Әдебиет • 24 Сәуір, 2020

Мәртебелі сыйлық һәм киіз ұлтарақ

1276 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Төлтайдың таңдайы Гоби шөліндей қаң­сып, көшеден қос уысымен көсіп алған арықтың суын әкесінің бұлағына бас қойғандай аусарлана сіміріп салды. Содан соң кең маңдайынан бұрқ еткен терді қолының қырымен қырманда дән күрегендей бір күреп сыпырып тастап, көзін алайтып жан-жағына қарады. Осыдан тұп-тура отыз үш жыл бұрынғы Алматы менің де көз алдымда сурет болып тұра қалған: қала таң нұрына бөленген, ауа тап-таза, су тұп-тұнық, құс сайрап мәре-сәре.

Мәртебелі сыйлық һәм киіз ұлтарақ

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ

– Анау неге бізді қара қойшының баласындай көреді? – деді Төлтай өзінен өзі шамырқанып. – Әй, сенің «Жансебілің» отыз жетінші жыл туралы емес пе? Ендеше, неге «тұрмыстық тақырыптарды жазады» деп төмен­детеді? Оның немене, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс па?

– Олардың табиғаты сондай, – дедім мен басқа бір ғаламшардың адамдарын сөз еткендей сырғақсып. – Екеумізге қарағанда, «статусы» жоғары. Оларды мұндай орынға ешкім тағайындамайды. Бірақ қой бастайтын серке деген сондай болады. Негізі ол жаман жігіт емес, жақсы жігіт!

Менің бұл пәлсапам ауданда жүріп қарайып қалған досымыздың құлағына да кір­ген жоқ. Алматыны сағынып келдім екен деп, түнімен аттың басын қоя беріп, енді көшедегі арықтан аңса­рын басып тұрған тұрысы мынау. Кей­бір дос­тарымыздың сенің жанкешті еңбегің­ді қылжаққа айналдырып, неге төбең­нен басып қойғылары келетінін ол әлі түсінбейді.

Ондай-ондайға мен де аса мән бере қой­май­мын. Бірақ уақытында тыйым көр­ме­ген тап сол әдет маған ғана емес, кейін келе үлкен әдебиетке де бір зиянын тигізерін қайдан білейін. Бақсам адам бойындағы кейбір жақсылы-жаманды мінездер оның өзі­мен бірге өседі екен. Бүгін жүрген ортасына ықпал етсе, ертең бүкіл қоғамға ықпал етуі де ғажап емес көрінеді.

Төлтай жаңа ғана өзі сіміріп салған арық­тағы судан тағы да қос қолдап көсіп алып, білегі мен бетін жуды. Тағы да «Бі­реу көріп тұрған жоқ па?» дегендей алайып, бетінен күміс тамшылар сорғалап жан-жағына қарады. Осы кезде қасымызға қо­нақ­­тардың соңын таксиге отырғызып жібе­ріп, көк жайлаудай Алматыда емес, ыстық Иеру­салимде жүргендей терлеп-тепшіп Шә­мілдің өзі де келе қалды.

– Аяғыңды суға малсаң, басыңа жақсы ойлар келеді, – деп құшырланды келе сала. – Мына Жүкаш аяғын судан шығармайды. Мұның жақсы жазып жүргені содан.

Түндегі айтқан сөзін жуып-шайған түрі екенін түсіне қойдым. Бірақ оның сөзінен бұрын, өзіне күлкім келді. Әркім өзінің жанына батқан нәрсені айтады. Ол туфлиін шешіп бір жаққа лақтырды, басы башпайына жабысқан шұлығын шешіп екінші жаққа лақтырды. Сөйтті де арықтағы тастай суға аяғын шалп еткізіп малып алды.

– Ал, Төлтай, іш! Алматының ары­ғын­да­ғы су сенің ауылыңдағы колонканың суы­нан таза!

