Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы Азаматтық орталық КММ-нің жанынан құрылған Волонтерлер штабы бірнеше бағыт бойынша қызмет атқарады.
Кез келген атыраулық еріктілердің қатарына қосылып, төменде көрсетілген алты бағыт бойынша жұмыс істей алады: авто-волонтерлер (тұрғындарға азық-түлік, дәрі-дәрмек таратуға көмек); медицина волонтерлері (жедел-жәрдем қызметкерлеріне көмек); мониторинг жүргізетін волонтерлер (азық-түлік бағаларына мониторинг жасауға көмек); рейдке шығатын волонтерлер (полиция қызметкерлеріне көмек); волонтер тігіншілер (бірнеше мәрте пайдалануға болатын маскаларды тігуге көмек); кулинар-волонтерлер (бекеттегі қызметкерлерге және медбикелер мен дәрігерлерге ыстық бөлкелер жеткізуге көмек).
Волонтерлер штабы эстафета бастап, он күнге жуық уақытта 2 млн теңгеден астам қаражат жинады. Эстафетаға республикамыздың барлық аймақтарынан атсалысты. Жиналған қаржыға егде тартқан қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы және жалғызбасты аналарға, жалпы 207 отбасыға азық-түлік себетін таратты. Азық-түліктің бір себеті 13 600 теңгеден 14 800 теңгеге дейінгі шамада алынған. Атыраулық кәсіпкерлер Бауыржан Кенжеғалиев пен Гусейн Ибрагимов тағы 100 отбасыға азық-түлікпен көмектесті. 77 отбасы компаниялар тарапынан жәрдем алды. «Техносервис» ЖШС 50 отбасына антисептик таратты.
Волонтер тігіншілер бірнеше мәрте пайдалануға арналған 12 269 маска тікті. Бұдан бөлек католик шіркеуінің волонтерлері 132 маска тігіп берді.
Мониторинг жүргізетін волонтерлер аудандарға бөлініп, азық-түлік бағасына мониторинг жүргізе бастады. Әрқайсысы дүкендерді, супермаркеттерді аптасына үш рет аралап шығады. Бағалар кестесін қалалық кәсіпкерлер бөліміне жіберіп отырады.
Волонтерлер штабында 100-ге жуық волонтер бар. Олар бес бағыт бойынша көмектеседі. Волонтерлер – 30-55 аралығындағы қала тұрғындары. Олардың арасында таксишілер, компания қызметкерлері, үй шаруасындағы адамдар, вахтада жұмыс істеген азаматтар да бар.
Эльвира АРАЛОВА,
«Самға жүрегім» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
– Біз аптасына 3 рет супермаркеттер, базарлардағы бағаны бақылаймыз. Шағымдануға еш себеп жоқ. Баға айырмашылығын байқамадық.
Бұдан бөлек рейдке шығып, вокзал маңындағы аудандарды тексердік. Маска тақпаған, медициналық қолғап кимеген адамдарды кездестірдік. Барлығына ескерту жасалды. Адамдар әлі де сақтық шараларына салғырт қарайды. Осы орайда аса қажеттілік болмаса, тұрғындардың үйде отырғаны абзал екенін тағы бір ескерткіміз келеді. Ал далаға шыққан жағдайда маска және медициналық қолғап киюі керектігін ұмытпаса дейміз. Сол кезде ғана біз қауіптің, індеттің алдын аламыз.
Әйгерім ДОСҚАЛИЕВА,
Азаматтық орталықтың директоры:
– Он күнге жуық уақытта біздің қордағы қаражат 2 млн теңгеден асты. Жиналған қаражатқа 384 мұқтаж отбасыға азық-түлік сатып алынды. Жергілікті қайырымды жандарға да алғысымызды білдіреміз. Алла разы болсын!
Волонтерлер 5 бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Жақында алтыншы бағытты қостық. Олар – кулинар-волонтерлер. Яғни олар бекетте тұрған қызметкерлер мен дәрігерлерге ыстық бөлке пісіріп жеткізеді. Алдағы уақытта ыстық тағаммен қамтамасыз ету де ойымызда бар. Волонтерлердің барлығы да 30-55 жас аралығындағы қала тұрғындары.
Сонымен қатар Атырау облысы Полиция департаментінің басшысы Хамза Үмбетқалиев мырзаға біздің волонтерлерге арнайы тігілген формалар бергені үшін алғыс білдіргім келеді.
Алмагүл ҒАЛЫМЖАНОВА,
қала тұрғыны:
– Аз қамтылған, жалғызбасты, көп балалы аналарға, қарттарға қолұшын созғандары үшін Атырау қаласының волонтерлеріне көп рахмет! Бір-бірімізге осылай қолдау көрсету арқылы бірлігі жарасқан ел екенімізді көрсете алдық деп ойлаймын. Ниеттеріңіз Алладан қайтсын!
Гүлназ ҚОСМУРЗИЕВА,
волонтер
Атырау