
1987 жылдың жазы еді. Консерваторияда қызмет істеймін. Сол жылы жаңадан ашылған халық әні кафедрасына алғашқы талапкерлер қабылданды. Жаңа кафедраның жарнамасы кеш жарияланғандықтан бүкіл республикадан екі-ақ абитуриент келіпті. Сол екеудің бірі – бала жырау Берік Жүсіпов еді.
Сол жылы күзде консерваторияда өткен концерттердің бірінде Беріктің өнеріне алғаш куә болдық. Әрине, үйрену, қанығу үстінде жүрген жас жыраудың орындау мәнері, тіпті, дауыс бояуы, әлі өзі көрген үлгілерге еліктеу-солықтау үстінде еді. Бірақ сол кездің өзінде-ақ Берік жыр әлемінде өзіндік жолы бар жырау екенін көрсете білді. Содан бері жиырма алты жыл өтіпті. Берік түрлі өмір талқысын көрді, оқудан біраз уақыт қол үзген, сахнадан алыстап кеткен кездері де болды. Алайда, жырдан ешқашан қол үзген емес. Өнерлі ініміз бүгінде белгілі сахна шебері және жыр саласындағы өзінің сындарлы зерттеулерімен танылған ғалым, филология ғылымдарының кандидаты.

1987 жылдың жазы еді. Консерваторияда қызмет істеймін. Сол жылы жаңадан ашылған халық әні кафедрасына алғашқы талапкерлер қабылданды. Жаңа кафедраның жарнамасы кеш жарияланғандықтан бүкіл республикадан екі-ақ абитуриент келіпті. Сол екеудің бірі – бала жырау Берік Жүсіпов еді.
Сол жылы күзде консерваторияда өткен концерттердің бірінде Беріктің өнеріне алғаш куә болдық. Әрине, үйрену, қанығу үстінде жүрген жас жыраудың орындау мәнері, тіпті, дауыс бояуы, әлі өзі көрген үлгілерге еліктеу-солықтау үстінде еді. Бірақ сол кездің өзінде-ақ Берік жыр әлемінде өзіндік жолы бар жырау екенін көрсете білді. Содан бері жиырма алты жыл өтіпті. Берік түрлі өмір талқысын көрді, оқудан біраз уақыт қол үзген, сахнадан алыстап кеткен кездері де болды. Алайда, жырдан ешқашан қол үзген емес. Өнерлі ініміз бүгінде белгілі сахна шебері және жыр саласындағы өзінің сындарлы зерттеулерімен танылған ғалым, филология ғылымдарының кандидаты.
О баста ескі астана Алматыға жыр көшін тартқан Көшеней Рүстембеков пен Шәмшат апамыз еді. Бірақ Көшеней дүниеден қайтты. Содан соң арада біраз уақыт жыр уағызы тоқтап қалды. 80-ші жылдардың басында жырдың туы қайта көтерілді. Бұл жолғы шеруді бастаған жырау Алмас Алматов болатын. Талмай жүргізілген концерт пен насихаттың арқасында, бұрынғы номенклатуралық концерттерге қатыстырылмай шеттеліп келген көне жыр қайтадан сахнаның көркіне айналды.
Берік Жүсіпов дулы жиында қошеметке бөленген, бір басына атақ-даңқ іздеген жадағай талант емес. Қошемет іздей де алмас еді. Себебі, бұл – жыр өнерінің табиғатына қайшы мінез. Беріктің орындауында эффекттің болмайтындығы осыдан. Қазіргі кезде етек алып отырған, жарқыраған сахналық техниканың бірде-бір белгісін Беріктің орындауынан таба алмайсыз.
Әрине, бүгінгі сахнаның этикасында тәрбиеленген тыңдаушы, адамды баурап алып кететін айшықты техника болмаса, ондай орындаудың не керегі бар деген уәж айтуы мүмкін. Орынды уәж. Бұған айтарымыз – жыр өнері біздің ұғымымыздағы сахналық өнерге жатпайды. Жалпы, концерттік өнерге жырдың үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Себебі, адам концертке қызық көру үшін барады. Ол жерде «тыңдаушы – орындаушы» оппозициясы бар. Ал жыр тыңдауға барған адам мүлдем басқа дүниеге телінеді. Жыр – уақыт өткізетін ермек емес. Жырға арнайы уақыт бөлінеді. Біз білетін дәулескер жыршылардың бірде-біреуі сахнаның майталман шеберіне айнала алмағандығы осыдан.