Шәміл біреуді мазақтаса, қасындағы адамдарды өзіне қосып алып мазақтайды. Оған да ерекше талант керек, әрине. Соның арқасында арамыздағы аздаған тү­сі­­ніс­пеушіліктің тігісі жазылып, үш дос арқа-жарқа күлісіп тарқастық. Тек қош­та­сар кезде Төлтайдың жанарынан бізді тосырқағандай терең бір мұңның ізін көрдім. «Зиянсыз қылжақпен оның жанына жара салғандай болған жоқпыз ба?» деген ой ішімде кетті. Ол терең мұңның ізі бас­қа­лар­дан да кездесіп, құдды бір сол адам­ның жа­нының айнасындай бір төңке­рі­летін де жоға­латын.

Ұлттың мұңы!.. Егер Ақселеу Сейдім­бек ағамыз болмағанда, бұл жайт мүл­дем есімнен шығып та кетер ме еді, кім білсін. Бір күні ол кісімен қаладағы мың қиыр көше­нің бірінде кездейсоқ кездесіп қалдым. Жол бойындағы көк теректердің түбіне біз де теректей болып сорайып тұра қалдық. Бірден көлеңкеге қарай ығысқанымызға қарағанда, ағамыздың ойында бір нәрсе келе жатқаны айтпаса да түсінікті еді. Үлкендер арасындағы әлдебір әңгімелердің басын шалып өткеннен кейін:

– Ал, айналайын, аяқ киіміңді шеше қойшы, – деді аса бір қамқор көңілмен жылы шырай танытып. – Табаныңа салып жүр­ген ұлтарағың бар ма, жоқ па, көрейін.

Ақселеу ағаның маңызды мәселе шеше­тіндей маңғаздана қалғаны одан бетер таңырқатты. Өкшесінен басып сыпыра салса да болатын туфлиімді өзімнен өзім қысы­лып, қолыммен шешіп жерге қойдым. Оның ақсары жүзімен өңдес көкшілдеу көздері көнтабанды көктей өтіп, сұрақ белгісіндей сопая қалған менің бетіме ауды. Шілденің шыжыған ыстығында ол кісі неғылған ұлтарақ туралы айтып тұрғанын түсінсем бұйырмасын.

– Бұдан былай табаныңа киіз ұлтарақ салып жүр, – деді Ақселеу аға сабырлы қалпына қайта көшіп. – Табаныңнан сыз өтсе, бойыңнан қуат кетеді. Бұрын жылқышылар саптама етікке қос-қосынан киіз ұлтарақ салып киген. Ол уақытта шарық киген шалдардың өзі күш-қайрат жағынан ешкімге дес бермеген. Себебі шарықтың табан жағына киіз ұлтарақ салып киетін болған. Қазақта Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай деген есімдер қайдан шықты деп ойлайсың.

Ақселеу аға да әңгіме айтып тұрып алысқа қарағандай болатын да, көзіне жұмбақ бір мұң ұялай қалғандай көрі­не­тін. Саған басқа әңгіме айтып тұрып, ойында басқа әңгіме тұрғандай қысылып та қалатынсың. Бірақ біз жас кезде ненің парқын біліппіз. Сондағы сан саққа жүгіртіліп айтылған әңгімеден бір-ақ нәрсеге ойым қадалды да қалды. Ол Ақаңның «Киіз ұлтарақ салып кисең, аяқ киіміңе иіс-қоңыс жоламайды», деген сөзі еді. Есіме арықтан су көрсе болды, аяғын шалпылдатып бір малып алатын Шәміл түсе кетті. Жол үсті болған соң қиынсынбай, кешке үйіне соқтым. Обалы не керек, бір бөлмесіндегі кітап сөресіне мұқабасы алтынмен апталып, күміспен күптелген кітаптардың талайын тізіп қойыпты. Бірақ онда қолдан қолға өтіп оқылатын, қалың оқырман арасында аңызға айналған жұлым-жұлым кітаптар жоқ.

