Ардагерлер арнаулы заңмен қорғалады
Жалпы отырыстың басында Орталық сайлау комиссиясының мүшесін тағайындау мәселесі қаралып, бұл лауазымға Жоғарғы палата басшысының ұсынысы бойынша Серік Сыдықов бекітілді.
Алқалы жиынның күн тәртібі бойынша ардагерлер мәселелеріне қатысты үш заң жан-жақты талқыланып, қабылданды. Алдымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Парламент Мәжілісінде мақұлданған «Ардагерлер туралы» заң жобасын сенаторлардың назарына ұсынып, құжат ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру мақсатында әзірленгенін атап өтті.
Бұл заңмен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы екі оқылымда қаралды. Аталған құжаттың мақсаты – ардагерлер мен Отан алдындағы әскери және азаматтық борышын өтеген адамдардың құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау саласындағы мәселелерді реттеу. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттен жеңілдіктер мен кепілдіктер алатын ардагерлеріміздің саны 169 мың болса, қосымша көзделіп отырған мемлекеттік қолдау шараларымен 180 мыңнан астам ардагер қамтылады.
Сондай-ақ депутаттардың бастамасымен құқықтық нормаларды «Ардагерлер туралы» заңға сәйкес келтіру мақсатында әзірленген Салық кодексіне және Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Құжатта ҰОС қатысушылары мен оларға теңестірілген тұлғаларды көлік, мүлік салықтары, соттарда мемлекеттік баж төлеу, азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде және тағы басқа салықтардан, мемлекеттік баждардан босату ұсынылады.
Әлеуметтік мәселелерді реттеуге бағытталған
Бұдан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жан-жақты талқылады. Бұл құжат Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес әлеуметтік әріптестермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленді және еңбек қатынастарын, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды реттеуге бағытталған.
Әлеуметтік бағыттағы мақұлданған тағы бір құжат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Мұны да сенаторлар екі оқылымда қарады.Аталған заң жобасын таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов заң жобасын қабылдаудың міндеті көші-қон заңнамасын жетілдіру екенін атап өтті. Ал көші-қонды реттеуді көздейтін құжатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «оралман» сөзін «қандас» сөзіне ауыстыру туралы түзетулер енгізілді.
Сенаторлар Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасын, сондай-ақ заңнамаға бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері жөніндегі түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжаттардың негізгі мақсаты – азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізудің конституциялық құқығын жүзеге асыру.
Ақпарат жəне қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қолданыстағы бейбіт жиналыстар мен митингтер өткізу тәртібі туралы заңның қабылданғанына 25 жыл өткенін, жаңа заң қабылдау уақыт талабы екенін айтты. Сондай-ақ ол министрлік заң жобасын әзірлеу барысында қоғамдық пікірді, әлеуметтік желілерді зерделегенін, әлеуметтік зерттеулер жүргізгенін, қарама-қайшы пікірлердің көптігінен барлық мүдделі тарапты қанағаттандыратын оңтайлы шешім табу оңай болмағанын атап өтті. Заң жобасын әзірлеу барысында АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Аустралия, Сингапур, Жапония, Швеция және Ресей сияқты елдердің аталған саладағы заңнамалары мұқият зерделенген екен.
Аталған құжатта заңнамаға бейбіт жиналыстардың базалық қағидаттарын енгізу көзделеді. Олар – зорлық-зомбылықсыз сипат; заңдылық; мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету; қатысу еріктілігі.
Күн тәртібінің соңына қарай депутаттар Әріптестік туралы негіздемелік келісімді (2014 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия даму банкі арасындағы Қазақстан Республикасын экономикалық әртараптандыру және оның орнықты дамуына, жалпы өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге түзетулер мен толықтырулар) ратификациялады.
Бақылау тапсырылды
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева жалпы отырысты қорытындылай келе, көпшілікті алаңдатып отырған бірқатар мәселеге тоқталды.
– Бүгінгі жағдайда халық және экономиканың барлық саласы мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Әлемдік экономикадағы келеңсіз ахуал мен ресурстардың шектеулі болуын ескеретін болсақ, әртүрлі сценарийлер мен болжамдарды қарастырып, нақты мүмкіндіктер мен резервтерге баға беруіміз қажет. Үкіметтің іс-қимыл жоспарының негізгі ережелерін Парламенттің, өңірлердің, экономика салалары мен қоғам өкілдерінің қатысуымен талқылау қажет деп есептеймін. Бұл талқылаусыз қабылданған құжат болмауы керек. Бұл мәселелер бүкіл қоғамды толғандырады. Әрине бұл жерде басымдық берілетін мәселелер бар. Бірінші кезекте – азық-түлік және санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік, сондай-ақ импортты алмастыру мәселелері. Мұнайдан түсетін табыстардың төмендеуі экспорт мүмкіндіктерін айтарлықтай қысқартады, яғни көп нәрсені біз өзіміз жасап үйренуіміз керек, – деді Дариға Назарбаева.
Сенат Төрағасы Агроөнеркәсіп кешенін дамыту стратегиясына ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтып, әлемнің көптеген елі аштықтың ықтималдығынан қауіптеніп жатқанда, бізде жиналған өнімдерді не істерімізді білмей отырғанымызды атап өтті. Бұл ретте Түркістан облысындағы қырыққабат өніміне байланысты жағдайды мысалға келтірді.
Дариға Назарбаева қысылтаяң кезеңнің басқа да мәселелеріне тоқталып, сөзінің соңында Парламент барлық деңгейдегі билік органдарының төтенше жағдайдағы әрекеттеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, жүйелі қорытынды шығару керек екенін атап өтті.