Қоғам • 04 Мамыр, 2020

Сардоба апаты

1931 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өткен жұмада, яғни 1 мамырда қалың нөсер жаңбыр жауып, қатты жел соғуы салдарынан Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды. Елді мекендерге, коммуникациялық желілерге, егістіктерге зақым келіп, су қоймасына жақын маңдағы махаллалардың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген.

Сардоба апаты

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қазақстанға шекаралас Сыр­дария облысында орналасқан су қоймасы бөгетінің бұ­зылуы Түркістан облысы Мақ­таарал ауданына да елеулі зала­лын тигізді. Алғашқы күні ауда­ның 4 елді мекенін су басып тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілген болатын. Ал сенбі күні сарқынды судан аудан орталығы – Мырзакентке де  қауіп төнгендіктен, 12 мың­нан астам тұрғын түнделетіп Атакент кентіне көшірілді.

Тұрғындардың көшуін қамта­масыз ету мақсатында 68 автобус бөлініп, бір мезетте шамамен 7-8 мың адам Атакент, Асықата кенттеріне тасымалданды. Сарқынды су Мырзакент кентінің іргесіне жақындап қалғандықтан, арнайы штаб келісімімен халықты көшіру туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ кеше, яғни 3 мамыр күні таңғы 5.00-ден бастап 250 үйі суға батқан Фердоуси ауы­лы бағытынан Жаңажол ауыл­дық округінің «Өргебас» елді ме­кеніне қарай су келе бастаған­дықтан, тұрғындардың барлығы (1451 тұрғын) көшірілді. Төтен­ше жағдайға байланысты аудан­ның Атакент, Мақтаарал, Жам­был елді мекендерінде 18 эва­куа­циялық орын әзірленді. Қауіпті аймақтағы азаматтар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру шаралары ұйымдастырылды.

Бұл жұмыстарға Келес, Жетісай, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімшіліктері атсалысуда. Десек те, аудан­да су басып қалу қаупі бар ауылдар әлі де аз емес.

 

Жағдай Президенттің бақылауында

Мемлекет басшысы алғашқы сәтте-ақ Мақтаарал ауданындағы зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесіп, Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарын жою бойынша бауырлас әрі тату көрші өзбек халқына көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, аталған апат Қазақстан­ның оңтүстігіндегі бірқатар елді мекенге де зиян тигізгеніне өкініш білдірді. Осыған орай Өзбекстан Президенті су тасқынынан зардап шеккен аудандарды тезірек қайта қалпына келтіру мақсатында бірлескен шаралар қабылдауға ниетті екенін айтты. Екі мемлекет басшысы арасындағы бірлікке негізделген диалог зардап шеккен аудан тұрғындарына жоғары деңгейдегі қолдауды сездіргені анық. Қауіптің алдын алу, ең бастысы адам өмірін сақтау мақсатындағы облыстық, жергілікті әкімдік пен жауапты қызметтегілердің жедел қимылы өз нәтижесін берді де.

Тосын оқиғаны ретімен баяндасақ, 2 мамыр, сағат таңғы 4:30 кезінде Мақтаарал ауданының шекарасында өткізу қуаты секундына 120 текше метр болатын «ЦГК» каналына 300 миллион текше метр су келіп құйылғандықтан ауданда жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай қалыптасты.  Облыстық маңызы бар Мырзакент-Жеңіс-Жаңа тұрмыс авомобиль жолын су алып кетуі салдарынан көліктер жүре алмай қалды. Сондай-ақ Мырзакент, Фердоуси, Атакент кентіне қарасты Жантақсай елді мекендері тұрғындарын эвакуациялау қажеттілігі туындады. Айта кетелік, Мырзакент пен Атакент елді мекендерінің ара-қашықтығы – 35 шақырым. Мырзакент елді мекенінде 14 532, Фердоуси елді мекенінде 2377 тұрғын, ал Жантақсай елді мекенінде 700 тұрғын бар. Апатты-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы Төтенше жағдай департаменті жеке құрамынан 138 адам, 8 техника, Шымкент қаласы «ОСО» ММ 5 адам, 2 дана қайық, 1 техника, Шымкент қаласы ТЖД-ден 2 дана вахталық автобус, жеке құрамнан 12 маман, 4 дана МП-100 мотопомпасы, 2 үрленбелі қайық, 10 Л-1 жиынтығы (сүңгуірлер киімі) жұмылдырылған. Сондай-ақ Ұлттық гвардияның 6506 бөлімшесінен 300 адам мен тиісті техникалар, аудандық полиция бөлімінің 7 техникасы мен 70 қызметкері, жергілікті атқарушы органнан 40 қызметкер, 5 техника тартылды.