– Бүгін Ақселеу ағадан өз құлағыммен бір әңгіме естідім, – дедім жаңалықтың бәрін екі ауыз сөзбен жеткізіп болғаннан кейін. – Мынау аяқ терлейтін ауру ата-бабамызда атымен болмапты. Себебі олар табандарына киіз ұлтарақ салып жүріпті. Бұл ауру кейін шыққан екен, негізі ақсүйектердің ауруы көрінеді. Сен де ақсүйексің ғой, бұдан былай табаныңа киіз ұлтарақ салып жүрсеңші.

– Мынандай ыстықта туфлиіңе киіз ұлт­арақ салып кисең, табаның тандыр боп кетпей ме? – деп Шәміл әдетінше өз жұды­ры­ғымен өзінің басын тоқпақтай күлді. – Біздің үйде ауылдан әкелген ескі текемет бар. Қалада бәрібір төсеп жүрген жоқпыз. Бал­конда шаң-шаң болып босқа жатыр. Содан қырық ұлтарақ шығады. Ақселеу ағаң екеуің тіліп-тіліп, табандарыңа салып алың­дар!

Қылжақ!.. Шәміл өзінің басын тоқ­пақ­та­ғанымен қоймай, менің де иы­ғым­нан сарт еткізіп бір салды. Сөйтіп досымның үйіне жақсы аттанып барып, қырық ұлтарақтық қылжақ сөз естіп қайттым. Онымен қоймай Ақ­селеу ағамыздың да қадірі бір мысқал кеміп қалғандай қоңылтақсып та қалдым. «Шарықты табанына киізден ұлтарақ салып киеді», деп жазған бір сөйлем кейін Ақселеу ағамыздың көп томдығында жүрді. Демек ол қылжаққа айналдыра қоятын сөз емес.

Бірақ мен досымның сол жолы тектентек басын тоқпақтап күлмегенін соңыра білдім. Кейбір адамдар да инстинкт ерекше жетіледі. Менің досым да сондай адам, оған заманның қалай құбылатыны инстинкт арқылы берілген. Бүгін бір тәжді тастарды желкесінен шымшып алып жылжытып отырса, ертесіне шынымен де біреулердің орын ауыстырып жатқанын көресіз.

Әлгі оқиғадан кейін арада апта айналмай жатып жұмыс телефоным шыңғыр ете қалды. Телефон соққан адам билік тарапындағы ең ықпалды идеолог екен. Қай­біреулер сияқты сасқаннан атымды ұмытып қалмасам да, орнымнан тұрып кет­кенімді білем. Қызметі қанша үлкен бол­са да, жұмсақ қоңыр дауыспен өзімсіне тіл қатты.

– Шерхан Мұртазаны таба алмадым, дәу де болса мақала осы бөлімде дайындалған шығар деп қоңырау шалып тұрмын. Ана Ақселеу Сейдімбеков «Күңгір, күңгір күмбездер» деген кітап жазады, барсаң күңгірлеп тұрған күмбез көрмейсің. Ал сен­дер оны газеттеріңе тексермей баса бере­сіңдер, кішкене алды-арттарыңа қара­саң­даршы, деді.

Сол екі ауыз сөзді айтты да, телефон­ды тоқ еткізіп қоя салды. Менің өмі­рім­дегі бірінші рет биік орыннан ша­лын­ған қоңырауды қалай ұмытайын. Жо­ғар­ғы жақтан ондай қоңырау жайдан-жай соғылмайтынын да ішім сезеді. «Апыр-ай, мына кісі Ақселеу Сейдімбековті құрметтесе, жаңағындай сөз айтпауға тиіс еді ғой», деп ойладым. Есіме бірден «Балконда жатқан ескі текеметті Ақселеу ағаң екеуің тіліп-тіліп, табандарыңа салып алыңдар», деген Шәміл достың қылжағы түсті. Бірінің аузына бірі түкі­ріп қойғандай сөздерінің бір жерден шыққанына таңырқап қалдым. Адамға бұдан артық қандай инстинкт керек!

