Таным • 01 Мамыр, 2020

Ниет болса, тіл үйрену қиын емес

311 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның қай азаматын болсын, шетелде қазақ деп қабылдайтыны рас. Жақында осылай сөзін сабақтаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жерде тұрып жатқан халық, этностық топтар шындап келгенде бір ұлт болып саналатынын айтты. Ал біртұтас ұлт болу үшін тіл бірлігін нығайтудың маңызы зор. Бұл ретте мемлекеттік тілдің ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде орнығуына үлес қосып жүрген түрлі этнос өкілдері бар. Олардың бірқатарын сөзге тартып, сауалдама жүргізгенде бәрі бірауыздан ниет болса, мемлекеттік тілді меңгерудің қиындығы жоқ екенін алға тартты.

Ниет болса, тіл үйрену қиын емес

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Русалина Прякина:

– Мен Тараз қаласындағы №22 орта мектептен түлеп ұштым. Оқушы кезімде қазақ тілінің мұ­ғалімі Шакизат Мейір­бек­қызы қазақ тіліне деген қызы­ғу­шылығымды оятты. Содан мем­лекеттік тілді меңгеруге тал­пынып, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын екі тілде қатар оқыдым. Қазақ тілін біл­ге­німнің арқасында бірқатар бай­қауда жүлделі орын алып, тіпті республикалық байқауда да топ жардым. Кейін бұл жетістіктерім екі бірдей университеттің грантын ұтып алуыма септігін тигізді. Қазір М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Мәдениеттану» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Қазақстанда тұратын барлық азамат мемлекеттік тілді білу арқылы елге үлкен құрметпен қарауы қажет. Бұл – ізгілікті қоғамның бір сипаты.

Юрий Михуля:

– Қарағанды қаласында тұра­мын. Жастайымнан қазақ бала­лармен дос болып өстім. Бұл менің қазақ тілінде емін-еркін сөй­леп кетуіме үлкен көмек болды. Осы елде күн кешкен әрбір азамат Отанға деген махаббатын, сүйіспеншілігін мемлекеттік тілді құрметтеу арқылы танытуы керек. Сондықтан қазақстандықтардың бәрі қазақ тілін білуге міндетті. Барлық іс-шара, жиналыс мемлекеттік тілде жүргізілетін болса, оның мәртебесі одан са­йын асқақтап, қазақ тіліне де­­ген қажеттілік арта түсер еді деп ой­­лаймын. «Дамудың жолы – бірлікте, табыстың жолы – тір­лік­те» дегендей, еңбегіміздің жануы ортақ үйімізді бейбітшілік бесігіндей бағалауымызға байланысты. Басты құндылығымыз – ынтымағымыз.

Самира Абдуллаева:

– 1998 жылы отбасымызбен Әзербайжаннан Қазақстанға көшіп келдік. Алғаш рет Ақтау қаласына кемемен келген едік. Бұл кемелі көш сіңлім екеумізді ерекше шаттыққа бөлеп, ұмы­тыл­мастай болып есімізде қалды. Сөйтіп теңіздің арғы жағына өтіп, киелі Маңғыстау жеріне қоныстандық. Жаратқан ие осы жерден дәм бұйыртыпты. Қазақтар бізге қонақжайлық көрсетіп, жылы шырай танытып  қарсы алды. Қазақ халқымен тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз ұқсас екенін, тамырымыз бір екенін мемлекеттік тілді үйрену бары­сын­да ғана түсіндім, сезіне түстім. Осы жерде тұрып жат­қан­дықтан қазақ тілін үйре­немін деп мақсат қойдым. Әр сөзді сіңірген сайын қазақ тілінің өте бай тіл екенін ұғына бастадым. Расында, мемлекеттік тіл – қазақстандықтардың бірлігін бекітетін үлкен құрал. Халықтың тату-тәтті тірлігіміз баянды болуы үшін мемлекеттік тілдің рөлін күшейту керек.

Руслана Хван:

– Мен қазір Орал қаласындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша қазақ тілінде оқып жатырмын. Қазақстанда тұрып жатқандықтан мемлекеттік тілді білу міндетім деп санадым. Осы елде тіршілік етіп, білім алып жатқаныма өте қуаныштымын. Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін жастар қашанда ауызбірлікте жұмыс істеуге ынталы болуы керек. Ел жастары бір-бірімізді жете түсінісіп, етене араласауымыз үшін бір тілде, мемлекеттік тілде қарым-қатынас орнатуымыз маңызды. Сонда ғана бірлігіміз нығайып, Отан алдындағы жауапкершілігіміз артады. Тіл бірлігі татулық, достық сияқты ортақ байлығымыздың баян­ды болуына қызмет етеді.

Виктория Трегубова:

– Мен 1998 жылы Ресейдің Ульяновск облысында дүниеге келдім. 2000 жылы отбасымызбан Қазақстанға қоныс аударғанбыз. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылында өстім. Анам – осы ауылдың тумасы. Ол мектеп бітірген соң білім қуып Ресейге барған. Сонда оқып жүріп әкеммен танысып, шаңырақ көтерді. Арада алты жылдай өткенде анам әкеме туған жерін көрсеткісі келіп, бізді Қазақстанға алып келді. Әкеме осы жердің табиғаты, халқының кең пейілі ұнағаны соншалық, біз Ресейге қайта оралмадық. Мен Ресейде тусам да, Қазақстанды Отаным деп білемін. Себебі осы жерде өстім, білім алдым, еңбек етіп жатырмын. Бәріміз еліміздің мемлекеттік тілін біліп, өркендеуіне қызмет етуіміз керек деп санаймын. Бұл біздің бірлігімізді күшейте түседі.

 

Жазып алған

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»