Аймақтар • 01 Мамыр, 2020

Оралдық магистранттар жас қаламгермен жүздесті

591 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті қазақ филологиясы бөлімінің магистранттары жас қаламгер, «Рух» халықаралық әдеби байқауының жүлдегері Ырысбек Дәбеймен онлайн кездесу өткізді.

Оралдық магистранттар жас қаламгермен жүздесті

2018 жылы «Рух» халықаралық әдеби байқауында романдар арасынан «Жылқы атылған жаз» шығармасы 1-орынға ие болған Ырысбек Дәбей мен оралдық оқырмандар арасындағы желідегі жүздесу өте қызу өтті. Жастар жазушының шығармаларын оқып, кездесуге тыңғылықты дайындалып келіпті. Авторға шығармалары бойынша көкейдегі сұрақтарын да жолдап, еркін пікір алмасты. Магистранттар шығарма мазмұнын талдаумен шектелмей, қазақ әдебиеттануындағы жаңа бағыттар төңірегінде сол шығармалардан мысал келтіре, пікір бөлісіп отырды.

«Қазіргі жастар прозасындағы заманауи көркем прозадағы нарратив: жас қаламгер Ырысбек Дәбей шығармаларындағы жаңашылдық» деген тақырыппен өткен кездесуде Махамбет университетінің қауымдастырылған профессоры Рита Сұлтанғалиева қаламгердің деректі проза жанрындағы ізденістері, жазушылық шеберлігі, көркем прозадағы дискурс тақырыбы, жазушы туындыларындағы эпикалық ракурс, постмодернистік сипатта суреттелген уақыт пен мекеншық, хронотоп мәселелері аясында теориялық талдау жасады.

Онлайн-жүздесуге қатысқан кейбір магистрант та жазушы шығармашылығы туралы ойларын ортаға салды.

- Жастар қазір мотивациялық, психологиялық еңбектерге үйір. Бірақ көркем шығармадан да талай пайдалы нәрсе алуға болады. Мәселен, «Қоңыз» романы жазушының өзге шығармаларына қарағанда астарлы, терең толғаныстан өтіп жазылған дүние. Шындық. Қатыгездік. Алаяқтық. Астамшылық. Қоғамдағы ащы тірлік. Адамдардың тағдыры. Бұл ұғымдар өте ауқымды мәселе. Романды «Қоңыз» деп атаудың өзі тақырып пен идеяны аша түседі. Әрине бұл әр қырынан әлі талай жазылар. Бірақ алғашқының орны бөлек қой, - дейді 2-курс магистранты Айгүл Таңатарова.

Ал 1-курстағы магитрант Маржан Шапаеваға «Әкелеріміз айтатын әңгіме» ұнапты. «Бала бойындағы жақсы-жаман қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді ғой. Ырысбек Дәбейдің «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты шығармасы кішілік пен кісілік келбет туралы ой тастайды. Маған өте ұнады» дейді. Одан бөлек, Сандуғаш Сағидуллиева, Ләйлі Мақсотова, Ботагөз Ербөлекова, Назерке Есентемір, Аяжан Жәрдемова, Нәзік Махамбетова сынды магистранттар да қаламгердің «Жылқы атылған жаз», «Құлағыңызға сыбырлайыншы...», «Сорға біткен бақ», «Маған өкпелеңізші», «Үңгірдегі үрей», «Құрал қонған қыс», «Тау басындағы қардың дəмі», «Сүйегім жасиды» шығармалары туралы ой-пікірін ортаға салып, қазақ әдебиетін мағыналы-мәнді туындыларымен байытқан жас жазушыға шалқар шабыт табыс тіледі. Оқырман мен автор арасында өткен бұл кездесу екі тарапқа да өте пайдалы болды.

 

Батыс Қазақстан