Инстинкт!.. Кейін ойлап қарасам, ақын-жазушылардың қадірін түсіріп, сөзін қылжаққа айналдыру сол кезден басталыпты. Бұл әдейі ойластырылмаған науқан болуы да мүмкін. Елдің санасын тазалап, орнына жаңа идеология енгізу де оңай шару емес. Міне, осы кезде кейінгі ұрпаққа инстинкт арқылы берілген «халық жауы» деген түсінік алға шыққан сияқты. Ал енді өтпелі қоғамда оның отын көсеп, шоғын үрлеушілер табылмай қалмасы айтпаса да түсінікті еді. Осындайда ақын-жазушылардың абыройын төгуге себеп те жеткілікті болып шықты.

Соның бірі мемлекеттік сыйлық төңірегінде туындады. Бұл өзі қай қисынға салсаңыз да мазаққа айналатындай нәрсе емес. Біріншіден, мемлекеттік сыйлық деген мәртебесі бар. Екіншіден, ол да аламан бәйге сияқты алапат жарыстан тұрады. Үшіншіден, мәрені бірінші қиып өту үшін үміткерлер мұнда да барын салады. Ендеше басқа саладағы бәсеке бәсеке де, ақын-жазушылардың арасындағы бәсеке құр атаққұмарлық емес шығар. Демек бар кілтипан қаламгерлердің мемлекеттік сыйлыққа таласуында емес, сол сыйлықтың әділ берілмеуінде болып отыр.

Шындығында, біреу мемлекеттік сый­лық­ты қайтсем де аламын деп шала шабылса, онда тұрған ештеңе жоқ. Тағы біреу бұл сыйлықты ала алмадым деп, еңірегенде етегі жасқа толып тентіреп кетсе, ол да сөкет емес. Кім де болса өзінің талай жылғы азапты еңбегінің жемісін көргісі келеді. Ондай мысалды кешегі күннен де, бүгінгі күннен де қиналмай табуға болады. Небір қас таланттардың осы бір сыйлық үшін қалай қор боп кеткені әдебиет шежіресінен де белгілі. Соның бірін Қадыр Мырза Әли өзінің атышулы «Иірім» атты кітабында:

«Қазақстан Жазушылар одағында екі жылда бір рет Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну науқаны жүріп өтеді. Сондай айтыс-тартыстың бірінде Бекеңнің «Өлгендер қайтып келмейді» атты романы жүйріктер жарысына қосылып-ақ кетті, деп еске ала жазыпты. Алғашқы айналымда ең көп дауыс алған да сол шығарма болды. Ағамыздың көңіліндегі өшіп бара жатқан үміт оты қайта тұтанып, қайраты қайта оянғандай болды. Бірақ екінші және соңғы айналымдарда әділқазылар алқасы ойда жоқ та оқыс пікірлерін өзгертіп, бәйге Бекеңе бұйырмай, Бауыржан ағамызға бұйырды. Бір себептен бұл да дұрыс еді. Ал ең дұрысы – екеуіне де беру керек еді. Бірақ біздің ағайындарға ондай ақыл біте қоймаған, қайтесің енді! Сол-ақ екен Бекең (Бердібек Соқпақбаев) шөгіп кетті».

Басқасын айтпағанда, қазақ қалам­гер­лері үшін мемлекеттік сыйлықтың сал­­мағы қандай екенін осыдан-ақ көруге бола­ды. Бұл сыйлық жанкешті еңбектің, жемісін көрсем деген талай жазушының өмірлік мақсатына айналғаны өтірік емес. Азаптанып жазған кітабы оқырман арасында мойындалса да, мемлекеттік сыйлыққа ілікпей қалғанын тағдырдың мазағындай көретіндер бар. Ал енді көмейде бүлкілдеп тұрған: «Мемлекеттік сыйлықсыз да өмір сүруге болмай ма?» деген сұрақ шын азапкер жазушыға жүрмесе керек. Себебі онсыз да екі жылда бір айналып келетін мәртебесі де жоғары, ақшасы да қомақты сыйлықты кей жылдары құрығанда өзімен тең талант та емес, кем таланттар қанжығасына байлап кетіп жатса жанына батпағанда қайтпек?

