Руханият • 30 Сәуір, 2020

Ардагердің жеңісі мен жемісі

416 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Махал ата үшін немере-шөберелерінің қарашаңыраққа келгені ең мерекелі де қуанышты күн, құнды сыйлық. Ұл-қыздары отбасымен бірге әкенің хал-жағдайын сұрап жиі келуге тырысады, әрине. Ұлы Жеңіс күні Махал Полатбековтің 13 перзентінен тараған 56 немере, 105 шөбересі Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерін мерекесімен құттықтау үшін қарашаңыраққа асығады. Кейде барлығы түгел жиналады, енді бірде мүмкіндігі болмаған бір-екеуінің орны білініп тұрады. Қалай болғанда да Жеңіс күні Махал ата үшін ерекше қуаныш сыйлап, қуат беретін айтулы мереке.

Ардагердің жеңісі мен жемісі

Соғыс ардагері, Ордабасы ауданының тұрғыны Махал Полатбеков атамызды біз де алдағы мерекесімен құт­тықтап қайтқан едік. Қан майдандағы ерліктері үшін, бейбіт өмірдегі еңбегі баға­ланып берілген орден-медальдарын сыңғырлата, қимы­­лы ширақ қария кенже ұлымен бізді қарсы алды. Мереке жақындаған сайын келушілердің де жиілейтіні анық. Көпті көрген қарияның көргенді келіні бауырсағын пісіріп, дастарқан жайып қойыпты. Тоқсанның алтауына келген ата әлі де тың. Шай ішіп отырып, елдегі жағ­дайды көбірек сұрады, ұр­па­ғының да, елдің де аман­дығына алаңдайтынын аңғарт­ты. Жаңалықтарды қалт жібер­мейтін Махал ата бүгінде тек құлағының ауырлағанына ғана өкпе айтады. Ал күн­де­лікті келіп тұратын газет­тердің бірін жібермей және көзілдірік тақпай оқиды екен. Қолымыздағы кесені бақылап, шайымыздың таусылмауын қадағалап та отырды. Майданда көрген қиындықтары туралы айтқанды аса ұната бермейтін ардагер соғыс мүлдем болма­сын деп тілейді. Сұрапыл соғыс­ты еске алуды ауырсынатын Махал атаның қабағына қайғы, көңіліне мұң ұялататын тағы бір жайт, жарының дү­ниеден озғаны. Одан бері де 30 жылдан асыпты, дегенмен ұл-қыздарынан бөлек немере-шөберелерінің ыстық ықыласы мен сый-құрметі көңілге демеу. Ал үйдегі кенже баласы Мұх­тар мен немерелері атаны әң­гімеге көбірек тартып, әсіресе немерелері туған жер тари­хын көбірек білгісі келеді екен. Иә, ол заңды да. Барлық немере-шөберелерін жақсы көріп, еркелететін қария жанында жиі болатын Асанбай мен Сақыпжамалды жақын тұтады. Аз-кем әңгімеден, қа­рияның естеліктерінен түй­гені­мізді қысқаша баяндап өте­лік.

