Қазақстан • 21 Сәуір, 2020

Құрылыс секторы: Халық баспанасыз қалмай ма?

357 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанда 15 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Осы арқылы əлеуметтік тұрғыда қорғалмаған, аз қамтылған, сондай-ақ жастар санатындағы жəне бюджеттік салада қызмет ететін 32 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтылмақ. Алайда наурызда енгізілген төтенше жағдай режімі экономиканың басым салаларына ауыр тиді. Шектеу шаралары əсіресе құрылыс секторын тұралатты. Бұл салада еңбек ететін отандастарымыздың саны шамамен 650-700 мыңның айналасында. Халықаралық сарапшылардың болжауынша, пандемиялық кезеңнен кейін жаһанның қаржы-экономикалық архитектурасын қалпына келтіру оңайға соқпайды.

Құрылыс секторы: Халық баспанасыз қалмай ма?

700 мың құрылысшының жұмысы тұралады

Құрылыс саласы кез келген мемлекеттің тұрақты дамуын айқындайтын индикатордың бірі. Бұл арқылы елдің экономикалық əлеуеті мен тұрақтылық деңгейі бағаланады. «Атамекен» ҰКП Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрағасы Александр Беловичтің айтуынша, осы жылы елімізде тұрғын үй құрылысына барлық қаражат көздерінен 5 трлн теңге қарастырылған еді.

Бірақ та бүгінге дейін мердігерлер жоспарланған нысандардың қайсысы салынатыны немесе қайта басталатыны туралы ақпараттан бейхабар.

Алдымен құрылыс қаржыландырушылары мен тапсырыс берушілер кімдер екенін анықтап алайық. Олардың бес санаты бар. Атап айтқанда, жергілікті бюджет (қалалық жəне облыстық әкімдіктер). Әдетте, олар қала ішіндегі жолдарды, коммуналдық желілерді салуға, жаңғыртуға, мектептер мен балабақшаларды салуға ақша бөледі. Екіншіден, республикалық бюджет. Оның көмегімен ірі жобалар іске асырылады. Тапсырыс берушілердің үшінші санатына «Самұрық-Қазына», KazAgro жəне «Бәйтерек» сынды ұлттық холдингтер кіреді. Сол секілді NCOC, «Қарашығанақ Петролиум», «Теңізшевройл», CNPC (Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы) және басқа да компаниялар мұнай-газ секторындағы құрылыстың басты донорлары. Бұдан бөлек, түрлі бағыттағы ірілі-ұсақты зауыттарды, энергетика жəне ауыл шаруашылығы нысандарын салумен  айналысатын компаниялар бар. Сонымен бірге бұл ұйымдар сауда орталықтарын, кеңсе ғимараттарын, жекеменшік балабақшаларды, мектептер, емханалар, қонақ үйлер, көп пәтерлі тұрғын үй кешендерін, жеке тұрғын үй құрылысын да жолға қойған деді білікті құрылысшы.

«Тапсырыс берушілердің қаражаты шамамен 650-700 мың жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың қатарына жобалаушылар, құрылысшылар, инжинерлік компаниялар мен құрылыс процесіне қатысы ұйымдардың мамандары кіреді. Күн сайын «Атамекен» ҰКП Құрылыс және ТҮКШ комитетіне  мердігерлерден келісімшарттағы соманы азайту немесе мүлдем тарқату туралы хаттар жиі түсіп жатыр. Құрылысшылардың мемлекеттен алған тапсырыстары көп. Бірақ құрылыс ұйымдары жұмысты қалағандарынан тоқтатып, белгіленген мерзімнен əдейі кешігіп жатқан жоқ. Сондықтан олар мемлекеттік комиссиядан төтенше жағдайға байланысты келісімшарттардың қолданылу мерзімін ұзартуды сұрайды. Жұмыстардың тұрақтап қалған себебі онсыз да белгілі. Барлық компаниялар 2019 жылға арналған корпоративтік табыс салығын төлеген жоқ. Бұл орайда құрылысшылар жылдың соңына дейін КТС (корпоративтік табыс салығы) төлеуді кейінге қалдыруға өтініш білдірді. Осы арқылы компаниялар айналымдағы қаражатқа ие болады. Төрт айдың ішінде екі мердігердің кəсібі тұрақтап, жартылай жұмыс режіміне көшті. Дағдарыстың əлі қашан аяқталатыны белгісіз. Сол себепті 2020 жылға арналған КТС 20% емес, әдеттегідей 10% мөлшерінде белгіленсе екен дейміз», - деді А.Белович.

Мемлекеттік қолдау жүйеқұраушы компанияларға көрсетіледі

Таяуда «Атамекен» ҰКП-ның алаңында ұйымдастырылған онлайн жиында Ұлттық экономика министрі Руслан Дəленов біріңғай тізім əзірленетінін, сондай-ақ қолдауға тек құрылыс сегментіндегі жүйеқұраушы компаниялар иеленетінін жеткізді.

«Барлық өтініштер жазылған. Салалық біріңғай тізімді əзірлеу ойымызда бар. Бұл салаға тұтастай қолдау көрсетілмейді. Тек жүйе құраушы компаниялар жəне кəсіпорындар көмекке ие болады. Өтініш пен тілектер алдағы уақытта қарастырылады», - деді Р.Дəленов.