Мақтаарал ауданындағы жағдайды бағалау үшін өңірге шұғыл жеткен Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков және Ұлттық ұлан қолбасшысының орынбасары Арлен Бүркітбаев су басу қаупі бар аумақты әуеден бақылады. Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті төрағасы Владимир Беккер басқарған жедел штабтың хабарлауынша, құтқару жұмыстарына Түркістан облысы, Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменттерінің, Ұлттық ұланның, Қорғаныс министрлігінің, аудандық полиция бөлімінің, жергілікті атқарушы органдардың 635 қызметкері мен 60 дана техникасы жұмылдырылған. Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар азық-түлік, ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ эвакуацияланған халықты індеттен сақтау бойынша барлық шара қолға алынды. Тұрғындарға антисептик, бетперде, қолғап тегін таратылып, әр азаматтың дене қызуы тепловизормен тексерілген.

 «Арыс алгоритміне» сәйкес жұмыс істейді

Өзбекстан Республикасы ТЖМ мәліметіне сәйкес, 1 мамыр 20:15 шамасында «Сардоба» су қоймасы Қазақстан Республикасы аумағына су ағызуды тоқтатқан. Су қоймасының құрылысы 2010 жылы басталып, 2017 жылы аяқталған, сыйымдылығы 922 млн текше метр. Арнадан асқан су Ақалтын ауданындағы Абай каналымен Жизақ облысындағы Арнасай көліне ағызылғаны да көрші ел тарапынан хабарланды. Дегенмен, түнімен аққан сарқырама су  «ЦГК» каналына жиналған. Аталған каналдың су жіберу қуаттылығы секундына 120 текше метр.  Бірақ каналға түнімен секундына 180 текше метр су ағып келген.  Осыны ескерген облыстық төтенше жағдай жөніндегі тиісті қызметтер Мақтаарал ауданындағы 4 елді мекеннен 5400 адамды жедел эвакуациялауға мәжбүр болды. Бірқатар тұрғындар өз көліктерімен туған-туыстарына баруды қаласа, қалғандары Атакент кентіндегі мектептерге жайғастырылды. Мақтаарал ауданы әкімдігі шұғыл штаб құрып, іске кірісті. Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңа тұрмыс елді мекені, Жаңа жол ауылдық округіне қарасты Жеңіс, Нұрлы жол елді мекендеріне су басу қаупі туындап, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін аудан орталығы Мырзакент кентінде орналасқан 4 мектепте барлығы 2200 орын дайындалды. Ауданға шұғыл жеткен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жағдайға қаныққан соң  мәлімдеме жасап, эвакуацияланған тұрғындар былтырғы Арыстың тәжірибесіне сәйкес тиісті медициналық қызмет, азық-түлік секілді барлық заттармен қамтамасыз етілетінін айтты. «Елді мекендердегі барлық тұрғын үйді полиция қорғайтын болады. Әзірге тұрғындардың малдары қауіпті аймақтан түгел шығарылды. Енді тұрғындардың үйлері, мүліктерінің бәрі күзетіледі. Нұрлы жол, Фердоуси, Жантақсай, Т.Жайлыбаев елді мекен­дерін­де төтенше жағдайды тұрақтандыру үшін жақын арадағы аудандардың күш­тері жұмылдырылды. Айталық Нұрлы жол елді мекеніне Шардара ауданының әкімдігі, Фердоуси, Жантақсай ауылдарына Келес ауданы, Т.Жайлыбаев ауылына Сарыағаш ауданы жауапты болып бекітілді. Сондықтан тұрғындарға дүрлігіп, дүрбелең  жасап, жолға шығудың қажеті жоқ. Барлығы ұйымдасқан түрде реттеліп, өз қалпына келеді. Бұл жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай. Сондықтан бұл жерде Арыстағы тәжірибеге сай алгоритмде жұмыс істейтін боламыз. Бұл төтенше жағдайды игеруге облыстың толық мүмкіншілігі бар», деді Өмірзақ Шөкеев.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, адам шығынын болдырмау барлық қызметтер үшін бірінші орында тұр. Дегенмен, оқыс оқиға да орын алды. Өзбекстандық азамат су тасқыны кезінде каналдағы сумен Мақтаарал ауданына ағып келген. Облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов кезекті брифинг барысында өзбекстандық азаматтың түнде канал жағасынан табылғанын айтты. Белгілі болғандай, ол өзінің атымен бірге суға ағып кеткен. Сол судың ағысымен Мақтаарал ауданының Жеңісті ауылына жеткенде, тұрғындар оны байқап қалған. Сөйтіп оны жабылып жүріп судан шығарып алған. Мақтаарал аудандық ауруханасына жатқызылған 50 жастағы ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген, жағдайы жақсарған соң  еліне қайтқан.

