Бюро отырысында заң жобалары бойынша негізгі комитеттер белгіленіп, Сенаттың 30 сәуірге жоспарланған кезекті отырысының күн тәртібі бекітілді.
Дариға Назарбаева сөзінің басында Палата отырысының күн тәртібіне енгізілген заң жобалары мемлекет пен қоғам үшін аса маңызды екенін, соңғы жылдары азаматтарымыз көтеріп жүрген көптеген мәселе осы жаңа заңнамалық актілерде көрініс тапқанын атап өтті.
– «Ардагерлер туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Отанымыздың алдында әскери және азаматтық борышын өтеген ардагерлер мен азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау мәселелерін реттеуге бағытталған. Сонымен қатар осы құжатпен басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлердің жаңа санаты енгізіледі. Сонымен катар біз бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасын да қараймыз. Бұл заң жобасы елімізде жиналыстар мен митингілер ұйымдастыру, өткізудің қазіргі практикасын түбегейлі түрде өзгертеді. Жоба азаматтардың құқықтарын, митингілер өткізу кезіндегі жауаптылықты оңтайлы ұштастыруға бағытталған және тұтастай алғанда халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, – деді Д.Назарбаева.
Сенат Төрағасы жиын соңына қарай елімізде коронавирус жұқтырғандар саны артып, үдемелі кезеңге жетуіне байланысты төтенше жағдай тәртібінің 1 мамырға дейін ұзартылуы қажетті шара болғанын атап өтті. Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы кейбір кәсіпкерлік субъектілері санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, жұмыстарын бастайды. Осыған байланысты Дариға Назарбаева кәсіпорындар қызметкерлерін жұмысқа шығаруға дайын ба және ұжымдарына қауіпсіздік пен гигиена сақтауға қажетті барлық жағдайды жасай ала ма деген сұраққа мән беріп қарады.
Сенат Төрағасы еліміздің төтенше жағдай кезіндегі қолданыстағы әкімшілендіру, мемлекеттік органдарды үйлестіру, заңнама мен заңнан кейінгі актілер жүйесін талдау қажеттігін айта келіп, төтенше жағдай мен төтенше оқиға тәртібіне елді жұмылдыру дайындығы тақырыбына арналған парламенттік тыңдауларды Сенаттың қазан айындағы жұмыс жоспарына енгізуді ұсынды.
– Әкімдіктер берген ақпараттарға сәйкес, орталық пен жергілікті жерлердегі жұмысты үйлестіру нашар, келісу мен мәселені шешуге көп уақыт кетеді. Жұмылдыру резерві туралы мәселе ауқымды болып отыр. Қазір бізде жұмылдыру дайындығы бойынша заң жобасы бар. Ол заманауи талаптарға жүйелі әрі кешенді түрде жауап бере алмайды. Жақсы болса да, жаман болса да бізде қазір іс жүзінде тәжірибе бар және оны қызметімізде пайдалану керек, – деді ол.
Сонымен қатар Дариға Назарбаева бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған журналистер, дәрігерлер, полиция мен әскери қызметкерлердің, еріктілердің қатысуымен орын алған келеңсіз көріністерге де тоқталды.
– Бүгінгі таңда дәрігерлер де, журналистер де алғы шепте қызу еңбек етіп жатқанын еске салғым келеді. Олар ықтимал қауіп-қатермен күнде бетпе-бет келсе де өздерінің кәсіби борышын адал атқарып жүр. Сондықтан оларға құқықтық қорғау мен адами қолдау аса қажет. Қазір – кінәліні іздемей, түсінбеушіліктерді өршітпей, өзекті мәселелерді бірігіп шешіп, ынтымақпен жұмыс істейтін, бір-біріне көмектесетін уақыт. Бұл ретте құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бағынбау, әсіресе полицияға шабуыл жасау немесе қарсылық көрсетудің жолын кесу керек. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз өкілеттіліктерінің аясында ғана әрекет етуі, сыпайы, әдепті болуы тиіс. Бәріне де қиын, бірақ бір-бірімізге жәрдемдесіп қана осы жағдайдан тезірек шыға аламыз, – деді Сенат Төрағасы.