Руханият • 01 Мамыр, 2020

«Жақсылардың көңілі – алтын сандық...»

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәті түсіп Павлодар облысындағы Шалдай ауылына барған сапарымда Нұрұмовтардың шаңырағына атбасын бұрдым. Көп балалы отбасы иелері Қай­рат пен Гүлнәр жүздері ақжарқын, халықтың алғысына бөленген жандар екен. Ерлі-зайыптылар ел тәуел­сіздігінің алғашқы жылдарында балалар үйінен үш сәби асырап алып, өз шаңырағындағы бес қыздың ортасына қосып, тәрбиелепті.

«Жақсылардың көңілі – алтын сандық...»

– Біздің Шалдай ауылындағы балалар үйі жабылады, ал сәбилерді басқа жерге алып кетеді екен деген сыбысты естіп, жұбайым Гүлнәр екеуіміз ақылдасып, жетім балаларды асырап алмақшы болдық. Балалар үйі басшыларының айтуына қарағанда, апалы-сіңлілі Нина, Оля, Маша Кондратьеваларды жас айырмашылықтарына байланысты үш мекемеге бөліп жібермек болған. Біз бір әке-шешеден өсіп-өнген осы қыздарды отбасымызға аламыз деп шештік, – дейді бұл жөнінде Қайрат ағаның өзі.

– Шынына келсек, басында қиын болды, – дейді Гүлнәр апай ағынан жарылып. – Алғашында балалар бір-бірін түсінбей, сөзге келіп қала беретін. Уақыт өте келе олар бауырмал бола бастады. Осылайша Әлия, Мәдина, Лилия, Нәйлә, Әсия, Нина, Оля, Мариялар бір үйдің баласындай болып бойжетті. Бүгінде тек Нәйлә мен Әсия ғана мектеп оқушылары. Нина оқу орнын тәмамдап Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы қорғаныс жөніндегі басқармасында жұмыс істейді. Оля мен Мария – колледждің студенттері. Құдай қаласа, әрі қарай оқимыз десе, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, тұрмыс құрамыз десе, тойын жасаймыз.

Қайрат пен Гүлнәр үлкен қыздары Әлия және Мәдинадан Имран, Ария атты жиен сүйіп отыр. Қазақта «Жақсылардың көңілі – алтын сандық» деген жақсы сөз бар. Осы сөз жүректері сырлы, иманы төгілген Қайрат пен Гүлнәр Нұрұмовтарға арналып айтылғандай. Енді олардың бұл игі тірлігі басқаларға үлгі-өнеге болса екен.

 

Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,

әскери журналист

 

Павлодар облысы