Қазақстан • 29 Сәуір, 2020

Жауынгер - байланысшы

521 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Төлеби ауданының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Әбдуәлі Әлмұханұлының ерлігі мен еңбегі бүгінгі ұрпақтың жадында. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында да кейінгі ұрпақтары оны аса бір аяулы сезіммен, қимастықпен еске алды. Өшпес ерлігі, ерен еңбегі кезекті рет еске алынып, жас ұрпаққа өнеге етілді.

Жауынгер - байланысшы

Әбдуәлі Әлмұханұлының туып өскен мекені қазіргі Отырар өңірі екен. Ата-бабалары кезінде Арқаның жазық даласында мал ұстап күн кешкен. Алайда, қазақ даласындағы Қазан төңкерісіне қатысты дүрбелеңдер, ақ-қызыл болып бейкүнә ауылдарды шапқыншылыққа ұшыратқан қасіретті кезеңдер, қызыл империяның солақай саясаты кесірінен жаппай ашаршылыққа, геноцидтік қырғынға ұшырап, халқының жартысынан айрылған,  адамдардың ата мекенінен безіп, жан-жаққа тарыдай шашылып, азып-тозып кеткен күндері қалай ұмытылар! Міне, сол қасіретті кездерде Әбдуәлі аға да бірге туған талай бауырларынан айрылды. Өзі ес біліп, етек жапқан бойдан ересектерден қалыспай еңбекке ерте араласқан. «Отызыншы жылдардағы қазақ халқын жер бетінен жойып жіберуге шақ қалған аштық індеті ел тарихындағы ең бір қаралы кезең болып табылады. Оны қазақстандықтар ешуақытта естен шығармауы тиіс» деп отырады екен ұлағатты ұстаз.

Біз Әбдуәлі ағаны «ұлағатты ұстаз» деп бекер айтқан жоқпыз. Оның соғысқа дейін де, соғыстан кейін де бүкіл өмірі халық ағарту, білім беру, ұрпақ тәрбиелеу саласына бағытталып өтті. 1940 жылы Түркістан педагогикалық училищесін тәмамдап, Шәуілдір ауданындағы ауылдық мектептерге сабақ бере бастайды. Соғыс басталғанда барлық ауыл мұғалімдері тәрізді оған да бронь беріліп, әскерге шақыртылудан босатылады. Алайда, ол броннан бас тартады. Арыс әскери комиссариатына өтініш жазып, өз еркімен майданға аттанады. Қашанда «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп өскен халықтың ұрпағы емеспіз бе, қатар-құрбысы түгелдей соғыста жаумен жағаласып жатқанда, өзінің ауылда қалғанын бойына ар санайды.   «Отанымызға қауіп-қатер төніп тұрғанда мен ауылда қалай жайбарақат жүрмекпін? Оның үстіне менің қатарларымның бәрі майданда. Мен майданға қажеттірек болармын» деп жауап берген екен әскери комиссардың сұрағына. 

Майданда Әбдуәлі ағаның ФЗУ-да алған мамандығы іске асты. Оны Қазан қаласында қайта құрылған 123-ші атқыштар дивизиясының құрамындағы байланысшылардың жеке батальонына қабылдайды. Көп ұзамай барлық байланысшыларды Саратов облысы Татищев ауданындағы Кологривовка селосына жинап, кәсіби даярлықтан қайта өткізеді. Ұрысқа алғаш рет Сталинград түбіндегі Езовка селосында кіреді. Жалпы, Әбдуәлі аға совет-герман соғысы тарихындағы аса маңызды ірі-ірі деген үш шайқасты бастан кешкен екен. Оның бірі – Сталинград түбіндегі жан алысып, жан беріскен ұрыстар, одан кейін Корсунь-Шевченко және Яссы-Кишинев бағытындағы шабуылдар. Ол осы шайқастарда екі рет ауыр жараланып, госпитальде емделген. Соғысты 69-шы Звенигород Қызыл Ту орденді гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында аяқтаған.