Бас экономистің бұл сөзінен кейін шағын құрылыс кəсіпорын иелерінің үміті су сепкендей басылды. Десе де отандық сарапшылар министрдің сөзінде жаны бар деп есептейді. Өйткені, 2007-2010 жылдар аралығындағы əлемдік дағдарыс кезінде еліміздегі құрылыс компанияларының санында есеп болмаған. Салдарынан нарықта сапасыз нысандар көбейіп, алданған үлескерлердің мəселесі ең өзекті проблемаға айналған еді. 

«Қазір еліміздегі құрылыс саласы біраз тəртіпке келді. 2007-2010 жылдары үлкен экономикалық дағдарыс болғаны мəлім. Сол кезде ерінбеген адамның барлығы құрылыспен айналысты. Материалдық-техникалық база мен мамандар жетіспегені былай тұрсын, жобалық құжаттарды əрең дайындап, сапасыз жұмыстар көбейіп кеткен еді. Неге? Себебі олардың дені ұсақ компаниялар болды. Техникалық базалары талапқа сай келмейтін. Қарағанды да құрылыс нысандары апатты жағдайда құлағаннан кейін бұл салаға мəн беріле бастады. Құрылысшылардың техникалық жарақталуына, мамандардың біліктілігіне, кəсіби тəжірибелеріне талап күшейтілді. Ал кəсіби тəжірибе кімдер де бар? Əрине үлкен кəсіпорындар мен компанияларда. Əлбетте, шағын жəне орта бизнесті дамыту керек. Нақты айтсақ, инженерлік инфрақұрылымды жəне коммуникацияны тартуға, ішкі жұмыстарға шағын кəсіпорындарды жұмылдыруға болады. Ал тұтастай құрылыс жүргізу құқығы үлкен кəсіпорындарға берілу керек деп санаймын. Сондықтан Дəленовтың айтқан сөзін құптауға тұрарлық. Демек, компанияның ірілігінен бөлек, материалдық-техникалық жарақталуы мен кəсіби тəжірибесі есепке алынғаны абзал», - деді Қазақ технология жəне бизнес университетінің оқытушысы, белгілі экономист Сапарбай Жобаев.

Сарапшы ірі мердігерлерді салық жүктемелерінен босатуға қатысты пікірін де білдірді. 

«Бұл жерде əрбір кəсіпорынның жеке жағдайына мəн беру керек. Неге десеңіз, мысалға кішігірім асхананы алып қарайық. Екі айда оның жұмысы тұрақтап, табысын айырылды делік. Əрине, оны салықтан босатып, несиесін жеңілдетуге жəрдемдесу қажет. Қызметкерлері жұмыссыз қалған соң, қаржылай қолдау артық болмайды. Ал енді ірі компаниялар жұмысын тоқтатпаса, қызметтен босатылған жұмысшыларына 42 500 теңге көлеміндегі жəрдемақы берілсе, неге оларға жеңілдік жасалу керек? Алдағы уақытта бұл кəсіпорындарды басқа тəуекел күтіп тұр. Мəселен, дағдарыстың салдарынан жылжымайтын мүліктің бағасы түсуі мүмкін. Яғни олардың табысы азаюы ғажап емес. Себебі сұраныс азаяды. Халық тапқан-таянғанын қажеттіліктеріне жұмсауға мəжбүр болады. Адамдардың инвестициялық əлеуеті төмендеуі мүмкін. Табысының 30%-ы 10-15%-ға дейін азайса одан қатты əсер болмайды. Егер де кірісінің 10-15%-ы -5%-ға құлдырап, айналымдағы қаражаттан айырылса, онда жеңілдетілген несиемен көмек беруді қарастыруға болады», - деді С.Жобаев.

Арзан ипотеканы дамытуды ұсынды

Жоғарыда айтылғандай, биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның 12, 8 млн шаршы метрін салу жеке құрылыс компанияларына тиесілі. Бұл орайда мердігер ұйымдар «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысты ұсыныстарын білдірді. Дəлірек айтқанда,

«Атамекен» ҰКП Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрағасы ең төменгі пайыздармен арзан ипотеканы дамыту қажет деп есептейді. Айталық, «Нұрлы жер» бағдарламасының    «7-20-25» бағыты бойынша пəтердің шекті құны 25 млн теңге. Осыған байланысты құрылысшылар бұл соманы 35 млн теңгеге дейін арттыруды сұрайды. Нəтижесінде аталған ипотеканың мүмкіндігін жеке тұрғын үйді салып жатқандар мен қалаған көлемдегі баспананы сатып алуды көздеген халық пайдаланатын болады дейді А.Белович. Ал 25 млн теңге Алматы мен Нұр-Сұлтанда 60 шаршы метр пəтер алуға жарамайды деп нақтылады комитет төрағасы.

Экономистердің болжамынша, таяу уақытта Қазақстанда тұрғын үйдің бағасы сəл қымбаттауы мүмкін. Бұған төл валютаның құнсыздануы əсер етпек.