Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

Қыстан қысылмай шықтық...

356 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің Солтүстігіндегі тұрғындарының үлкен жауларының бірі – қысқы бүрсең қақтыратын қатты суық. Желтоқсан, қаңтар, ақпан айларындағы суық мұнда 20-30 градустан кем болатын күндері аз. Кейде тіпті 40-45 градусқа дейін төмендеп кететін кездері де болып тұрады.

Қыстан қысылмай шықтық...

Сондықтан мұндағы тұрғындардың қысқы шығындарға кететін қаражаттары еліміздің басқа аймақтарына қарағанда анағұрлым көбірек. Ол үстінен тастамай кигендіктен жиі ауыстыруға тура келетін қымбат жылы киімдер ғана емес, жылуға төленетін коммуналдық төлемдердің де артып кетуі. Ауылдық жерлерде отын-көмір шығындарының өсуі. Басқа өңірлермен салыстырғанда ұзаққа созылатын қыстық мал азығын көптеп сатып алудың шығындары да ауыл тұрғындары үшін аз болмайды. Осыған байланысты үнемшіл Кеңес Одағының өзінде де төленген 15 пайыздық «солтүстік» деген қосымша төлемді мұндағы жұртқа беру керек дегенді біз де жаздық, депутаттардың да айтып қалатындары бар, бірақ өкімет оны құлаққа ілмейді. Халыққа қаншалықты жандары ашитыны осындайда көрініп қалады... 

Жыл сайын қыс біткенде жергілікті билік ешкімді үсітіп алмағанына, жылу қазандықтарын қатырып алмағандықтарына тәубе етіп, аман өткенді қорытындылаған бір жиын өткізеді. Сондай үлкен жиын жуырда облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың алдында болды. Онда қыстың қалыпты жағдайда өткендегі, ешқандай апатты немесе адам үсіген, мал қырылған трагедиялық жағдайлардың болмағандығы алдымен айтылды.

Қала әкімі Болат Жұмабеков жылу маусымында орталықтан жылытылған Қызылжар қаласындағы барлық 4,5 мың нысанның қысқы суықтан аман шыққандығын жеткізді. «Соның ішінде 170 нысан әлеуметтік саланың нысандары. Бәрінің де қысқа дайындығы алдын ала мұқият тексерілгендіктен ешқандай оқыс оқиғаға жол берілген жоқ. Бәрі де штатты режімде жұмыс істеді», деді ол.

Алайда тұрғындар тарапынан күздің қара суығында үйдің салқындығын айтып екі жүзден артық қайырылулар болған екен. Мұндай шағымдар пәтер  иелері  кооперативтері басшыларының жұмыс шалалығынан болыпты.  Олар дайындық паспорттарын уақытында жасамаған, сондықтан мұндай үйлерге жылу да кеш берілген. «Ондай үйлердің ПИК төрағаларын біз жақсы білеміз. Биыл олармен ерте бастан әңгіме өткізіп, жұмыс жүргізе алмайтын болса басқа адамдарды сайлау керектігін тұрғындарға түсіндіреміз», деді әкім.

Тұрғын үйлердің салқын болатындығының тағы бір себебі – тұрғындардың түрлі жолмен өз пәтерлерлерінің жоспарларын өзгертуге рұқсат алуы екен. Әркім бөлмелердің орналасуын өзінше өзгерткенде жылу берілудің қалыпты жұмыс істеу жүйесі бұзылатын көрінеді. Сондықтан үйлерге жылу теңгерімді түрде берілмей, бір бөлмелер ыстық, екіншілері суып кетеді. Үлкен жиында алдағы уақытта осы мәселелерге де бақылау жасалатындығы айтылды.  

Сонымен қатар былтыр «Береке» мен «Теміржол вокзалы» аудандарында ТМ-3 өткізгіштері орнатылғанын, соның арқасында тұрғындардың шағымдары да, апаттар да екі есе азайғандығы айтылды. Құмар Ақсақалов осындай озық технологияларды көптеп орнату қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ол жылу жүйесін, жалпы коммуналдық шаруашылықты қаржыландыру жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Облыста жылу маусымының шығындары биыл үш есе артып, 600 млн теңгеге жеткізілген. «Жекеменшік жылу-энергетикалық компаниялары да  бұрынғыдай ескіні жамап-жасқап, тек табыс табуды ғана ойламай, қазір жаңа технологиялар сатып алуға ықылас танытуда. Мәселен, «Севказэнерго» кәсіпорны соңғы үш жылда ғана өндіріске 24 млрд теңге бөлді. 48 шақырым жердің электр өткізгіш жүйелерін жаңалады. Биылға олар тағы да 9 млрд теңгенің шығынын жұмсауды жоспарлап отыр», деді облыс әкімі.

Құмар Ақсақалов жиында қала көшелерін жиі қазып, одан кейін орнын талап деңгейінде тегістемейтін компаниялар туралы қынжылыс білдірді. «Былтыр қала көшелерін қазуға 254 ордер алынған екен, соның тек 145 ғана орнын ойдағыдай тегістеген. Қалғандарында түрлі қоқыстар, құрылыс материалдарының қалдықтары шашылып қалған. Көше де тегістелмеген. Тұрғындардың өтуіне кедергілер жасалған. Бұл қалалықтар тарапынан наразылықтар тудырады», дей келіп қала әкіміне осы мәселеге мұқият болуды ықтияттап тапсырды. Қазуға рұқсат ордерін алған компаниялар көрсеткен уақытында жұмысын аяқтамаса  немесе жұмысын бітірген соң көшені қалпына келтірмесе айыппұлды аямай салу керектігін де қатты ескертті.

Биыл қазіргі және бұрын аудан орталықтары болған селолардағы орталықтандырылған жүйемен жылытылған үйлердің біразы қайтадан жылуға қосылатындығы белгілі болды. Ол үшін жаңадан жылу қазандықтары орнатылады. Қазір ондайдың жетілген түрлері көбейтілген, ешқандай проблемасыз сатып алуға болады. Сөйтіп, биыл бұрынғы және қазіргі аудан орталықтары – Мамлютка, Арықбалық, Явленка және тағы басқаларында  53 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып, 3 мыңдай адам қуанышқа кенеледі.

Сондай-ақ электрмен жылытылып келген мектептер де осындай қазандықтарға қосылмақшы. Бұл әрі ақшаға үнемді, әрі жылуы да артады. Биоқазандықтар орнатылу да жоспарда бар екен. Барлығы 9 ауданда 19 қазандық орнату көзделген.

«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей шілде айынан бастап барлық қазандықтарға көмір жеткізіле бастайды. Сөйтіп Терістік алдымыздағы қысқа осы бастан қамдана бастады. Амал қанша, «басқан ізі сықырлаған» қыстың мұндағы әлегі орасан.

Солтүстік Қазақстан облысы