Өзінің майдандағы жолы туралы Әбдуәлі аға «Достық-Дружба» атты республикалық журналдың меншікті тілшісі Авазхан Боранбаевқа берген сұхбатында былай дейді: «Сол кезеңде бәріміз де бойымызға қанат біткендей майданға баруға ұмтылдық. Немістермен соғысып, тезірек жеңіске жеткіміз келді... 1943 жылдың мамыр айында бізді Орталық майданға жіберді де, көп ұзамай Курск доғасындағы ұрыстарға тап болдық. Оның алдында, жолда, біз бомбалауға ұшырағанбыз. Сондықтан келген бойдан біздің батальонды Сталинградтан Шығыс Пруссияға дейін барған 65-ші армияның 18-ші атқыштар корпусына қосты. Орталық майдан, кейіннен Белорусь майданы құрамында біз Ресейді, Украинаны, Белоруссияны, Польшаны жаудан азат еттік, Яссы-Кишинев операциясына қатыстық. Біздің батальон корпус штабын оның дивизияларымен байланыс жасауын қамтамасыз етті. Нақты айтқанда, бұлар -- 37-ші гвардиялық және қателеспесем, 15-ші мен 69-шы атқыштар дивизиялары болатын. 1944 жылғы Яссы-Кишинев операциясы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Совет жауынгерлерінің Балкан бағытын ұстап тұрған неміс-фашист және румын әскерлерінің ірі құрамаларына күйрете соққы берген стратегиялық шабуылы болды. Соның нәтижесінде сол жылдың сәуір айында 2-ші Украина майданының жауынгерлері Яссы, Оргей қалаларының теріскей жағынан шеп құрып, қорғанысқа көшті. Ал, 3-ші Украина майданының әскерлері Днестр өзенін кесіп өтіп, оның батыс жағалауындағы бірнеше бекіністерді басып алды...».

Әбдуәлі Әлмұқанұлының сұхбатынан өзінің көзбен көргендері мен ойға түйгендерін ұштастыра отырып, соғыс тарихын, әрбір ұрыстың мән-мазмұнын жете білгенін аңғаруға болады. Әсіресе, алдыңғы шепті корпустың штабымен жалғастырып отыратын байланысшылардың еңбегі, олардың жұмысының қауіп-қатері  басқыншы жаумен қоян-қолтық айқасып жүрген жауынгерлерден бір де кем емес болатын. Мәселен, Десна өзенін қиян-кескі ұрыспен қиып өту кезінде Әбдуәлі аға мен оның серігіне байланыс желісін қамтамасыз ету тапсырылады. Олар орман ағаштарынан сол жерде сал жасайды. Иығындағы кабель катушкалары үшін салдың шетіне  арбаның доңғалағынан айналып тұратын қондырғы орнатады. Байланыс желісінің өзен бетінде қалқып жатпауы үшін  кірпіш байлап, су астына жібереді. Содан борап тұрған от пен оқтың арасынан аман өтіп, алдыңғы шептегі жауынгерлермен байланыс орнатады. Соның арқасында жауынгерлер ішкі жақтан берілетін көмекке дер кезінде қол жеткізеді. Ал, осындай ерлікке толы күндер мен түндер Әбдуәлі Әлмұқанұлының өмірінде жетерлік еді...

Әбдуәлі аға 1945 жылдың қазан айында елге оралды. Келген бойдан туып өскен жері – Шәуілдір ауданындағы «Кеңес» орта мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі, кейін оқу ісінің меңгерушісі болып істеді. Еңбектен қол үзбей жүріп, Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітіріп алды.  Жалпы, бұдан кейінгі өмір жолы, арада тоғыз-он жылдай жергілікті партия-совет органдарында жауапты қызмет атқарғаны болмаса, негізінен халыққа білім беру саласына арналыпты. Оның ішінде осы салаға басшылық жасаумен өткен. Атап айтқанда, Шымкент ауданындағы «Қызыл Октябрь» және Сталин атындағы орта мектептерде директор болып қызмет атқарды. Бұдан соң ұлағатты ұстаз, білікті басшы, тәжірибелі маман ретінде Әбдуәлі ағаға Шымкент аудандық білім бөлімін басқару жүктелді. Кейін Арыс және Мақтаарал аудандары білім бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғанда да ол өзіне жүктелген міндетті зор абыроймен атқара білді.  1963 жылы Ленгір ауданының (қазіргі Төлеби) Бірінші Мамыр ауылына көшіп келіп, осындағы балалар үйінің директоры қызметін атқарды. Бір жылдан соң Бірінші Мамыр орта мектебінің директоры болып ауысып, он үш жыл басқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан соң да біраз жыл осы мектепте мұғалім болып, талай шәкіртін түлетіп ұшырды...

«Қырандар көкте самғайды» дейді халық. Рас сөз. Тағдырдың талай қиындығына төтеп беріп, өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған, әділдік пен адамгершілікті әрдайым жоғары ұстаған абзал әкенің рухы да сол бір қыран құстай қалықтап жүрген шығар. Әлмұхановтар әулеті үшін ол қашан да сол биіктен төмендемек емес.

 

Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі    

Түркістан облысы.