Экономика • 29 Сәуір, 2020

Жаһандық дефолт: Тау-кен металлургия кешені қолдау күтеді

391 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тау-кен металлургия кешені Қазақстан экономикасындағы басым салалардың бірі. Биыл бірінші тоқсандағы өсім былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5%-ға жоғары. Алайда əлемде қалыптасқан ахуал отандық өнеркəсіпке ауыр тиюі ғажап емес. Бұлай дейтініміз, мұнайдың арзандауы бағалы металдар нарығына да əсер етпей қоймады. Дəлірек айтқанда, маусымдағы алтынның фьючерсы 10,50 долларға немесе 0,61% — ға, яғни Трой унциясы 1 725,15 долларға дейін төмендеді. Өндірістік металдардың бағасы да көңіл көншітпейді. Сəуір-мамыр айларында сауда-саттық жоспарға сəйкес орындалса да жаз маусымынан бастап, нарық тоқырауға ұшырауы мүмкін. Сала мамандарының болжамы осыған саяды. Сол себепті ірі бизнеске мемлекеттің қолдауына иек артудан басқа амал жоқ.

Жаһандық дефолт: Тау-кен металлургия кешені қолдау күтеді

160 мыңнан аса адам еңбек етеді

Дүние жүзіне жайлаған пандемия əлемнің қаржы-экономикалық иммунитетін əлсіретіп, əбден есеңгіреткені рас. Бұл коллапстан құтқаратын ортақ вакцина табылмағандықтан əр мемлекет экономикасын өз бетінше емдеп жатыр. Қазақстанның өндірістік өнеркəсіп сегментінде тау-кен металлургия кешенінің алар орны бөлек. Айталық, ішкі жалпы өнімнің 6,4 пайызы осы салаға тиесілі. Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сүйенсек, былтыр өнім көлемі 5 трлн теңгеге жуықтаған. Оның ішінде кен орындарында шикізат өндірісі 3,7%-ға жəне металлургия өнеркəсібі 4,1%-ға артты. Қазір осы салада шамамен 160 мыңнан артық адам еңбек етеді. Десек те елімізде енгізілген төтенше жағдай режімі өндіріс орындарындағы жұмысты тұралатып, шаруаның шатқаяқтауына əкеліп соқты. Бұл аз болғандай, бағалы жəне өндрістік металдар нарығында шикізат бағасының құлдырауы мен сұраныстың азаюы металлургтерді тығырыққа тіреді. Осы ретте Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы жанынан құрылған жедел штаб дағдарысқа қарсы шаралар пакетін əзірлеп, оның Үкіметке жолданғанын хабарлады.

«Бұл шаралар мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді. Бірінші кезекте компаниялардың айналым қаражатын толықтыру көзделіп отыр. Атап айтсақ, бұл амалдар ҚҚС жедел қайтаруға, корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді кейінге шегеруге, рентабельділігі төмен кен орындарына белгіленген Пайдалы қазбаларды өндіру салығы мөлшерлемесін жедел тәртіпте төмендетуге, резиденттік сертификаттарды беруді кейінге қалдыруға, сондай-ақ бухгалтерлік және салықтық есеп  мақсатында құжаттардың көшірмесін пайдалануға рұқсат алуға бағытталған», - деді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары Максим Кононов.

Осы мәселелердің басым бөлігі Үкімет тарапынан қолдау тапқанын нақтылады ұйым өкілдері. Бұдан бұрын табиғи монополия субъектілерін сатып алуды оңтайландыруға қатысты мəселеде реттелген-ді. Əйтсе де сала мамандары алдағы уақытта тау-кен металлургияда ахуал қиындап, өнімдердің бағасы арзандайды деп алаңдаулы. Сондықтан Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы дағдарысқа қарсы екінші пакетті дайындауға кірісті. Соған сəйкес, металл өнімдерін мемлекетке сату көзделген. Осы арқылы кәсіпорындар айналымдағы қаражатты жоғалтпай, өндірісті жалғастыруға мүмкіндік алады дейді М.Кононов.

Бағалы металдар нарығындағы қатысушылардың санын кеңейту ұсынылды

ТМКҚ (Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы) атқарушы директорының бірінші орынбасары Төлеген Мұқановтың айтуынша, алтын өндіру өнеркәсібін қолдаудың  да бірқатар шаралары әзірленді. Мысалға, ТЖ кезеңінде қайта өңдеу фабрикалары мен зауыттардың құрылысына арналған жабдықтарды жəне материалдарды жеткізуде импорттық баждың мөлшерлемесін нөл коэффициентіне түзету ұсынылды. Бұл тау-кен өндіруші кәсіпорындардың жағдайын тұрақтандырып, әлемдік дағдарысты оңай еңсеруге септесетініне сенімді сала өкілдері. Сонымен қоса салық заңнамасына өзгеріс енгізу ұсынылды. Сол бойынша салық төлеушінің табысынан хедждеу операцияларындағы (тəуекелдерді сақтандыру) шығыстар мен шығындарды шегеру құқығы қарастырылған. Бүгінде бағалы металдар нарығында бағаның құбылмалығы тым жоғары. Сондықтан ықтимал тəукелден сақтану мен алтынның үздіксіз өндірісін қамтуда хедждеу тиімді құрал болып саналады.

