Спорт • 03 Мамыр, 2020

Джоковичтің бастамасын қолдамады

116 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан біраз уақыт бұрын әлемнің бірінші ракеткасы, сербиялық Новак Джокович АТР рейтингінде төменгі орындарда тұрған теннисшілерді қолдау мақсатында қайрымыдылық қорын құру жайында бастама көтерген еді.

Джоковичтің бастамасын қолдамады

Нақтылап айтсақ, қазіргі кезде коронавируске байланысты спорттық жарыстардың барлығы да тоқтатылғаны белгілі. Соның салдарынан көптеген спортшылар қазіргі кезде материалдық тұрғыдан қиын кезеңдерді басынан кешіруде. Теннисшілерді қолдау мақсатында Сербияның сайыпқыраны Новак Джокович жаңа бастама көтеріп, әлемдік рейтингте үздік бестікте тұрған теннисшілер 30 000 доллардан, озық ондықтың қатарына енгендер 20 000 доллардан, 11-20 сатыларға жайғасқандар 15 000 доллардан қайырымдылық қорына аударуға тиіс еді. Оның бұл идеясын атақ-даңқтары алысқа жайылған испаниялық Рафаэль Надаль мен швейцариялық Роджер Федерер толықтай қолдады.

Десек те бұл бастамаға қарсылық білдіріп жатқан саңлақтар да бар. Солардың бірі – Ллейтон Хьюитт. Аустралияның атақты теннисшісі ондай қадамға барудың еш қажеті жоқ деп есептейді. Жасыл құрлық өкілінің айтуынша, «ТОП-100» ойыншының қатарына еніп отырғандардың өздерінің де қазіргі кезде жағдайлары мәз емес. Ол үздіктер тізімінде алғашқы бестікте тұрған мықтылар жоғарыда көрсетілген соммадан көбірек қаржы берсе де, қалталары жұқарып қалмайды деп есептейді.

39 жастағы Ллейтон Хьюитт осыдан төрт жыл бұрын үлкен спорттан қол үзген. Кезінде ол АҚШ-тың ашық біріншілігі мен Уимблдонда топ жарып, АТР турнирлерінде 30 мәрте дара шыққан. 2001 жылы Аустралияның теннисшісі әлемнің бірінші ракеткасы атанды.