Беріктің даусы зор. Бірақ бұл да жыраудың жеке басының қасиеті емес. Жыраудың дауысы тумысында зор болуы керек. Бұл оның әулетінің, сойының белгісі. Яғни Беріктің даусының биік болуы аталарына ұқсап туғандықтан. Дауылдай сұрапыл жыр мен домбыраның күндей күркіреген күйі астасқанда адам ерекше ахуалға бөленеді.
Жыр текстерімен жақсы таныс адам басқаша орындауды елестете алмас еді.
Аруана шалқұйрық,
Бірден де бірге келеді.
Балдағы алтын ақирек,
Ерден де ерге көнерді.
Осы жолдарға біздің ұғымымыздағы «бояуды» қосып айтып көріңізші. Әрине, әбестік болар еді. Себебі, ән өнеріндегі колоратура жырға қонымсыз. Әрине, жырдың өзіне ғана тән дауыс құбылту дағдылары бар. Бұл, әсіресе, «Маңырамалардан» жақсы көрінеді. Алай да, бұл басқа жаратылыс, басқа бітімнен келген қасиет.
Беріктің жырын тыңдап отырғанда, сахараны ен жайлаған ержүрек қауымның о бастағы қалпын, одан кейінгі тайғақ кешулі тағдырын елестетесіз. Содан кейін жүрегіңізге телінген жыр бүгінгі өмірдің кез келген белгісінің жанына барып бой өлшегендей болады. «Кімдер едік, кімдер болдық» дегенді үнсіз ұғындырғандай болады.
Жырды, әсіресе, Беріктің орындауындағы жырды көп тыңдаған адам, танымның жаңа бір сатысына көтерілгендей, түйсіктің жаңа бір өріне шыққандай болады. Үлкен мағынаны түсіне алған адамға бәрі анық және бәрі қайғы. Бірақ, бұл – адамды қапасқа апарып тығатын қаратүнек қайғы емес – адамның адамдық табиғатын сәт сайын жаңғыртып отыратын, оны басқа тірі жанның бәрінен артық еткен биік қайғы. Өлімге емес – өмірге, нұрлы тіршілікке бастайтын текті дерт.
Баяғыда бір данышпан «теңіздей қан төккен – ерлік емес, жетім мен жесірдің бір тамшы жасын құрғатқан – ерлік» деген екен. Беріктің жырын тыңдаған адам өзін мазалаған көп сауалға бұлталақсыз ашық жауап естігендей болады. Себебі, жыр – бабалар бастан кешкен ерлік дәурен, ізгі өмір ғана емес. Жыр – сенің түпкі табиғатыңа бағышталған, бүгінгі өмірдің көп талқысының, жеке басымыздың пенделігінің тасасында қалып қойған, бір өзі көне, бір өзі мәңгі жас сезімге, ерлік сезімге бағышталған өнер. Жыр – көнеден жеткен жай ғана уағыз емес. Жыр – ерліктің ескірмейтін мәңгі үлгісі, мәңгі өсиеті. Жыр биік болған жерде адам да биік. Кеңес дәуірінде жыраулар поэзиясының тұйық тақырып болғаны да осыдан. Себебі, билік басында отырған «пайғамбарлар» халықты төменшік қылып тұқыртып ұстау үшін ең әуелі оның рухын өлтіру керек екенін, яғни ерліктің уағызшысы – жыр өнерін жою керек екенін өте жақсы білген.
Берік – эрудит жырау. Студент кезінде және одан кейін оқу бітіріп өзімізбен әріптес болған ұзақ жылғы ағалық-інілік кезінде жыр өнері, жыраулық шеберліктің жетілу жолдары жайында көп сұрастырдым. Байқағаным, жыраулық педантизмнен ада еркін өнер екен. Бұнда да ізденіске кең жол ашылады. (Әлбетте, ізденіс дәстүрден алшақ кетпеу керек, көне үрдістің аясында болғаны шарт). Жыраулық өнерде мектептің көп болатыны осыдан. Сыр менен Үстірт, Қарақалпақ пен Өзбекстандағы үлкен мектептер – бұрынғы қалыпты мектептер. Ал енді осының ішіндегі тармақ-тармақ үрдістерде қисап жоқ. Бұл жырдың жаңа заманға сай түлеп-түрлене алатын өміршең өнер екенін көрсететін белгі.