Бұдан басқа Ресей тәжірибесіне сəйкес, бағалы металдар нарығындағы қатысушылардың санын кеңейту ұсынысы айтылды. Неге десеңіз, алтынды мемлекеттің атынан сатып алу құқығына ие Ұлттық банктың  шикізат өндіруші кәсіпорындардың жобалық əрі кредиттік тәуекелдерін бағалауға келгенде мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті нарықта қатысушылардың қатары артса, мұндай тəуекелдерді алдын алуға болады деп айтады сарапшылар.

Геологиялық барлауға юниорлық компанияларды тарту керек

Бұл сектордағы тағы бір күрмеулі мəселе - геологиялық барлау. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, геологияны сапалы, объективті және ашық мəліметсіз дамыту мүмкін емес. Сол секілді дамыған елдерде пайдалы қазба кен орындарының 20-50%-ы шағын юниорлық компаниялардың көмегімен анықталатынын көрсетіп отыр. Осы орайда ТМКҚ  атқарушы директорының орынбасары Ербол Закарьянов  геологиялық мəліметтердің толық электронды базасын құрып, «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңы бойынша мемлекеттік құпиялардан бөлек, барлық материалдар ашық болуы тиіс екенін айтады.

«Ең бастысы геологиялық барлау жұмыстары ірі көлемде және жеке сектордың күшімен жүзеге асырылуы қажет. Ол үшін біріншіден, геологиялық барлау жұмыстарын ҚҚС-нан босатып, екіншіден барлау қызметін жүргізуде ірі, орта және шағын компанияларды ынталандыру мақсатында КТС-нан және басқа да салық жүктемелерінен босатқан артық болмайды. Өйткені, қазір мемлекетке бағдарламаны іске асыру үшін қаражат табу қиынға соғады. Бұл ретте салықтық ынталандыру тапқан жеке бастамалардың  кең өріс алуына жол ашады», - деді орайда ТМКҚ  атқарушы директоры Николай Радостовец.

Экологтардың ашуына тиді

Ауыр өнеркəсіп иелері пандемияны алға тартып, жаңа Экологиялық кодексті енгізуді кейінге қалдыруды өтінді. Бірақ та бұл отандық экологиялық ұйымдардың ашуын тудырып, салалық министрлік коронавирус тиісті заңды енгізуге тосқауыл болмайтынын жеткізді. Онсыз да Қазақстанның өндірістік аймақтарындағы қоршаған ортаның конъюнктурасы мəз емес дейді жауапты орган өкілдері.

«Қазір барлығымызға да қиын жағдай екені түсінікті. Алайда бұл уақытша құбылыс. Төтенше жағдай және карантин бір айға созылар, ал ірі кәсіпорындар он жылдап түк бітірмейді. Озық қолжетімді технологияларға көшу - Теміртау, Балқаш, Өскемен жəне Қарағанды секілді экологиясы нашар қалалардағы ахуалды жақсартудың жалғыз мүмкіндігі. Басқа шешімдер мен тетіктерді көріп отырған жоқпыз. Тау-кен металлургиялық кешенін алып қарасақ, 2008-ші жылғы дағдарыстан кейін металдардың  бағасы 40%-ға жоғарылады. Пандемия Экологиялық кодексті кейінге қалдырып, оның мерзімдерін қайта қарауға «қақпақ» бола алмайды. Уәкілетті орган ретінде оны қажет деп есептейміз», - деді  Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов.

«Атамекен» алдымен ШОБ-қа қолдау көрсетуге шақырды

Қалыптасқан күрделі кезеңде ұлттық экономиканың еңсесін тіктеу оңайға түспейтіні анық. Содан болса керек, Үкімет əуелі жүйе құраушы секторға баса мəн берілетінін жеткізді. Соған байланысты Ұлттық экономика министрлігі бірыңғай тізімді əзірлеуге кіріскен еді. Міне осы мəселе отандық іскерлік ортаның наразылығын туғызды. «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасы алдымен шағын жəне орта бизнесті тығырықтан шығарып, содан кейін ірі бизнестің проблемасына кірісу  керек деп санайды.

«Президенттің тапсырмасымен қиын жағдайда қалған кəсіпкерлерге көмек көрсетілді. Олардың тізімі белгілі. Атап айтқанда, қызмет көрсету жəне шағын бизнес ұйымдары. Ал өңдеу саласындағы компанияларға, тамақ жəне жеңіл өнеркəсіп сегментіндегі кəсіпорындарға мұндай көмек əлі көрсетілген жоқ. Олардың мəселесін шешпей, ірі компаниялардың шаруасымен айналысу менің ойымша дұрыс емес. Ұлттық палатаға қарасты барлық ірі бизнес комитет басшыларының қатысуымен жиналыс өткіздік. Осы жиынға Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецте қатысты. Бұл қауымдастық  палатымыздың мүшелігіне кіреді. Біз оларға құрметпен қараймыз. Алайда 4 млн халқымыз 42 500 теңге көлемінде жəрдемақы алып, шағын жəне орта бизнес аяққа тұрмаған қезеңде, Радостовец мырзаға өз сауалын көтермей қоюға ұсыныс айттым. Бұл ұсынысты барлық əріптестерім қолдады», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Жоғарыда айтқанымыздай, тау-кен металлургия кешені отандық экономиканың күре тамыры. Аталған секторды тұрақтандыру мемлекет үшін стратегиялық тұрғыда маңызды. Дей тұрғанымен шағын жəне орта бизнесте 3,5 млн-ға тақау адам еңбек ететінін ескерсек, бұл саланың маңыздылығы да кем емес екенін аңғаруға болады. Қалай десек те, мемлекеттік қолдауды кімнің бірінші алатыны Президент пен Үкіметтің пəрменінде.