 Ханталапай!.. Осындай әділетсіздіктер қазақ қаламгерлерінің арасында бұрын-соңды болмаған дүрбелең туғызды. Мемлекеттік сыйлықты той жасаған біреу көкпар беріп жатқандай көріп, жан-жақтан жаппай ат қойғандардың қарасы көбейді. Олар әдебиет элитасының арасында ғана жүретін бәсекеге өздерінің жабайы күрес тәсілдерін де ала келді. Әлгі көкпардың арасында біреудің тізгінінен алып, біреудің етегінен тартып, енді біреудің айыл-тартпасын қиып жіберіп жатқандар да бар. Шаң-шұң айғайласып, сарт-сұрт қамшы сілтесіп, біреу қайың сойылмен тізеден қағып, тағы біреу ата-бабасынан мұраға қалған айбалтасын да ала жүгіріп жатқан бір ел.

 Дүрмек ішінде Ақселеу ағамыз үкілеп қоспаса да, үміт етіп жолына қараған екі жүйрік те бар еді. Мәселе бір тонның ішкі бауындай аралас-құраластығында, ал екіншісінің топырақтас інілігінде де емес. Екеуі де әдебиетте орны бар, шығармалары мойындалған, үлкен-кішінің бәрі санасатын адуынды ақындар болатын. Мемлекеттік сыйлықты осы екеудің қай тарпаңы алса да, «Ол неге алды?» деуге ешкімнің аузы бармайтынын да біледі. «Әй, екеуіңе бірдей олжа қайда, ендеше бірің қанжығаңды сайла, енді бірің осы аламан бәйгені қыздыру үшін қосылған бол», деп ішіне түйіп те қойған. Ақырында бәрі құлап, екі жүйрік мәреге қатар жеткенде, «А, құдайлап» белбеуін шешіп, мойнына ілді. Басқалар да: «Е, бәсе, мемлекеттік сыйлықтың салмағы енді артты», десіп қауқылдасып та қалды. Міне, сол кезде көптеген траге­дия мен комедияда күтпеген біреудің сахнаға шыға келіп, корольдер қысылған, шешендер тосылған кульминациялық сәтте шешуші рөл ойнап кететіні тәрізді бір сұмдық оқиға болды.

Сол жолы шынында да мемлекеттік сыйлықтың дабысы қатты шығып еді. Бас­қа­сын қойып, айдаладағы ауыл шаруа­шы­лығы мекемесінде бір жиын өте қалса да, мемлекеттік сыйлық тақырыбынан айналып өтпейтін дәрежеге жеткен. Сондай алқалы жиындардың бірінде өзі өмірі кітап та жазбаған, жазудың азабын да шекпеген менің баяғы Шәміл досым қаңғып басына келе қалған бір ойды көстең еткізбесі бар ма! «Мемлекеттік сыйлықты екі жыл сайын міндетті түрде беру шарт емес шығар. Лайықты шығарма болмаса, бермей қоя салу керек», деп қалды ол айтарға сөз таппай отырғандардың аузына сөз салғандай болып. Бірақ қазақтың екі бірдей талантты ақынының тағдыры шешіліп жатқанда әйтеуір бірдеңе айту керек болған соң айтыла салған бұл сөзінің қолға көсеу ұстатқандай боларын өзі де білген жоқ. Оның бойындағы оқу-тоқусыз-ақ берілген осыншалықты керемет инстинкті жеткілікті дәрежеде бағаламай жүрген біздің өзімізге де обал жоқ-ау деп қан қақсадық та қалдық, не керек? Сөйтіп сол жолы қазақ руханиятының шырақшысы атанған аяулы Ақселеу Сейдімбектің үкілеп қоспаса да, үміт етіп жолын тосқан қос бірдей жүйрігі мәреге жетпей, барша әдебиет сүйер қауым жерге қарап кетті. Аламанның серті көмбеден көріну дейтін дәстүр бұрын-соңды бұлайша бұзылмаған, сондықтан оның соққысы да оңай болған жоқ.

