Қазақстан • 24 Сәуір, 2020

Қазақстан халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жаңа форматта жалғастыруда

169 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты. 

Қазақстан халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жаңа форматта жалғастыруда

«Қазақстан әлемнің көптеген елдері сияқты шекараларын жапқанына қарамастан халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жаңа форматта жалғастыруда. Алғаш рет қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Абай және рухани мұра» атты халықаралық онлайн конференциясы өтті. Іс-шараға Қытай, Түркия, Венгрия, Ресей елдерінің спикерлері және қазақстандық ғалымдар, өлкетанушылар, жазушылар мен ақындар қатысты. Онлайн конференция Zoom платформасында өтіп, тікелей эфирде 100 мыңнан астам адам қарады», - деді министр Ақтоты Райымқұлова.

Сондай-ақ министр Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойына арналған конференцияның өткенін атап өтті. 

«Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әбу-Насыр әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми онлайн конференциясы ұйымдастырылды. Конференцияға Ұлыбритания, Сирия, Түркия, Тәжікстан, Қазақстан және басқа да елдердің ғалымдары белсенді қатысты. Сәуір айының соңында «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Киелі Қазақстан» атты халықаралық онлайн конференциясын да өткізуді жоспарлап отырмыз. Жақында ғана ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен әлемнің 130 елінің Мәдениет министрлерімен бірге  халықаралық онлайн конференцияға қатыстым. Конференцияда пандемияның мәдениетті дамытуға әсерін азайту жөніндегі шаралар және саланы одан әрі дамытудың жолдары талқыланды», - деді министр.