Саясат • 28 Сәуір, 2020

Жұмыс қашықтан жалғасып жатыр

264 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай кезінде жұмыс тәртібін өзгерткен еліміздегі соттар күн са­йын 4,5 мыңға жуық істі онлайн режімде қарайды. Қашық­тан өтіп жатқан сотқа адвокаттар мен олардың қорғауындағы азаматтар – бір жерден, прокурорлар – екінші жерден, куәлер – үшінші жерден, судьялар өз кабинетінен заманауи технологиялар арқылы қатысады. Алайда істің іркіліссіз қаралуына септесетін байланыстың сапасы сыр беріп тұр. Осы мәселелердің мән-жайын Жоғарғы сот жанын­дағы Соттардың қыз­метін қамтамасыз ету депар­таментінің басшысы Наиль Ахметзакировтен сұрап білген едік.

Жұмыс қашықтан жалғасып жатыр

– Қазіргі пандемия жағдайында сот жұмысы қалай реттеліп жатыр?

– Қазақстан тарихында төтенше жағдай алғаш рет жарияланды және соңғысы деп үміттенемін. Ешқандай төтенше жағдай азаматтардың сот арқылы қорғалу құқығын шектемейді. Бізге қысылтаяң шақта осы құқықты толықтай қамтамасыз ете отырып, сот процестеріне тартылған барлық адамның денсаулығын барынша қорғау тәсілдерін табу қажет болды.

Өткен жылы сотқа 3,3 млн іс пен материал келіп түскен. Бұл – талқылауды талап етпейтін істерден соттарды босату үшін екі жыл бойы атқарған белсенді жұмыстың нәтижесі. Одан екі жыл бұрын 2018 жылы 4,5 млн іс қараған болатынбыз. Осыдан-ақ сот адамдардың көп жиналатын жері екені айқын көрініп тұр.

Біз соттарға істерді кейінге қал­дыруға, егер кейінге қалдыру мүмкін бол­маса, отырыстарды қашықтан өт­кізуге кеңес бердік. Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескеріп, жұмыс алгоритмі жедел түзетіліп, соттарға жеткізілді. Жергілікті сот­тардың істерді қашықтан қарауы дереу қамтамасыз етілді. Интернеті қосылған гаджеттерді қолдану арқылы сотқа онлайн қатысуға болады.

Төтенше жағдай режімінің бірінші аптасында соттар күн сайын мыңға жуық істі немесе барлық сот отырысының 50%-ын қашықтан қарады. Сәуір айы­ның алғашқы онкүндігінде күн сайын
2 мыңға жуық онлайн отырыс өтсе, қазір күніге 4,5 мыңға жуық процесс өтіп жатыр. Салыстырылмалы түрде айтсақ, 2018 жылы сотта күн сайын бейнебайланыс арқылы – 40, 2019 жылы – 110, 2020 жылы карантинге дейін күніге 150 отырыс өткізілді.

Карантин соттарда электронды құжат айналымының өсуіне ықпал етті. Қағаз түріндегі хаттар қазіргі кезде маңызды емес, зарарсыздандырудан кейін олар міндетті түрде электронды форматқа көшіріледі.

– Бірақ онлайн отырыстардың кідіріссіз өтуі оңай болмай тұр ғой. Мұндай келеңсіздікке тап болғанда не істеу керек?

– Негізінен, проблемалар байланыс арналарының техникалық мүмкіндіктеріне қатысты. Мен атап өткендей, күнделікті қашықтан өткізі­летін сот отырысының саны 150-ден (15 наурыз) 2 мыңға дейін (8 сәуір), яғни 13 есе өсті. Осындай жоспарланбаған жүктемеге төтеп беру үшін Үкіметтің қолдауымен шұғыл шаралар қабылданды. Біріншіден, 18-19 наурызда карантиннің алғашқы күндері 85 қосымша сервер орнатылды. Оған дейінгі сот жүйесін цифрландырудың көрсеткіші 67 сервер еді. Қазір республика бойынша 152 мобильді бейнебайланыс сервері жұмыс істейді.