«Жырау болудың, жақсы жырау болудың бір ғана жолы бар, ол – көп тыңдау», деген еді бір сөзінде Берік. Орынды сөз. Болашақ өнер иесі ең әуелі жақсы тыңдаушы болуы керек. Кітаптан оқып жыршы, я күйші болу, әрине, мүмкін емес. Тыңдап отырсам Беріктің шарламаған түкпірі жоқ, дәріс алмаған жырауы жоқ. Үйінің бір бұрышын арнайы сапарлардан жазып алып келген видео-аудиокассеталар, шежіре мен жыр текстерін ықтияттап көшірген қалың дәптерлер алып жатыр. Бүгінде жырдың шежіресіне мейлінше жетік бір адам болса, ол адам – осы Берік дер едім. Көз көрім жерді былай қойыңыз, қазан төңкерісінің ар жақ-бер жағында қиыр қонып, қазақ жерінің шегінен шығып Иран, Ауғанстан жайлап кеткен жырауларға дейін біледі. Әрине, осыншама мол эрудиция орындаушылыққа өзінің ықпалын тигізбей қоймайды. Берік жыр үлгілерін өте көп меңгерген жырау.
70-ші жылдары Көшеней мен Шәмшат апамыздың теледидардан өткізген бір хабары есімде қалыпты. Жыр-сұхбаттың кезінде Көшенейдің тыңдаушы талғамымен санасатын, оның ығын білетін тамаша артист екені байқалды. Сол алғашқы хабарында өлкелік жыр дәстүрінің көлденең жұрт түсіне бермейтін қыр-сырына аса көп бойламай, алты алаштың көңілінен әлі кете қоймаған ортақ жыр үлгілерін ғана толғап, ара-арасында Сыр сүлейлерінің шығармаларын сыналап қиыстырған еді. Көшенейдің даусы темірдей қатқыл болғанымен, оның теңдессіз шеберлігі қатты әсер етті. Байқап отырсам, Беріктің өнері, Көшенейдің жырынан тамыр тартады екен. Әндегі бояу, колоратураға құлағы үйренген адам, басқа өнерден де ең әуелі бояу іздейді.
Көшенейдің даусын естігенде бүгінде «рух» деп жүргеннің не нәрсе екенін еміс-еміс шырамыта бастағандай боласыз. Ал Берік сол Көшеней өрнегін әрі қарай жалғастырған жырау. Жыр – тумысында, табиғатында баяу, жай айтуға арналмаған өнер түрі. Мінекей, Көшенейдің темірге шеге қаққандай қатқыл даусы, Беріктің күнмен таласып күркіреген зор даусына ұласып отыр. Көшеней – Беріктің рухани әкесі. Дәлірек айтқанда, кешегі Көшеней – бүгінгі Берік. Беріктің жыры Көшеней жырының интерпретациясы. Қапияда қаза болған ұлы ұ стазының өнері Берік арқылы кемеліне келіпті.
Беріктің мерейін үстем қылған, атын шығарған шығарма, Төремұрат жыраудың мақамына арнап Нұртуған шайыр жазған әйгілі «Кәнеки, тілім, сөйлеші» толғауы. Бұрындары, басқа орындаушылардан тыңдағанымызда-ақ әйгілі толғау естен кетпес әсер қалдырған (бұл толғаудың белгілі әнші Роза Рымбаева орындайтын эстрадалық «варианты» да бар, бірақ бұл басқа жерде айтылатын басқа әңгіме). Кейіннен Нұртуғанның өз әулетінен шыққан Берік орындағанда мүлдем басқаша сезім-күй кештік. Осы нұсқа ғана көңілімізде өшпес із қалдырыпты. Енді қарап отырсам, басқа орындаушылар толғаудың динамикасын ғана жетілдіріп, қат-қабат сезім-сырына аса бойламаған екен. Яғни толғаудың ырғақтық суреті жайдақталып кеткен.
Беріктің орындауында, толғау ырғаққа сонша бай екен. Басқа орындаушыларда шығарма қара өлеңнің заңдылықтарына бағындырылған. Ал Беріктің орындауында ырғақтық сурет, жол сындырудан туындап отыр. Кейде, тіпті, әр сөзге логикалық екпін түсіріледі. Осының арқасында, бір шумақтағы ырғақтық сурет (ритмический рисунок) екінші шумақтағысынан едәуір алшақ болып шығады – екеуін тұтастырып тұрған әуен ғана.
