еріктілер демеушілер берген азық-түлікті мұқтаж отбасына жеткізіп үлгермегенде, ол әулет қиналып қалар ма еді. Қазір бізге уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келіп тұр, - депті өз хабарламасында ағынан жарылған Дастан.

Әрине, еріктінің бұл азаматтығына алғыстан басқа айтырмыз бар ма? Жас жігіт жараған екен. Жалпы, Іле ауданы жастарының ізгі жолы жалғасып жатыр. Ауданда төтенше жағдайға байланысты тұрақты жұмысы тоқтап, табыс көзінен айырылған жандарға, сонымен қатар көп балалы аналар мен  жағдайы төмен отбасыларға жеке кәсіпкерлер атынан көмек ұйымдастыруда. Бұл істің басында ерікті жастар жүр. Бүгінге дейін 1776 дана әлеуметтік азық-түлік себеті жасалып, мұқтаж жандарға тегін таратылыпты. Бұған да волонтерлер атсалысқан. Көп балалы отбасылар мен аз қамтылған әулеттерге 5000 данадан астам маска тағы берілген. Дастанның өзі бас болып аудандағы «Асар ume» қорын дайындаған 60 шақты азық түлік себетін де көмек сұраған үйлерге жеткізіп беріпті.

- Міне, «Аrkaz Invest» ЖШС  көмегімен 3000 отбасыға тегін азық-түлік жеткізіп жатырмыз. Бұл істің бәріне аудан жастары өте белсенді атсалысуда. Қазір жүзден аса волонтер күн сайын аудан әкімдігінің жұмысына, тәртіп сақшылары көмектесіп, ерікті түрде міндеттерін атқарып жүр, - дейді Іле ауданындағы еріктілер қозғалысының үйлестірушісі Дастан Ерубаев.