Екіншіден, байланыс арналарының жылдамдығы артты. Нәтижесінде, сот өзінің негізгі функцияларын 100% онлайн форматта іске асыра алды. Бұл – қазіргі күннің сөзсіз жақсы үлгісі. Алайда мүмкіндіктер арта түскенімен, байланыстың жоғалуы, бейненің бұлыңғырлануы, дауыс ырғағының кідіруі сияқты іркілістері байқалды. Тиісінше қатысушы тараптардан шағымдар да жиі түсе бастады.

Мұндай қолайсыздыққа, бай­ланыс­тың нашарлығына сотты айып­тауға негіз жоқ. Бұл ретте гаджеттердің және про­цес­ке қатысушылардың орна­ласқан жерін­дегі интернет сапасын ескеру керек.

– Түсінікті. Әйтсе де осындай ол­қылықтарды жауапты мемлекеттік органдарға хабарлап, интернет бай­ла­ны­сының проблемаларын шешуге тырысасыздар ма?

– Иә, біз Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс арналарының өткізу қабілетін екі есеге ұлғайту туралы өтініш білдірдік. Сонымен қатар сотқа қатысушылар үшін қашықтан өтетін сот процесіне дайындық туралы жадынама әзірлеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өткен жылы сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын қолдану ережелерін және қойылатын талаптарын бекіткенбіз. Бұл әділет органдарында тіркелген.

Карантин жарияланған сәттен бас­тап соттар азаматтарды татуласуға, дау­ларды соттан тыс шешу тәсілдеріне ерікті түрде жүгінуге шақыруда. Осы жағдайды пайдаланып, Жоғарғы сот­тың челленджін қолдаған адамдарға алғыс айтқым келеді.

– Бұл індеттің де беті қайтып, тоқтатылған немесе кейінге қалды­рылған істерді қарайтын уақыт келеді. Оған қоса ағымдағы істердің де толастамайтыны анық. Соттар оның бәрін дер кезінде қарай ала ма?

– Бірінші және апелляциялық соттардағы істердің саны туралы бізде толық мәлімет бар. Үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Бүгінде тоқтатылған азаматтық істердің үлесі 13%-дан аспайды, ал қылмыстық істердің үлесі – 14%. Сондықтан барлық істі жаппай тоқтатуға болмайтынын түсіндік. Осы жағдайды ескере отырып, соттарға алдымен тараптарға істерді қашықтан қарау мүмкіндігін түсіндіру, бас тартқаннан кейін ғана оларды тоқтату немесе кейінге қалдыру туралы шешім қабылдау ұсынылды.

Осыған байланысты қылмыстық істерге, соның ішінде қамауда отырған сотталушыларға ерекше көңіл бөлінеді. Сот төрағаларына бұл мәселені бақы­лауға алу және азаматтардың конс­титуциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу тапсырылды.

Сонымен қатар судьяларда каран­тиннен кейінгі кезеңде ауқымды жүктеме күтіп тұрғанын жоққа шы­ғаруға болмайды. Карантиннің салдарынан неке-отбасы, еңбек және шарт­тық даулар артуы мүмкін. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш бүкіл әлемде карантин жағ­дайында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белең алуын қаперге салды. Бұған індет алғаш жайылған Қытайдың тәжірибесі дәлел бола алады. Бұл елде карантин режімін алып тастағаннан кейін некені бұзу туралы арыздардың саны күрт артты. Шарттық міндеттемелерді орындамау, салық және банк төлемдерін, әлеу­меттік төлемдерді кейінге қал­дыру бо­йын­ша талап-арыздардың өсуі мүмкін.

Мемлекет басшысы кеше  халыққа жолдаған мәлімдемесінде халықты ты­ныштық пен тұрақтылықты сақтауға шақырды. Сондықтан бүгінгі таңда шиеленістердің алдын алу немесе оларды соттан тыс шешу жөнінде шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды қолға алып жатырмыз.

– Жан-жақты мәлімет бергеніңізге рахмет.

 

Әңгімелескен 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»