Сондай-ақ, Сыр бойы жыршылық өнерінің ең басты екі жанры – «Гөй-гөйлер» мен «Маңырамалар» да Беріктің репертуарынан кең орын алған. Осы жерде мынадай бір нәрсені ерекше атап өткіміз келеді. Бүгінде эпос, жыр өнерін зерттеу ісі едәуір деңгейге жетті. Республика беделінде, әсіресе, 1990-шы жылдары жыр өнеріне арналған бірнеше келелі ғылыми кеңестерді есептемегенде, «көмеймен жыр айту» деген жалпылама атпен ұйымдастырылған түркі халықтарының музыкалық фестивальдері қаншама. Міне, осы ғылыми кеңестерде қазақтың көмей жыршылығын Сібір халықтарының «хоомей» деп аталатын жыршылық мектебімен жанастырмақ, тектестірмек ниеті байқалды. «Түрік-моңғол көшпелі өркениеті», «түрік-моңғол рухани бірлігі» деген идеяны, әсіресе, жас оқымыстылардың ту қылып көтергендігі көрініп тұр. Ескерте кетейік, бұл ешқандай тарихи негізі жоқ культурологиялық концепция ғана. Немесе, қарапайымдап айтатын болсақ, Сібір халықтарының «хоомей» өнері, ол, әлемді, болмысты, табиғат құбылыстарын енді ғана пайымдай бастаған сананың алғашқы бұлқыныстары. «Хоомей» жарым-жартылай шаңқобызбен қосылып орындалатын, табиғат дыбыстарына еліктеуден тұратын өнер. «Хоомейде» шаңқобыздағыдай тек ырғақ, ырғақтық сурет қана бар, бірақ мелодиялық линия жоқ. Әрине, «түркі-моңғол» мәдени шараларына қатысқан, көптеген жаңа идеяларға жетілген Сібір халықтарының өкілдері осы «хоомейді» күшпен жетілдіріп дамытқысы келетіні байқалады.
Ал қазақтың жыршылық өнері, асылық айтты демеңіз, мүлдем басқа қайнар бұлақтан нәр алады. Дәлірек айтқанда, көшпенді тұрмысқа кейін ғана көндіккен, баяғы қондыгер-қаңлы, скиф әулетінің тікелей мұрагері болып саналатын қазақтың жыршылық өнері Тұран-Иран деп аталатын ортақ мәдени бастаудан жетілген. Сыр бойының жыршылық өнерінен бейхабар әдепкі адам, аталған жыр үлгілерін алғаш тыңдағанда сәл тіксініп қалуы мүмкін. Алайда, бұл жыр өнерінің, бізге, яғни қазақтың табиғатына жаттығының белгісі емес – бар болғаны қондыгер-қаңлы заманының алыста, сонау ықылым заманда қалғандығының және уақыт озған сайын алыстап бара жатқандығының белгісі ғана.
Мысалға, Беріктің орындауындағы Сыр бойының ең айтулы шығармасы – «Күмісай» әнін тыңдаңыз. Алғашында дауыс құбылтулар өзбек, тәжік әндеріндегі фиоритураларға ұқсайтындай көрінуі мүмкін. Алайда, бұл алғашқы тыңдау кезіндегі алдамшы әсерлер. Күндердің күнінде, құлағыңыз үйрене келе ән табиғатынан түсініксіз бір өрнекті тани бастайсыз. Әлбетте, бұл өрнекті жүрегіңіз танығанымен, ақылыңыз бен санаңыз тани қоймайды. Бірақ бұл да уақытша, алдамшы күй. Тыңдай келе, бір күні, бұл әндегі айтылатын ахуалдың, баяғыда бабаларымыздың бойында болған, бүгінде біреуде ғана бар, ал біреуде мүлдем жоқ, «байырғы рух», «байырғы намыс» деп аталатын асқақ көңіл-күй, өр сыпат екенін құлай мойындайсыз.
Тозбайтын, шаршамайтын жұрт болмайды. Алмас қылыш тасқа шабылып қалай кетілсе, ондаған ғасыр тынымсыз күрес үстіндегі ел де мұқалып, жігері кемиді.
Құрманғазының күйінде қазақтың байырғы қажыры мен қайраты бар еді. Ал Дәулеткерей, Қазанғап пен Сүгірдің күйінде әлдебір ахиреттік мұң, әлеуметтік қайғы пайда болғанын көреміз. Бұл сонау көкжиекке жетем деп асығып шапқан арда халықтың рухани шаршауы, сансыз ғасыр алғайдың құба жонындағы қисапсыз қантөгістерде асыл арманы өлген әулеттің қажырының кеміп, сағының сынуы.
Алайда, қасие