 Көрші ел дер кезінде ескертпеді

Бүгінде Мақтаарал ауданында су басқан елді мекендерде ауыл шаруашылығына келген шығын да есептелуде. Аудан әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, 5 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы алқабы су астында қалған. Оның 3 мың гектарына  егістік дақылдары егілген. Сондай-ақ ол қызыл судың көп алқапқа жайылуына Өзбекстан тарапының апат жайлы дер кезінде ескертпеуі де себеп болғанын мәлім етті. «Өзбекстанның билік өкілдері ресми түрде хабарласып, қалыптасқан жағдай туралы бізге айтпады. Дамбының бұзылғандығы жөнінде әлеуметтік желіден білдік. Бастапқыда каналға секундына 120 текше метр су келсе, кешке қарай судың деңгейі 180 текше метрге дейін көтеріліп кетті. Сосын жағдайды бақылауға алып, жан-жаққа хабарластық. Өздігімізше әрекет жасай бастадық», дейді Б.Асанов.

1

Келтірілген шығынды зерделеу, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде су тасқыны кезінде Жаңа жол мен Еңбекші  ауылдық округтеріндегі 3 елді мекенде 1682 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары зардап шеккені анықталып отыр. Алдын ала болжамдық есеп бойынша 181,1 млн теңгенің шығыны есептелінген. Сондай-ақ жоғарыда аталған 4 елді мекенде 5335 мал басы тіркеліп, оның ішінде 799-ы зардап шеккен, келген шығын – 249 млн теңге. Ветеринарлық 61 дәрігер Жантақсай, Фердоуси елді мекендеріндегі 3686 малды эвакуациялау жұмыстарын толық аяқтағанымен, су басып қалған аймақтарда қанша малдың суға кеткенін нақты анықтау әзірге мүмкін болмай отыр.

Су басқан аймаққа кіру мүмкін емес екендігін мәлімдеген мамандар бұзылған қоймадан келіп жатқан қашыртпа судың көлемі азаймай отырғанын да жеткізді. Сол себепті төтенше жағдай саласының қызметкерлері су басқан ауылдардағы су деңгейінің көтерілген, көтерілмегеніне көз жеткізу үшін тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізуде.

 

Түркістан облысы