Махал Полатбеков 1924 жылы 1 мамырда дүниеге келген. Әке-шешесінен ерте айырылып, туыстарының қолында өскен ол 1932-1936 жыл­да­ры  ашаршылықтың салдарынан Ташкентке қоныс ауда­руға мәжбүр болған. «Соғыс басталғанда 17 жас­тамын. Ташкентте 1942 жы­лы әскерге шақырылған 20 жігіттің қатарында мен де бар­мын. Сол күні колхоздың төрағасы келіп: «Сендерді кейінге қалдыратын болдық. Воен­коматпен де келісіп қой­дым. Ер-азамат істейтін жұмыс көп, бір ай бойы бидай оруға көмектесесіңдер», деді. Бидай орудың орнына соғысқа барғанды жөн көрдім. Воен­коматқа өзім барып, май­данға жіберуін өтіндім.  Ақыры 18 орыс, бір еврей және жалғыз қазақ болып май­данға аттандық. Қорықпай барғанымның өзі ерлік болды.  Соғысқа елді, жерді аман сақ­тап қаламын деп бардым»,  дейді қария. Осылайша майданға аттанған жас жігіт Ульянов облысына кіші командирлер даярлайтын 6 айлық курс­қа жолданған. Курсты үздік бітіріп, сержант шенін иеленген. Смоленск, Минск, Витебск қалаларын азат етуге қатысқан. «Біраз уақыт батальон командирінің адьютанты да болдым. Өзіміздің елден, көршілес Өзбекстаннан, Түрікменстаннан, Қырғызстаннан жігіттер келді. Ол заманда ешқайсысы орыс тілін білмейді, түсінбейді. Мені командир адьютант ретін­де жігіттерге тіл үйретіп, соғысқа даярлығын пысықтау үшін жіберді. Иә, қаншама жыл­­дар өтсе де ол күндер, қан майдандағы жанкешті ерлік­тер, қыршын кеткен жауынгер­лер бейнесі көмескілене түске­німен естен шыға қойған жоқ. Қайсыбірін айтайын, елге аман оралғанымызға тәубе ет­тік. Сұрапыл жылдар есейт­ті, шынықтырды, өмірге көз­қарасымызды өзгертті. Елге кел­ген соң ауылшаруашылық жұмыс­тарын істеп, партияның хат­шысы секілді біраз қызмет­терді атқардық. Жеңіске 75 жыл толса, мен соның 70 жылын аянбай, ауыл шаруашылығына арнадым», дейді Махал ата.

Қазіргі Қызылжар ауы­лының негізін қалауға майданнан оралған Махал Полатбеков бастамашыл болып, үлкен үлес қосқан екен. Әр жерде 5-6 үйден шашырап орна­ласқан отбасылардың басы қосылып, іргелі ауыл құ­ры­лады, ор­талықтың қар­сылығына қа­рамастан, 30 жылдан аса осын­­дағы ұжымды бас­қарып, шаруашылықты көтерген. Ауыл тұрғындарын ұйым­дастырып, мектеп, клубтың ғимаратын өздері тұрғызып алыпты. Сұрапыл соғыстан елге оралған соң, Махал По­лат­беков Ташкент облысы, Ленин ауданында №109 мек­тепте әскери жетекші, дирек­тордың орынбасары болды. Одан кейін қазіргі Түркістан облысы Ордабасы ауданы, «Қызылжар» ұжымшарында басқарма төрағасының орынбасары әрі партия ұйымының хат­шысы, Ленин атындағы ұжымшарда басқарма төр­­аға­­сының орынбасары, кейін­нен төрағасы болды. Төрт­күл бөлімшесін, сондай-ақ Қ.Сыпатаев атындағы мақта кең­шары құрылғанда №2 бөлімшені басқарды. Сол кездері бөлімше 2,5 мың гектар мақта алқабын өсіріп «ақ алтын» өндірісінде облыс, республика бойынша ал­дыңғы орынға шыққан екен. Халқымыздың тау тұл­ғасы, қоғам және мемлекет қайрат­кері Дінмұхамед Қонаев осы өңірге келгенде Махал ата­ның шаңырағынан дәм татып, пікірлескен. Сол тарихи оқи­ғаның әрбір сәті жасы 96-ға келген ардагердің жадында жатталып қалған. Ел басқарған асыл азаматтың ерекше болмысын, кішіпейілдігі мен қарапайымдылығын айтып, жиі еске алып отырады.

Махал Полатбековтің ең­бегі мен ерлігі бағаланып, көп­теген марапат иесі атанған. Әр жылдары «Ленин», Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі, Парасат ордендерімен, «Ең­бек­тегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, екі күміс, қола медальдарымен, «Аста­наға 10 жыл» және Екінші дүние­жүзілік соғыстағы Же­ңіс­тің бірнеше мерекелік ме­даль­дары қарияның азамат­тығының, патриоттығы мен еңбекқорлығының, елге деген мінсіз қызметінің белгісі іспетті. Сондай-ақ ол 1994 жылғы тамызда аудандық мәслихаттың шешімімен «Ор­дабасы ауданының құрметті азаматы» атанған. «Әрбір на­граданың өзіндік орны, естелігі бар, бәрі мен үшін қымбат әрі бағалы. Өсіп-өнген ұрпағым бар, тәубе, тәуелсіз елім бар мен бақыттымын, қарағым. Бақытты тек еңбектен іздеу керек. Соны ұмытпаңдар!», деді қария бізбен қоштасарда. 

 

Түркістан облысы