Сонда Ақселеу Сейдімбек журналист Өміржан Әбдіхалықұлының сұрағына: «Әдебиет саласынан іріктеудің барлық саласынан өткен екі ақын – Серік Ақсұңқарұлы мен Несіпбек Айтұлының шығармалары Мемлекеттік сыйлыққа лайық. Екі ақын да қазақ поэзиясының қос босағасы сынды қаламгерлер. Осыны тани алмаған қоғам, саясаткерлер рухани мүгедек деп есептеймін», деп шамырқана жауап берген екен. Оған қоса: «Осы салаға жауап беретін адамдардың тереңірек ойлауы қажет еді. Бұл жерде саяси қателік те бар. Қазақтың көшбасшы өнер саласы – сөз өнерінен лайықты дүние табылмады деген сөз – Қазақстандағы рухани-мәдениеттің тоқырауы деген сөз ғой. Қазақстан – рухани мәдениеті жоқ, базар қуалап, санын шапақтап, нарыққа жүгірген ел дегенді білдірмей ме?» деген наразылығын да жасырмапты. Мұның ішінде бізге ең керегі: «Комиссияның ішіндегі адамдардың жартысынан көбі қазақ тілін білмейді. Әдеби шығармаларды сараптау үшін құрылған комиссия ғана дауыс беру керек еді. Сонда біз асыл мен жасықты парықтайтын едік», деген сөзі болатын. Оны Ақселеу ағамыздан кейін де талай адам айтты, әлі де айтылып жүр, бұдан кейін де айтыла беретін сияқты. Себебі барлық саланың адамдары қосылып да­­уыс беретін президиумды алып тастау
туралы шешімнің шығатын түрі көрін­бей­ді.

Ендеше мемлекеттік сыйлықты тағы да кездойсоқ біреулердің алып кетуіне жол ашық деген сөз. Естуімізше биылғы аламанның дүбірі алысқа кететін түрі бар. Басқасы басқа, осы биылғы тізімнің ішінде Тынымбай Нұрмағамбетовтің де жүруі мүмкін екені неге тұрады? Дара шапса өзі алып, қосарлап шапса Несіпбек Дәутайұлы екеуі қатар алуы мүмкін деген де сыбыс бар. Бірақ кешегінің Бейімбеті қандай сүйкімді болса, бүгінгінің Тынымбайы сондай сүйкімді екенін тіл білмейтіндер қайдан білсін. Сондықтан жеме-жемге келгенде бұл сыйлық Тынымбайға да жоқ, Несіпбекке де жоқ болып шығуы таңғалатын нәрсе емес. Тіпті бұған дейін де сан мәрте болғаны сияқты, бұл жолы да күтпеген бір оқиға болып кетуі әбден мүмкін. Тап осы арада сіздің есіңізге не түскенін білмеймін, ал менің есіме Шәміл досымның мемлекеттік сыйлықтың тағдырын әйтеуір айта салған бір ауыз сөзбен қалай шешкені түсті.

«Сондай көлденең көк аттының бір ауыз сөзіне қарап қалған мемлекеттік сыйлықтың мәртебесі қандай болғаны сонда?» деген сұрақ туады. Демек мұндай шарасыздық аталған сыйлықты беру жүйесі мен оның сарапшылар тобының жұмысы да дағдарысқа ұшырады деген сөз. Бір кетуі кеткен шаруаның қайтып орнына келуі қиын екенін мемлекеттік сыйлыққа қатысты одан кейінгі жағдайлар да жиі-жиі еске салатын болып жүргені өтірік емес. Оған өткен жолы қазақтың тағы бір Бейімбеті атанған Мархаббат Байғұт алғашқыда ең көп дауыс алып-алып келіп, тіл білетіні де, білмейтіні де аралас дауыс берген ақтық сында әділетсіз құлатылғанда көзіміз жетті.

