Аймақтар • 23 Сәуір, 2020

Көп балалы отбасыларға көрсетілген көмек

484 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде мемлекеттің көп балалы отбасыларға көрсетіп отырған көмегі көп. Осы мақсатта Тараз қаласында жыл сайын тұрғындарға пәтерлер беріліп келеді. Жуырда Тараз қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 80 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Көптің игілігіне берілген тұрғын үй 15 шағын ауданда орналасқан. Мұнда тұрғын үймен көп балалы және аз қамтылған отбасылар, жетім балалар және басқа да әлеуметтік осал топтағы азаматтар қамтылды. Жаңа үйде үш бөлмелі 15 пәтер, екі бөлмелі 55 пәтер және бір бөлмелі 10 пәтер бар.

Көп балалы отбасыларға көрсетілген көмек

Көп жыл бойы кезекте тұр­ған тұрғындарға берілген пәтер кілттерін тапсыру салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

«Тұрғындардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін мемлекет түрлі бағдарламалар қабыл­дады. Өткен жылы Таразда екі мыңға жуық пәтер берілсе, бүгін де сол игі дәстүр өз жал­ғасын табуда. Баршаңызды жаңа қоныстарыңызбен құттық­таймын, мықты денсаулық, ұзақ өмір тілеймін», деді әкім.

Бұл – көп балалы және аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Көктем­нің алғашқы күндерінде қоныс тойын тойлаған көп балалы аналар көрсетіліп отырған кө­мек үшін алғыс айтты. «Біз 10 жыл бойы пәтер жалдап, ары-бері көшумен болдық. Енді көптен күткен екі бөлмелі пә­терге қол жеткізіп отырмыз. Қуа­нышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл үшін мемлекетке алғыс айтамын», дейді Жансая Әбдірайымова. Сондай-ақ қоныс тойын тойлап отырған алты баланың анасы Ғалия Шегеева да өзінің алғысын білдірді.

Әулиеата өңірінде бұл жар­қын жоба әрі қарай жал­ғаса береді. Тараз қаласы әкім­дігінің мәліметінше, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл 29 көп­қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Тағы 2025 жылға дейін жаңа тұрғын үй алабында барлығы 181 көппәтерлі және 255 же­ке тұрғын үй салу жоспарла­нуда. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында өт­кен жылы облыс бойынша 323 пәтер берілген болатын. Со­нымен қатар «Қарасу» ша­ғын ауданында көп балалы отбасыларға арналған 4 көп­қабатты әлеумет­тік жатақ­хана салынды. Енді «Арай» ша­ғын­ ауданында тағы сондай 4 жатақхананың құ­рылысы жүр­гізілуде. Қазіргі уа­қытта тұрғын үй кезегінде шамамен 19 мың адам тұрған болса, оның 2 мыңға жуығы көп балалы отбасы. Алдағы уақытта кезекте тұрған тұрғындар да баспанамен қамтылатын болады.

 

Жамбыл облысы