Аманат!.. Енді сол ереже мен тәртіптің мұрты бұзылмастан әдебиеттің аламан бәйгесіне тағы да ат қойғалы отырмыз. Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесін түсірмейтіндей, оған ұсынылған азапты еңбек иелерінің ел алдындағы қадірін де кетірмейтіндей бір өзгеріс жасамасқа болмайтын түрі бар. Егер шын жанымыз ашыса, оған әлі де уақыт бар екенін еске салғымыз келеді. Әйтпесе бұл жолы да менің Шәміл досымның рөлін кім ойнар екен деген қауіп көлденең ат қосатындардың емес, көпшілік алқалаған шын таланттардың мазасын кетіріп бара жатқанын несіне жасырамыз?!

Негізінде халық мойындаған, керек кезінде биліктің өзі де ақылына жүгін­ген үлкен тұлғалардың аманатына адал болғаннан ешкім ұтылмаса керек. Көте­ріл­ген мәселенің тұздығы ретінде айтарым, мен өзім сол бір аяулы Ақселеу аға­мыздың айтқанын осы уақытқа дейін бұл­жытпай орындап келемін. Содан бері қанша жыл өтті, қысы-жазы аяғыма киіз ұлтарақ салмай аяқ киім киген күнім жоқ десем де болады. Оны Шәміл досыма да көрсетіп, пайдалы жақтарын талай ескерттім де. Айтқанымды істете алмай, сөзім құр босқа шығын болды. Ақын Бауыржан Қарағызұлы жазғандай: «Жа­уы­ма ақылдымын, бір қызығы, Досыма ақымақ боп көрінеміннің» кері келді.

Бірақ өткен жазда менің де ой-са­нам­да кішігірім төңкеріс жасағандай бір қызық жағдай болды. Шілденің шыжыған ысты­ғы­нда ас беріліп жатқан бір жерге Шәміл досымды іздеп бара қалсам, кіре беріс қаптаған аяқ киімнен көрінбей тұр екен. Туфлиімді қоятын орын іздеп тұрғанымда, кенет табанына киіз ұлтарақ салынған сәнді бір кебіске көзім түсе кеткені. Менің жайымды бай­қаған Шәміл досымның келін­ше­гі: «Біздің үйдегі кісінікі ғой», деп сол кебістің қасынан ығыстырып, туфлиімді қоятын орын тауып берді. Иә, мәселе киіз ұлтарақта емес қой, бірақ уақыт біз жаса­мағанмен де, бәрін өз орнына қоя­ты­нын қашан да, қандай дәрежеде де естен шығармауымыз керек екен. Мұның осын­дай детальдерді өз шығармаларында Бейім­бетше ойнататын Тынымбай, Мархаб­бат, Несіпбек сынды талантты ағала­ры­мыздың мемелекеттік сыйлықты қашан алатынына да тікелей қатысы барын да ұмытпағанымыз жөн. Бұлардан кейін ұлы теңіздей дөңбекшіп, үнсіз жатқан және бір буын бар, жоқ болып кеткен жоқ. Одан кейін де ұлы даланың дүбірі дүркін-дүркін естіліп тұрса, онда біздің рухымыз өлмеді, өшпеді деген сөз. Сіздің нені білгеніңізді білмеймін, ал менің білгенім – рухани жаңғыру деген осы. Сондықтан да жалғыз әдебиет саласында ғана емес, жалпы руханият әлеміндегі мұндай аламан бәйгелердің қақ-соққа ұшырамай, өз деңгейінде өтуіне қай-қайсымыз да бейтарап қарамауымыз керек. Бұл жөнінде Шәміл доспен пікір таластыра отырып түйген біраз ойларымыз да бар. Ол сол 2008 жылғы оқиғадан кейін аламан тасырдың қарасы көрінсе болды, құзырлы орындарға жаңа идея бергісі келіп, елеңдеп тұратын болған. Сондағы туған ортақ ой мен ұсыныстарымызды алдағы мақаладан оқырсыздар деген үміттеміз.

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»